16.05.2018, 11:40
Оқылды: 113

Қасиетті мекенде саяси қуғын-сүргін құрбандарына арнап ас берілді  

 

Dadem ata (1)Батыс Қазақстан облысындағы қасиетті мекендердің бірі, бүгінде халықтың басын біріктіретін рухани орталыққа айналған, Сырым ауданы, Тоғанас ауылдық округі аумағында орналасқан «Жұмағазы хазірет – Дәдем ата» кесенесінде саяси қуғын-сүргін мен ашаршылықтың құрбандарының рухына арнап ас беріліп, дұға бағышталды. Шараға әдеттегідей халық көп жиналды.


 

 Dadem ata (2)-Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында анықталған Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті орындарының тізіміне біздің облыстан енгізілген алты киелі жердің ішінде «Жұмағазы хазірет – Дәдем ата» кесенесі де бар. Мемлекеттік саясатқа үн қосу, ұлттық салт-дәстүрлерімізді дәріптеу мақсатында Қасиетте мекенде жылына бірнеше рет - Көрісу  күнінде, Тәуелсіздік мерекесінде, 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде, айт мейрамдарында әруақтарға бағыштап құран оқытып, ас беру дәстүрге айналған. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған ас биыл бесінші рет берілуде. Осы шаралардың барлығы да «Дәдем ата - Жұмағазы хазірет» қоғамдық қорының төрағасы Ғарифолла Жанбозовтың қолдауымен жүзеге асырылуда. Атаулы күн биыл қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келгендіктен, асты оразаның алдында өткізуді жөн көрдік, - деді шара ұйымдастырушыларының бірі, «Телегей» қоғамдық қорының төрағасы Нұрлан Сәдір.

Dadem ata (4)Жиналған жұртшылықтың алдында «Жайық Пресс» медиахолдингінің ақпарат орталығының тілшісі Айгүл Ахметова елі мен жері үшін қызмет еткен, өткен ғасырдың 20-40 жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз атылып кеткен өңір журналистері туралы нақты да қайғылы деректерге толы баяндама жасады.

-Өткен ғасырдағы талай нәубет қазақ тарихында қанды ізін қалдырды. 1937-38 жылдардағы зұлматта біздің облыстан мыңнан астам адамның тағдыры оққа байланды. Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың арасында журналистер де бар. Облыстық «Орал өңірі» газетінің 100 жылдығына орай баспасөз тарихын зерттеу барысында журналистер тың деректер тапты. Тар жол, тайғақ кешуде қаза тапқан қалам иелері жайында деректерді тірнектеп жинап, фотосуреттерін табу оңай болмады. Бұл орайда берісі Орал мен Алматының, әрісі Мәскеу мен Санкт-Петербургтің мұрағат материалдарын зерттеп, деректер жинаған медиахолдинг басшысы Жантас Сафуллиннің, баспасөз тарихын зерттеу орталығының жетекшісі Қазбек Қабжановтың, тәжірибелі журналист Есенжол Қыстаубаевтардың есімдерін атап өткен абзал.

Dadem ata (7)Тынымсыз ізденістің нәтижесінде Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттері редакцияларында қызмет атқарып, кейін қудаланып, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған, ақыры ату жазасына кесілген  Нұғман Манаев, Халел Есенбаев, Уәли Забиров, Батырбек Әлжанов, Шайхы Жантілеуов, Әбдірахман Байділдин, Ыдырыс Мұстамбаев, Рахым Сүгіров, Медеш Оралдиев, Елжас Бекенов, Сәтбек Иманқұлов, Ізбай Қошанов, Ахмет Мәметов сияқты қаламгерлердің есімдері анықталды.

Ақиқаттың ақ жолы үшін саяси қуғын-сүргінге ұшыраған баспасөз қайраткерлері дегенде, тізімді ең алдымен Dadem ata (5)Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйрин, Ғабдолғазиз Мұсағалиевтерден бастаған жөн. Бұл арыстар «отыз жетінің» ойранына жетпей жатып, өмірден өтіп кетті. Ғұмар Қараш қылышпен туралды, Елеусін Бұйрин жат жерде, Тәжікстанда аштан өлді, Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің де өмірінің соңғы кезеңі белгісіз, туған жерден алыста, Жетісуда жұмбақ жағдайда көз жұмған. Бірақ ресми түрде «халық жауы» аталмаса да, бұл тұлғалар туралы кеңес үкіметі кезінде мүлдем айтуға тыйым салынды. Dadem ata (6)Ғұмардың шығармалары «совет қоғамына жат» саналып, оқулықтардан аластатылды. Сондықтан оларды да кеңестік солақай саясат құрбандарының қатарына жатқызуға болады, - деді ол өз баяндамасында.

Атаулы күнге арнап жайылған дастархан үстінде азаматтар тақырыпқа сай пікір алмасты. "Ақберен" ақындар мектебінің тәлімгері, ақын, ұстаз Талап Таймасұлы ("Шерлі қазақ") мен оның шәкірті Инабаттың оқыған жырлары әсерлі шықты. Сондай-ақ асқа қатысып, жастық жалынмен ой-пікірін білдірген Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясының бір топ студенттеріне (оқытушысы Сайлау Сүйлейменов) жиналған қауым разы болды.

Dadem ata (3)Шолақаңқаты ауылдық округінің әкімі Тимур Айтқалиев, Алғабас ауылдық округінің әкімі Мейірбек Хасанов, «Ақмешіттің 16 әулиесі» жеке қорының құрылтайшысы Жақсыбай Сейтқалиев,  Ресейдің Астрахань облысынан, Түркістаннан, Ақтөбеден ат арытып келген қонақтар да өз лебіздерін білдіріп, «Дәдем ата - Жұмағазы хазірет» қоғамдық қорының төрағасы Ғарифолла Жанбозовқа алғыстарын жеткізді.

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале