27.10.2023, 10:00
Оқылды: 11

Карьер үшін орман  кесілмеуі керек

Облыс орталығындағы қалалық жағажай құм-қиыршықтас қоспасын өндіретін карьерге айналуы мүмкін. Қазіргі уақытта жағажайдың мәселесі сотта қаралуда.

карьер

Өңірдегі экология жанашырлары «AMANAT» партиясының жанындағы облыстық экологиялық кеңеске жүгініп, ет комбинаты ауданындағы жағажайды сақтап қалу жөнінде көмек сұраған. Олар бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін құм-қиыршықтас қоспасын өндірген карьерге және қалалық жағажайға апарды.

– Бір кездері жайқалған жасыл желектің орнында осындай үлкен шұңқыр жатыр. Ормандар оталып, жайылмалар қазылып, табиғат бүлінуде. Қалалық орман алқаптарында карьер қазуға мүлде рұқсат етпеу керек. Оралдықтар мен шаһар қонақтары тегін пайдаланатын жағажай мен орман халықтың демалатын орны боп қалуы қажет. Табиғат байлығын сақтағанымыз жөн. Қаланың аумағындағы ормандарды, яғни ет комбинаты, машина жасау компаниясы, Хан тоғайы және Орал орман шаруашылығының қалалық саябаққа дейінгі жерлерін экологиялық соқпақ ретінде қосып, абаттандыруға болады, – деді Батыс Қазақстан экологиялық-геологиялық қоғамының төрағасы Дархан Сариев. Сондай-ақ ол өңірдегі экология жанашырларының Орал шаһарының басшылығына облыс орталығында үш үлкен саябақ салу жөнінде ұсыныс айтқандарын жеткізді. Экобелсендінің сөзінше, саябаққа ыңғайлы орынның бірі – «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ тұсындағы ет комбинаты мен Жайық өзенінің жағасындағы 140 гектар жер.

IMG_8080

«Телегей» экологиялық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дәуренбек Сахым карьер үшін жер алып, кәсібін жүргізетіндердің жерге де, орманға да жандары ашымайды дейді. География ғылымдарының кандидаты, профессор Қажымұрат Ахмеденов жайылма орман алқабын карьер ретінде пайдалануға болмайтынын айтты. Себебі бұл жалпы экожүйеге кері әсер етеді. «Яғни ландшафт өзгеріп, өзеннің гидрологиялық режімі бұзылады. Ағаш-бұталар мен жануарлар әлемі жойылады. Негізінде, жайылмалы ландшафт жабайы жануарлар мен құстардың мекені саналады. Алайда мұндай маңызды фактор есепке алынбай келеді. Облыстағы карьерлерге космостық мониторинг жүргізу керек. Содан кейін ғана бұл карьерлердің қоршаған ортаға қалай әсер етіп жатқанына баға беруге болады. Карьерді пайдаланушылар өндірісті аяқтағаннан кейін ол жерге рекультивация жасап, эко-жүйені бастапқы қалпына келтіруге тырысулары қажет. Алайда ешкім бұлай жасап жатқан жоқ.  Мәселен, карьердің орнына жасанды су қоймасын салып, балық жіберуге немесе шұңқырды топырақпен көміп, ағаш-бұта егуге болады. Бірақ біз бұлай қалпына келтірілген карьерлерді көрген жоқпыз, тек қазылған орлар жатыр. Сондықтан экологиялық заңнама талаптарының сақталуын қатаң бақылауға алған жөн. Карьерлердің өзен гидробалансы мен жерасты суларына әсеріне ғылыми зерттеу жүргізу керек», – деді профессор Қажымұрат Ахмеденов (суретте).

Айна  Имашева

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале