UFC сапында бір де бір рет жеңіліп көрмеген қазақстандық жауынгер Шавкат Рахмонов бұл күндері Қазақстанға оралып, жанкүйерлерімен бірқатар кездесу өткізді. Осы жолы Ақтауға барған спортшы өскелең ұрпаққа үндеу жасады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Фотоға түсірген: Майк Роуч
Өз сөзінде Шавкат Рахмонов өзінің тәжірибесімен бөлісіп, шайқас барысында жеңіске кепілдік беретін «құпиялары» жайлы айтты.
- Мен бала кезімнен спортпен шұғылданамын, міндетті түрде тәртіпке бағынып, өзімді күнделікті тәрбиелеуім керек. Оған қоса адамгершілік қасиеттер жайлы ұмытпау керек, қарапайым және адал болу маңызды. Үлкендердің сөздерін тыңдап, оларға ерекше құрмет көрсету керек. Көшедегі жекпе-жекке уақыт жұмсаудың қажеті жоқ, халықаралық ареналарда елдің туын көтеріп, дәріптеу үшін спортпен шұғылдану керек, - деді Шавкат Рахмонов.
Қазақстандық файтер республиканың барлық өңірлеріне барып, жанкүйерлермен жүздесіп, жастарды жігерлендіруді ұйғарды. Оның пікірінше, мұндай іс-шаралар қоғамда спортты насихаттау жұмыстарына септігін тигізеді.