Бүгін облыс әкімдігінің үлкен залында облыс әкімі Алтай Көлгіновтың төрағалығымен кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне арналған кеңес өтті. Оның жұмысына аудандар әкімдіктерінің, тиісті мемлекеттік құрылымдардың, бизнес субъектілердің, қаржы, даму институттарының өкілдері және жаңадан өз ісін ашқысы келетін азаматтар қатысты.
Жиынды ашқан облыс басшысы Елбасының биылғы Жолдауында орта және шағын бизнесті дамытуға аса назар аударылғанын айтып, өңірдегі кәсіпкерліктің дамуы қорытындыларымен таныстырды.
- Өткен жылды оң үрдіспен тәмамдадық. Тіркелген белсенді кәсіпкерлік субъектілерінің саны 40 мыңға жуық болатын болса, былтыр бір мың субъектіге артты. Орта және шағын бизнес саласында 100 мыңнан астам адам әрекет етеді. Өткен жылдың қорытындысында 52,6 млрд. теңге салық түсті және бұл 2015 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 11 млрд. теңгеге артық. Мұның барлығын бизнесті қолдау бағдарламаларының нәтижесі деп білеміз.
Елбасы Жолдауында ауыл шаруашылығы экономиканың драйвері болу керек деген тапсырмасына басымдық беріледі. Сондықтан кәсіпкерлікке қандай кедергілер бар, бизнесін ашамын деген адамдарға қандай қолдау тетіктері бар екенін түсіндіріп, талқылаймыз. Әрі қарай аудандарға барып жұмысты жалғастырамыз, - деді Алтай Көлгінов.
Нұрлан Қайыршиннің айтуынша, барлық аудандарда палата филиалдары жанындағы кәсіпкерлерге көмек көрсету орталықтарының қызметкерлері жоба бойынша түсінік береді, жоба дайындауға, құжаттармен жұмыс жөнінде кеңестер беріп, қолдау көрсетеді.
Бүгінде аудандардағы кәсіпкерлерге көмек көрсету орталықтарына 951 400 000 теңгені құрайтын 108 жоба түскен.
Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА
zhaikpress.kz