29.03.2022, 9:10
Оқылды: 81

Қаржы қашан бөлінеді?

Жолдарға асфальт салу мәселесі бойынша 2019 жылдан бері «Балауса» шағынауданының тұрғындары атынан Орал қаласының әкіміне өтініш жазып жүрміз. Қала әкімі мен Зашаған кентінің әкімін шақырып, «Ашық әңгіме» алаңдарын да өткіздік.

1905ED28-0E8F-46B8-B363-8D144F84A189

Биыл да жергілікті әкіммен кездесу ұйымдастырып, қала әкіміне жазбаша өтініш жаздық, бірақ қорытынды жоқ. Баяғы жартас – сол жартас.

2019 жылы Зашаған көшелерін асфальттауға қаржы бөлінген жоқ деген, биыл Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы К. Умралиевтен де сондай бағыттағы жазбаша жауап келді. Жауапта: «Балауса» шағынауданының 7 көшесінде (Радлов, Шопан батыр, Қашаубаев, Жалаңтөс батыр, Уәлиханов, №10, Жәленов) асфальттау жұмыстары жүргізілді, қазіргі таңда «Балауса» шағынауданының басқа көшелерін асфальттауға жобалық-сметалық құжаттамалар жасақталмағанын ескертеміз, қаржыландыру мәселесі оң шешімін тапқан жағдайда «Балауса» шағынауданы көшелерін асфальттауға жобалық-сметалық құжаттамалар жасақтау мүмкіндігі қарастырылатын болады» де-лінген.

Қай уақытта, қашан қаржы бөлінеді? Осы мәселе халықты толғандырып жүр. «Балауса» шағынауданындағы С.Асфендияров, Р.Қошқарбаев, А.Калменов, Б.Жанқадамов, Ш.Уә-
лиханов (жартылай асфальтталған), Д.Бабатайұлы, Есет батыр, Жұмыр – Қылыш, Б. Құлманов, С.Рахимов,  Жас-құс, Ж.Баласағұн, С.Бабажанова, М.Өзтүрік, М.Бекимова, Ерсары батыр көшелері асфальтталмаған.

М.Өзтүрік, К.Калменов, Б.Жанқадамов, С.Бабажанова көшелері – ең ылдидағы көшелер. Бұл көшелерде, ең болмаса, тротуар да жоқ. Көктемде оқушылар аялдамаға жете алмай қиналады. Әсіресе Б.Жанқадамов көшесі өте ылдида. Сәл жаңбыр жауса, телегей-теңіз су болып, айдынға айналады. Көшемен көліктер жүре алмайды. Мектепке бағыт алған балалардың етігіне су кіріп, зардап шегіп жатыр.

Тұрғындардың жай-күйін атқарушы құрылым өкілдері көктемде көшеге келіп, аралап, өз көздерімен көрсе ғана түсінеді. Бөлім басшысының жауабында 7 көшеге асфальт төселгені айтылған. Бірақ жолдар дұрыс асфальтталмады. Мәселен, Жалаңтөс батыр көшесінде су ағатын арық жоқ. Асфальттың астына тұрба салынбаған. Ш. Уәлиханов көшесі де жартылай асфальтталған. Сондықтан жол жөндеу жұмыстарын әкімшілік бақылауы керек.

Бұл – менің жеке мәселем емес, халықтың мұң-мұқтажы. Барлық көшелерді аралап, өз көзіммен көріп, жазып отырмын. Зашаған көшелерін асфальттауға қаржы қашан бөлінер екен?

 Меңзипа Қаматаева,    

«Балауса» шағынауданының тұрғыны,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале