19.05.2022, 17:00
Оқылды: 36

Қарашөкеев те қарап жүрмейді

Ауыл шаруашылығы министрі Қарашөкеевтің мәлімдемесі БҚО-дағы шаруа қожалықтарының наразылығын тудырды.

728642BD-D144-4B69-8931-6DE51F4B8FB4

Нақтырақ айтсақ, Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев былай деді: «Кепілдендірілген азық базасынсыз жұмыс істейтін мал шаруашылығы субъектілерін мемлекеттік қолдау орынсыз деп санаймыз».

Мұны естіген шаруалар ал келіп шуласын. Шулап қана қоймай, тулап жатыр. Онсыз да өзіміз азар күн көріп отырғанда, енді бізді субсидиядан қақпақ па деген сарындағы әңгіме гу-гу есті.

Әсіресе БҚО-ның Бөкей ордасы, Жаңақала секілді шалғай аудандарындағы шаруа қожалықтарына бұл мәселе өте ауыр тигелі тұр.

Себебі бұл жақтарда мал азығы онсыз да аз өседі, себебі жерлері құмды. Ал қуаңшылық жылдары жерде тіпті қылтанақ таппай қалады.

«Құмды ауылдар артық мал азығын дайындай алмайды, бұл жақта мал қысы -жазы далада жайылады. Бірақ қуаңшылық жылдары қылтанақ теріп кеттік, мал азып кетті. Ал оның үстіне субсидия берілмесе, Үкімет қарапайым шаруаны қолдамаса, мал қырылып қалмай ма, сонда бүкіл облысты етпен қамтып отырған аудандардағы мал басы құрып кетпей ме»,- деп ашына сөйледі «Шопан ата» республикалық қауымдастығының БҚОФ жетекшісі Талғат Байекенов.

Талғат Байекенов алыс аудандардағы мал азығы туралы мәселені облыс әкімінің алдында, тіпті сол ауыл шаруашылығы министрлігі мамандары алдында да бірнеше мәрте көтергенін айтып өтті. Бірақ әзірге мардымды жауап ала алмай жүрген көрінеді.

БҚО-да қыс ұзап кеткен жылдары мал азығы жетпей шаруалар сенделіп кеткен кездер де болған.

«Биылғы жылы аз да болса жауын бар, тап биыл жем-шөптен қиындық көре қоймаспыз. Былтырғы қуаңшылықта шөп таба алмай қаңғып кеттік қой, көрші аудандардан тасыдық, ол екі есе шығын. Сондай табиғаттың тосын жағдайларында тым құрыса Үкімет қолдау білдірмейтін болса, субсидия бермесе малды немен ұстаймыз. Етті де өз бағасына сата алмаймыз», - дейді «Алтай» шаруа қожалығының жетекшісі Алтай Жарғалиев.

БҚО - ауыл шаруашылығына бейімделген аймақ. Бұл жақтың халқы, негізінен, мал өсіріп, жан бағады. Өндіріс ошақтары жоқтың қасы. Халықтың бар күнкөрісі малмен байланысты болғасын халық Үкіметтен сол жалғыз табыс көзіне қолдау болса дейді.

«Шаруалардың шалғындық жері болуы керек. Ол жағы дұрыс. Бірақ жем үшін егін еккен тиімсіз. Одан да сатып алған арзанырақ шығады. Қуаңшылық болса жем де, шөп те болмайды. Сол кезде субсидиядан қақса тіпті қиын болады. Шаруасы айналып кеткен ірі қожалықтар қинала қоймас, ал шағын шаруа қожалықтары үшін бұл ауыр соққы», - дейді «Баймұрат» шаруа қожалығының жектешісі Ғарифолла Жанбозов.

Ашынған шаруалар Үкімет өзі бізді ести ме деп барып, бір тоқтады. Мәселенің анық-қанығын білмек болып, Ауыл шаруашылығы министрлігіне хабарластық. Сөйтсек, министр Қарашөкеев қара басып, тілінен сүрініпті. Дұрысы өз ойын ойланбай айта салғанға ұқсайды.

«Негізінде субсидия беру тетіктеріне енетін өзгерістер әлі қаралып жатыр. Нақты жоспар, бекітілген меже жоқ. Алда субсидия талаптары түгел нақтыланғасын, бекітілген жоспармен бөлісеміз. Министрдің сөзі шу көтеруге себеп емес» - деді баспасөз орталығы.

Жанат Көшкінбайқызы,

zhaikpress.kz

Суреттің дереккөзі: PrimeMinister.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале