Көкөніс қымбатшылығы – жыл сайын күн суытқанда қайталанатын құбылыс. Соның ішінде «екінші нан» атанып кеткен картоп бүгінде 80-110 теңгеге сатылғанымен, алдағы уақытта оның бағасы да күрт жоғарылайтыны бесенеден белгілі.
Мамандар жыл сайын күзде сұранысты артығымен өтейтіндей өнім жиналатынын айтты. Тіпті облысымызда сол өнімді сақтайтын ауыл шаруашылығы кәсіпкерлерінің қоймалары да баршылық. Дегенмен жеке кәсіпкерлер өз қоймаларындағы өнімнің басым бөлігін шетелге сатып жіберуге мәжбүр. Өйткені өнімді бір жыл бойы бұзып алмай сақтау үшін біраз шығындануға тура келеді. Ал еркін сауда заманында әркімнің бас пайдасын ойлайтыны хақ. Дегенмен кәсіпкерлер белгілі өнім қорын қоймала-
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, биыл осы уақытқа дейін 1822 гектар жерден 21 577 тонна картоп жиналып үлгерген. Бұл барлық егілген картоптың 42 пайызын ғана құрайтынын ескерсек, облыс халқының жылдық сұранысын өтеуге жетерлік картоп өнімі бар деуге болады. Әйтсе де, қыс ортасы ауғанда көкөніс «жыры» міндетті түрде басталады. Сонда күзде жинаған мол өніміміз алты ай өтер-өтпестен таусылып қалатыны қалай? Қоймаларында сақтаудай-ақ сақтайды. Кейін өңірде картоп азайғанда қоймаларын ашып, оның бағасын шарықтатып сатады. Осылайша шаруалар шығынын ақтап алуға тырысады. Орал қаласында тұрақтандыру қоры бар. Осы қор кәсіпкерлерден бірнеше тонна өнім сатып алады. Өнім азайғанда қордағы өнім шығарылып, төмен бағамен сатылады. Міне, кейде картоптың бағасы әр жерде әр түрлі болатыны сондықтан болса керек. Негізі, өзге елге сатылғаннан қалған картоп келесі жылдың ақпан-наурыз айларына дейін жетеді екен. Ал көктем мезгілінде Ресейден, соның ішінде Татарстан, Башқұртстаннан тасымалданады. Жазда Мысыр және Пәкістанның картобы келеді. Осы бірізділік жыл сайын қайталанады. Осының бәрі тұтынушыларды баға қымбатшылығына әкеп ұрындыратыны өкінішті.
– Апта сайын «Мирлан», «Алтын алма», «Керуен» базарларына және 90 азық-түлік дүкеніне мониторинг жүргіземіз. Әзірге еш жерде негізсіз қымбатшылықты байқамадық. Егер ондай жағдай болса, Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетіне тиісті хат жолдаймыз. Сонымен қатар бағаны тұрақтандыру мақсатында қала әкімдігі ауыл шаруашылығы өндірушілерінің жәрмеңкесін ұйымдастырып келеді. Жәрмеңкеде 10-15 пайызға дейін арзандатылған өнімді сатып алуға мүмкіндік бар. Әзірге бағаларды қымбат деуге еш негіз жоқ. Маусымға байланысты бағалар да ауытқып тұрады, – дейді Орал қалалық кәсіпкерлік бөлімінің меңгерушісі Мейрам Хаиров.
Айым ТӨЛЕУҒАЛИ,
«Орал өңірі»