24.06.2025, 14:45
Оқылды: 242

Кәсіп түбі  –  нәсіп!

Казталов ауданына қарасты Жаңажол ауылдық округінің тұрғыны Мержан Өтеғалиев пластик терезе шығарумен айналысады. Былтыр қыркүйекте көпбалалы отбасы негізінде мемлекеттік грант ұтып алып, 1,3 млн теңгеге жуық қайтарымсыз қаражатқа ие болған. Содан жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, терезе жасау кәсібін бастаған.

WhatsApp Image 2025-06-24 at 15.36.18

– Жаңа кәсіп бастауға қайтарымсыз грант негізінде алған қаражатымыз жеткіліксіз болды. Кейін жұбайым Индира «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5% үстемемен 6,2 млн теңге несие рәсімдеді. Бағдарлама шарты бойынша бір жыл уақыт бойы несие демалысы берілді. Өткен жылы 150-ге жуық терезе жасап, саттыққа шығардық. Терезе жасауға қолданылатын материалдарды Орал қаласынан алдыртамыз. Сәйкесінше, біз жасаған терезе құны да қала нарығындағы бағамен тең. Қаладан әкелген әйнек пен терезе жақтауларын ауламыздағы сарайда кесіп-пішіп, одан терезе құрастырамыз. Қазір терезенің қалыпты өлшемі 70 мың теңге тұрады. Сатып алушылар мен тапсырыс берушілердің басым бөлігі – ауыл тұрғындары. Олар қаладан терезені сатып алса, оған қосымша жолқұны қосылады. Сондықтан ауыл тұрғындары терезені бізден сатып алуды жөн санайды. Көрші ауылдардан да терезе сұрап келушілер бар. Алдағы уақытта өндірістік цехымыздың көлемін ұлғайтып, мол тапсырыс қабылдағымыз келеді, – деді Мержан Өтеғалиев.

Жаңажол ауылдық округінің әкімі Арман Алдабергеновтің айтуынша, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша бұған дейін үш тұрғын шағын несие алған. Олардың екеуі сүтті бағытта ірі қара, біреуі етті бағытта қой сатып алып, кәсібін бастаған. Былтыр ауылда әлеуметтік осал топтағы отбасыларға арналған баспаналар бой көтерген. Кәсібін жаңадан бастаған Мержан Өтеғалиев бұл үйлерге тапсырыс негізінде терезелер  жасап  берген.

Нұр-Бақыт Тұрсынбаев,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале