Біздің қоғамда балалардың денсаулығы мен әл-ауқаты маңызды болып саналады. Мемлекет басшысы балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық мәселелеріне ерекше назар аударады. Басым бағыты ретінде қылмыстың осы түрін ескерту және алдын алу белгіленген.
Зорлық-зомбылықтың жолын кесу қызметіне құқық қорғау жүйесінің, қорғаншылық және қамқоршылық құрылымдарының қызметкерлері, әлеуметтік және педагогикалық салалардың өкілдері, медициналық және психологиялық сала қызметкерлері жұмылдырылған. Соның ішінде алдымен отбасы мүшелерін осы қызметке тарту басты бағыт болып табылады.
Бүгінде қылмыстың көбі ата-аналары мен туыстары тарапынан балаларды тиісінше қарамау себебінен орын алады. Қараусыз қалған балалар қылмыс нысанына айналады. Олар өздерінің дәрменсіздігіне байланысты қарсылық көрсете алмайды. Мәселен, көшеде ата-анасының қарауынсыз қалған «К» есімді сегіз жастағы қыз жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Қылмыскер баланы алдаусырату үшін оған балмұздақ сатып алған. Содан кейін оны үйіне алдап алып келіп, бірнеше сағат бойы заңсыз әрекеттер жасаған. Қазіргі уақытта прокуратура «Д» есімді күдіктіні сотқа берді. Осындай фактілерді болдырмау мақсатында ата-аналар, мектеп инспекторлары, білім беру ұйымдарының қызметкерлері балаларға зорлық-зомбылықтың құрбаны болу қаупі туралы жүйелі түрде ескертуі тиіс.
Қылмыстық істер материалдарын зерттеп, сараптап қарағанда мынадай жайттарды байқадық. Балалар үйде жалғыз қалғанда кіреберіс есіктерді жаппайды. Көшеде белгісіз адамдардың әр түрлі ұсыныстарына жауап береді. Лифтіге бейтаныс адамдармен кіреді. Өздерін бақылау мүмкіндігінен алыс жерлерде уақыт өткізеді, үйге барарда қауіпсіз бағыттарды білмейді. Мысалы, «А» есімді азамат теміржол жанында үйге қарай бара жатқан жасөспірім қызды байқап, жүгіріп келіп, оның қарсыласқанына қарамай азғындық әрекеттер істеген. Сот «А» есімді азаматты кінәлі деп танып, 12 жылға бас бостандығынан айырды.
Осы санаттағы қылмыстың жай-күйіне әсер ететін тағы бір маңызды фактор интернетте және БАҚ-та зорлық-зомбылықты, қатыгездік пен порнографияны насихаттайтын құқыққа қарсы контенттің кеңінен қолжетімділігі болып табылады. Жұртшылық, соның ішінде балалар аталған материалдарды емін-еркін оқиды. Сонымен қатар ондай материалдармен балалар мобильді құрылғылар арқылы толықтай таныс. Сондықтан ата-аналар мен қамқоршыларға «Ата-ана бақылауы» қосымшасының көмегімен баланың интернетке кіруін шектеу бойынша шаралар қабылдаған жөн.
Жыныстық тәрбие беру, ең алдымен, ата-аналарға байланысты. Өйткені ата-ана жасөспіріммен әңгімелесудің бастамашысы болуы қажет. Зорлық-зомбылықтан аулақ болу үшін балаңызға «Болмайтын он ережені» үйренуге көмектесіңіз. Алдымен көшеде бейтаныс адамдармен сөйлесуге, кіреберіс пен лифтіге бейтаныс адамдармен кіруге, бөтен машинаға отыруға, отбасындағы күн тәртібі жайында ешкімге айтуға, таныс емес адамдардан сыйлық қабылдауға және олармен бір жаққа бару туралы ұсынысқа келісуге, көшеде, әсіресе, қараңғылық түскен кезде жалғыз қалуға, егер үйде ересектер болмаса, пәтердің есігін ашуға, маскүнемдер, нашақорлар, сотталған адамдармен, тіпті олар кіреберістегі көршілер немесе алыс туыстар болса да, қарым-қатынас жасауға болмайтынын балаларыңызға қатаң ескертіңіз. Сондай-ақ балаға интернетке шексіз қол жеткізуге мүмкіндік беруге болмайды. Осыған сәйкес белгілі бір шектеулер қойыңыз және оны балалармен талқылаңыз. Зорлық-зомбылыққа (физикалық және жыныстық) төзуге болмайды.
Осының бәрін ескере отырып, кішкентай баланы көшеде қараусыз қалдырмаңыз. Егер сіздің мектеп жасындағы балаларыңыз болса, олар әдетте қайда және кіммен уақыт өткізетінін хабарлауы қажет. Баланың қауіпті жерлерде жүруіне, қыдыруға бейім, сабақты өткізіп жіберетін балалармен дос болуына тыйым салыңыз.
Кіреберіс жанында, мектеп ауласында, балабақшаның жанында бейсауат жалғыз жүрген ер адамдардан абай болыңыз. Бұл туралы полицияға хабарлаңыз. Кейде учаскелік инспекторға құжаттарды тексеру жеткілікті. Ықтимал қылмыскер ауданнан жоғалып кетеді.
Кеш уақыттарда жалғыз жүруден гөрі, достармен бірге жүру әлдеқайда қауіпсіз екеніне балаңыздың көзін жеткізіңіз. Жалғыз жүретін бала әрқашан қылмыскердің назарын аударады. Егер баланы сабақтан, үйірмелер мен секциялардан жеке қарсылап алуға сіздің мүмкіндігіңіз болмаса, сыныптастармен бірге қайтуды ұсыныңыз. Баламен жылы, сенімді қарым-қатынас орнатыңыз. Үйде махаббат пен түсіністік жетіспейтін балалар жиі қиындыққа тап болады.
Батыс Қазақстан облысының
прокуратурасы