Даналықтың алтын кілті - ата-бабаларымызда. Ата жолын жалғап, ұлттық құндылықтарды бүгінгі ұрпаққа аман жеткізген ақсақалдарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміз. «Көп қарттың ортасында жүрген дана болар» деген сөз бекер айтылмаған.
Осы бағытта жастарды адамгершілікке, қайырымдылыққа, үлкенді сыйлауға, кішіге қамқор болуға, мейірімділікке, тәрбиелеу мақсатында Орал қалалық кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен «Қарттарым – асыл қазынам» атты іс-шара өтті.
Қайырымдылық айлығы аясында оздырылған іс-шараға кітапханамыздың оқырман қариялары қатысты. №16 кітапхана-филиалы жанынан ұйымдастырылған «Ақ кимешек» әжелер үйірмесі, «Қарақат» мектеп студиясы, «Жұлдыз-ай» би студиясы және Кәусар Мұхтаров, Мөлдір Базарбай өнер көрсетті. «Жеті өнер» үйірмесінің қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырылды. «Стекло Сервис» ЖШС-ның директоры, облыстық мәслихат депутаты Аркадий Рубцов қарияларға сыйлық табыстады.
Мөлдір Тоғайбаева,
Орал қалалық кітапханалар жүйесінің әдіскері