Орал қаласындағы «Каюпбергенов» жеке кәсіпкерлігі елдегі төтенше жағдай кезінде жергілікті халыққа қолдау көрсетіп, аудан тұрғындарына жеңілдетілген бағамен көкөніс өнімдерін жеткізіп беруді қолға алды.
Осындай қиын-қыстау кезде жерлестерін көкөніс өнімдерімен тоқтаусыз қамтамасыз етуді мақсат еткен кәсіпкер бүгін алғаш рет 13 тонна картоп, 4 тонна пияз, 3 тонна сәбіз тиелген жүк машинасын аудандарға жөнелтті. Халық көп тұтынатын тауарлардың жеткізу шығындарын кәсіпкер өз мойынына алып отыр.
- Біз елдегі орын алған жағдайға байланысты өңір тұрғындарына қолымыздан келгенше көмек көрсетейік деп ұйғардық. Біздің кәсіпорын көкөніс түрлерін көтерме бағамен сатумен айналысады. Бүгін картоп, пияз, сәбіз секілді 20 тонна көкөніс тиелген жүк машинамыз Сырым және Қаратөбе аудандарына аттанды. Бұл көкөніс түрлері аудан орталықтарында қолжетімді бағамен сатылатын болады. Картоптың әр келісі 80 теңге, пияз 90 теңге, сәбізді 70 теңгеден жеткізіп бермекпіз. Картоп Ресейден әкелінген болса, сәбіз бен пияз жергілікті өнім. Бұл тауарларды өз бағасымен таратудамыз. Еліміздің тұрғындары қиын жағдайға тап болғанда пайданы ойлайтын уақыт емес. Осындай шақта қазақ халқы мықты ұлт екендігімізді, бірлігіміздің мығымдығын көрсетуіміз керек деп ойлаймын, - дейді жеке кәсіп иесі Адият Сыдықов.
Мәрттік танытқан кәсіпкер егер де сұраныс түссе дәл осындай көмекті басқа аудандарға да көрсетуге дайын екендігін айтады. Еске сала кетейік, Адият Сыдықов өткен жылы Арыс қаласына да алғашқылардың бірі болып көмек қолын созған болатын.
Нұрбек Оразаев
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер