23.06.2026, 15:00
Оқылды: 21

Кәсіпкерлер 12 жаңа тынымбақ салады 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы бүгінде еліміздің барлық  өңірінде  нақты істер арқылы жүзеге асырылуда.  Бұл бастама тек тазалық сақтау акциясы ғана емес, тұрғындарға  жайлы, қауіпсіз  әрі  заманауи қоғамдық орта қалыптастыруға бағытталған маңызды мемлекеттік саясатқа  айналды.  Осы бағытта Орал қаласында бизнес қауымдастығын абаттандыру жұмыстарына тарту бойынша  жүйелі  жұмыс қолға алынды. 

5a064e54-3389-4568-af6f-2ad80f5e8620

Биыл жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен шаһарда 12 тынымбақ салынып, бірқатар аумақ абаттандырылады. Бұл туралы облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен өткен  жиында  айтылды.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, қаланың тұрақты дамуы мемлекеттің қаржыландыруымен қатар, кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігіне де байланысты. Осы қағиданы негізге алған Орал қаласының әкімдігі қоғамдық кеңістіктерді жаңғыртуға бизнес өкілдерін қатыстыруға мән-маңыз береді. Қала басшысы Мұрат Байменовтың баян етуінше, 21 кәсіпорынмен келіссөз жүргізіліп, олардың 12-сі өз қаражаты есебінен қаланы абаттандыруға қолдау көрсетуге келісті. Бұл қатарда «Қалдығайты», «СВС Батыс», «Болашақ-Т», «Alim Construction», «Baiterek Construc-tion», «Стройкомбинат», «Кублей», «Наурыз», «A-GROUP BUIL-DING» ЖШС-лары, «Талап» АҚ, сондай-ақ «Ткалун» және «УЕС» жеке кәсіпкерліктері бар.

– Қазіргі таңда нақты аумақтар анықталып, эскиздік жобалар әзірленуде. Демеушілік қаражат есебінен С. Датұлы, С. Тюленин, Құрманғазы, Х. Есенжанов көшелеріндегі, Н. Назарбаев және Абай даңғылдары бойындағы қоғамдық кеңістіктерде тынымбақ салынады. Сондай-ақ төртінші және Солтүстік-шығыс шағынаудандары абаттандырылады, – деді  Мұрат  Байменов.

Аталған бастама облыста жүзеге асырылып жатқан «Қауіпсіз өңір» жобасының мақсаттарымен де үйлесімді. Жарықтандырылған, көгалдандырылған және спорт, демалыс инфрақұрылымымен жабдықталған қоғамдық орындар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, қаланың ажарын айшықтайды.

Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев бұл бағыттағы оң тәжірибе өткен жылы да өз нәтижесін бергенін әңгімеледі. Кәсіпкерлердің қолдауымен Құрылысшылар, Жұбан, Пушкин, Тоқай және Савичев тынымбақтары жаңартылып, Сарайшық көшесі 55-үй мекенжайында жаңа тынымбақ бой көтерді. Жайық жағалауындағы тынымбақта субұрқақ пен қоғамдық әжетхана орнатылып, Исатай-Махамбет көшесі 82/1-үй мекенжайында жаңа футбол алаңы пайдалануға берілді. Бұл жобалар «Шымкент жасыл қала», «Тасқала Транс Газ», «KazConstructionGroup» және «Батыс Альянс» компанияларының қолдауымен жүзеге асты.  Қалалық прокуратураның бастамасымен кәсіпкерлер көшелерді жарықтандыруға 100 млн теңге қаржы бөлді.

Жиында жаңа тынымбақтарды күтіп-ұстау және қауіпсіздік мәселелері қозғалды. Облыс басшысы тынымбақтарды бүлдіруден сақтау үшін бейнекамералар орнатуды тапсырды. Кәсіпкерлер Оралда жүзеге асырылатын жобалардың эскиздерін көрсетіп, қатысушылардың ой-пікірлерін тыңдады.  Облыс әкімі бірқатар жобаларды күзге дейін, қала күні қарсаңында аяқтауды  межеледі.

46e80d2f-c363-489d-b3d2-252d558f3002

– Қандай да инвестициялық жобаларыңыз болса, оларға басымдық бере отырып, жер телімін бөлу мәселесін аймақтық инвестициялық штаб арқылы шешуге мүдделіміз. Елге көмектессеңіздер, мемлекет сіздерге қолдау көрсетеді, – деді Нариман Төреғалиұлы.

Облыс әкімі қаланы абаттандыруға үлес қосқан кәсіпкерлер тобын  алғысхатпен  марапаттады.

Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале