Қазіргідей нарықтық қарым-қатынастар заманында, әсіресе, бәсеке-бәйгенің күшейіп тұрған шағында ел кәсіпкерлеріне мемлекеттің көмек-қолдау көрсетуі құптарлық. Сондай қолдау көрсететін бағдарламалар операторларының бірі – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ екінші деңгейдегі банктердің несие пайыз мөлшерлемесін субсидиялау, жеңілдетілген несие алу және банктерге кепілдік беру тетіктерін жүзеге асырады.
Жыл басынан бері өңірімізде «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында несие шамасы 19 млрд 600 мың теңге болатын 339 жоба субсидияланды. Кепілдік беру тетігі бойынша кәсіпкерлердің жалпы сомасы 13 млрд 700 млн теңгені құрайтын 292 жобасына 6 млрд 700 мың теңгеге кепілдік берілді. Аталмыш қордың Батыс Қазақстан филиалы директоры Балғын Оразованың (суретте) айтуынша, мемлекеттен қолдау-көмек алуға өтініш берудің еш қиындығы жоқ.
– Кәсіпкер екінші деңгейдегі банктің біріне бизнес-жобасын таныстырады. Банк жобамен танысып, оның қаржылық-экономикалық тиімділігін бағалайды. Жоба мақұлдаған жағдайда, мемлекеттік бағдарламаға қатысу үшін «Даму» қорының өңірлік филиалына өтінім береді. Одан әрі кәсіпкердің, қордың, банктің арасында үшжақты субсидиялау немесе кепілдік беру шарты жасалады. Бизнес-үрдістерді аутоматтандыру нәтижесінде микро, шағын, орта бизнеске мемлекеттік қолдау тетіктеріне жылдам қол жеткізуге болады. eGov.kz порталы арқылы қолдау бағдарламаларына қатысуға, Online. Damu.kz платформасынан электрондық-цифрлық қолтаңбамен субсидиялау және кепілдік алуға өтінім бере алады. Сонымен қатар Doculite.kz сайтында субсидиялау, кепілдік беру шарттарына онлайн қол қою рәсімі цифрландырылды. Кеңес алу үшін 55-48-10 нөміріне қоңырау шалуға немесе облыс орталығындағы Т. Масин көшесіндегі 67/2 үйдегі филиал кеңсесіне келуге болады. Қажетті ақпарат damu.kz ресми сайтында бар. Сондай-ақ 14-08 нөміріне қоңырау шалуға болады, – деді Балғын Саянқызы.
«Алани» тәттілері
2017 жылы ашылған «Стимул +» жеке кәсіпкерлігі – Ақ Жайық өңіріндегі бисквит күлшесінің жалғыз өндірушісі. «Алани» белгісі бар тәттілер қаладағы ірі сауда орындарында сатылады. Жақында «Даму» қорының облыстағы филиалының ұйымдастырған пресс-тур барысында осы өндіріс орнында болып, жұмыстарымен таныстық. Технолог Айбол Жабуовтың айтуынша, бастапқыда жалдамалы бөлмеде шағын электр вафли пісіргіште өнім шығарған. Кейін жартылай аутоматты жабдық сатып алып, орнатқан. Бизнестегі серіктесімен, жоба жетекшісі Мейрамбек Қойшыбаевпен бірге тамыр-таныстарына сатуға бірнеше қорап тәтті күлше өткізгенін айтады. Түске дейін өнімдерді дүкендерге жеткізіп, түстен кейін цехта жұмыс істейтін. Шағын цехтың тәттілері біртіндеп сұранысқа ие болды. Тұрақты тұтынушылардың арқасында сұраныс өсті. Ісі шүкірге басып, өзге қалалардан да тапсырыс көптеп түсе бастады. Бұған әлеуметтік желілердегі жарнамалардың септігі тиді.
Өнім көлемін арттыру үшін кәсіпкерлікке қуатты жаңа желі – қамыр мен салмасын мөлшермен түсіріп, қалыпты майлап, дайын өнімді пештен шығаратын мини зауыт-робот керек болды. Осы мақсатта кәсіпкерлік «Банк Центр-Кредиттен» 21%-бен несие алды. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бағдарламасының «Кәсіпкерлер/индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерін қолдау» бағыты аясында бұл қарыз жылына 6%-ға дейін арзандатылды. Яғни 21%-дың 6%-ын жеке кәсіпкерлік төлейді де, қалған несие қаржысын мемлекет субсидиялайды. Сонымен қатар аталған бағдарлама аясында несие сомасының 50%-ына «Даму» қоры кепілдік берді. Осындай мемлекеттің қолдауының арқасында «Стимул+» өндірісін кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашты. Бүгінде өндіріс орнында 15 адам жұмыс істейді. Мұнда тәтті күлшенің 15 түрі шығарылады. Өнімдер өңірімізге, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда облыстарына өткізіледі.
– Несие қаражатына Ресейден толық аутоматтандырылған кешен сатып алып, орнаттық. Кешен тәулігіне 1 тонна күлше өндіреді. Бұрын жартылай аутоматты жабдықта тәулігіне 50 келі шығаратынбыз. Жұмыс екі ауысымда ұйымдастырылды. Қазіргі кезде цехта жұмыс істейтін жұмысшы табу қиын. Жаңа желі төрт адамның жұмысын өзі атқарады. Желінің бір бөлшегі сына қалса, өзіміз жөндейміз, – деді Айбол Жабуов. Тәжірибелі технологтың бұл саладағы еңбек өтіліне – 12 жыл. Ол бұдан бұрын Оралдағы, Атыраудағы кондитер цехтарында еңбек еткен.
– Бұрын тұшпара цехында еңбек еттім. Жұмыстан қысқарып қалдым. Содан соң осында өнімді қорапқа салушы боп жұмысқа кірдім, жалақым – 140 мың теңге. Сегіз сағат жұмыс істеймін, жалақыны уақтылы береді, – деді Ботакөз Қайыпбаева.
«Стимул+» кәсіпорны күлшелерді 200 грамдық қорапшада шығаруға кірісті. Кондитерлік өнімдер өндірісіне жергілікті астық, жұмыртқа, май, сүт пайдаланылады. Технолог болашақта өнімді өткізу жағырапиясын кеңейту және тәттілердің жаңа түрлерін шығару жоспарланып отырғанын айтты.
Маржандай тіс сыйлайды
2017 жылдың басында Айнұр Өмірзақова Оралдағы «Адал» сауда орталығы аумағынан өз стоматология емханасын ашты. 2021 жылы «ВТБ банктен» несие алып, екінші емханасын (Скоробогатов көшесіндегі 90-үй) іске қосты. Бұл жоба «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында «жанданды». Кәсіпкердің 14%-дық несие қаржысының 8%-ын «Даму» қоры субсидиялады, қалған 6%-ын кәсіпкер төледі.
Қазір кәсіпкер қаланың «Сити-центр» орталығына қарсы аумақтан үшінші стоматология емханасын ашты. «Еуразиялық банктен» жаңа ғимарат пен жабдық сатып алу үшін 19%-бен несие алды. «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасы аясында оның 13%-ын «Даму» қоры субсидиялап, кепілдік берді. Стоматологиялық емхананың кеңеюінің арқасында жаңа жұмыс орындары ашылды. Мұнда 9 адам жұмыс істейді.
– «Dr.ZUB» стоматология емханалар желісінің мамандары үнемі білімдерін же-тілдіріп отырады, ортопедиялық және ортодонтиялық емдеу, хирургия, эстетикалық стоматология бойынша ең заманауи технологияларды пайдаланады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының базасында тіркелген. Балаларды 14 жастан бастап қабылдайды. Тіс емдеуде және тіс салуға ресейлік, импорттық материалдар қолданылады, – деді басқарушы директор Айгүл Имашева (төмендегі суретте).
«DR.ZUB» – табысты брендті бизнесті тәжірибесіз қалай құруға болатындығының жарқын мысалы. Бүгінде мұнда сапалы емдеу, дәрігерлердің кәсібилігі мен емдеудің озық заманауи диагностикалық жабдықтары үйлесім тапқан.
«GOLAZO» – футбол академиясы
Екі инженер дос Асқар Ахметов пен Мирлан Абдрахмановтардың футболға деген сүйіспеншілігі жабық футбол манежін және «Golazo» балалар-жасөспірімдер футбол академиясын ашуға себеп болды. Оралдық жастар мен жас-өспірімдердің футбол алаңдарына, әсіресе, күн суықта доп тебетін ыңғайлы жабық алаңдарға деген сұраныстары ескерілді. «Басты мақсатымыз – салауатты өмір салтын ұстайтын бұқараны және кәсіби клубтарға жас футболшыларды тәрбиелеу. Бүгінде бізде 250 бала футбол секцияларына қатысады. 4-15 жастағы балаларды қабылдаймыз», – деді жоба жетекшісі Мирлан Абдрахманов.
«GOLAZO» жеке кәсіпкерлігі 2021 жылы жыл бойы жұмыс істейтін бірінші класты көгалды, қаңқалы-шатырлы футбол манежін салды. Осы құрылысты салу үшін «БанкЦентрКредиттен» 14,5%-бен несие алды. Қомақты несие қаражатының 6%-ын кәсіпкер төлейді, қалған бөлігін «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бағдарламасы аясында мемлекет субсидиялайды. Сондай-ақ кепіл жетпеген кезде «Даму» қоры несие сомасының 50%-ына кепілдік берді. Бұл инвестиция ауданы 1152 шаршы метр, қабырғаларының биіктігі 4 метр және күмбезі 10 метр болатын жабық футбол манежі құрылысына жұмсалды. Нысанда жуынатын және киім ауыстыратын орындар, футбол академиясының залы, көрермен орны бар. Футбол алаңының аумағы – ФИФА стандартына сай ені – 20, ұзындығы – 40 метр. Мекеме-ұйымдар футбол алаңын жалға алуда.
– Футбол мектебінің шәкірттері жас шамаларына қарай топтарға бөлінеді. Әр топта 15 баладан болады. Ресейге, Қазақстан бойынша түрлі турнирге қатысамыз. Жүлделі орындарды алып та жүрміз. Оралда лига, турнирлерді өздеріміз ұйымдастырамыз. Жеті жаттықтырушымыз бар. Екінші манеж құрылысын салудамыз. Штаттағы қызметкерлер саны өсіп, 15 адамды жұмыспен қамтымақпыз. Қалада дәл осындай манеж жоқ, тек бізде. Болашақта Ақ Жайықтағы ірі футбол орталығына айналамыз деп еңбектеніп жүрміз, – деді Мирлан Абдрахманов.
Қазір «GOLAZO» балалар мен жасөспірімдер футбол академиясы кәсіби клубтар үшін резерв дайындаумен айналысады. Осылайша балаларды денесін шынықтырып, рухын шыңдауға ықпал етеді.
Отбасыларға бақыт сыйлайды
Бала туу мәселесі кез келген ел үшін өзекті. Оның үстіне жаһандық үрдістер бойынша соңғы 20 жылда дүние жүзінде туу көрсеткіші төмендеп келеді. Әдетте Қазақстанда жылына 330-350 мың бала дүниеге келеді. Ал 2023 жылы статистика бойынша 415 мың бала дүние есігін ашқан. Бұрын бір отбасына шамамен екі баладан келсе, 2022 жылғы мәліметтер бойынша бұл көрсеткіш 3-ке жеткен. Бірақ соңғы 10 жылдағы бала туу тенденциялары қуантпайды. Мамандар отбасын нығайту, бала туу көрсеткішін арттыру және бедеулікті емдеу шараларын күшейту қажет деседі. Бедеулік тек медициналық емес, әлеуметтік мәселе болып отыр. Бұл жерде репродукция көмекке келеді. Оралдағы «Семейный врач и Co» ЖШС заманауи сапа стандарты бар ұйымшыл ұжым ретінде ерекше беделге ие. Отбасылық емхана заманауи жабдықпен жарақтандырылған. Орталықта дәрігерлер мен басқа да қызметкерлер саны – 10 адам.
Аталмыш серіктестік Орал қаласындағы экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) орталығының филиалын дамыту мақсатында коммерциялық жылжымайтын мү-лікті сатып алуға мемлекеттен қолдау алды. Олар «Bank RBK» АҚ-дан несие алып, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында пайыздық мөлшерлемені 8 пайызға дейін субсидиялауға қол жеткізді.
– Орталыққа сәби сүйе алмай жүрген аналар келеді. Қанша тұрады деп сұрайды бірден. Оларға бәрін түсіндіреміз. Олардың тек өздерін ғана емес, олардың күйеуін де тексеруден өткіземіз. Бұрын бедеулік мәселесі әйелдерге қаратыла айтылатын. Соңғы жылдары мұның ер адамдар арасында да үлкен мәселе екені белгілі болды. Бедеуліктің түп-тамыры не-де екенін дөп басып айту үшін медициналық тексерістен өткіземіз. Бедеулік инфекциялық, гинекологиялық аурулардан болуы ықтимал. Жыныстық органның қабынулары әйелдің бала туу мүм-кіндігін шектейді. Экстракорпоралды ұрықтандыруға 18-52 жас аралығындағы әйелдерді қабылдаймыз. Одан басқа әйелдердің түрлі ауруларын емдеп, ота да жасаймыз, – дейді отбасылық емхана директоры Людмила Покотило. Людмила Ивановнаның айтуына қарағанда, өткен жылғы тамыз айынан бастап өз жұмысын бастаған емхананың көмегімен 10 шақты сәби жарық дүние есігін ашқан. Бұрын батысқазақстандықтар Ақтөбе қаласындағы орталыққа жүгінетін. Сонымен қатар ақжаулықтылардың да, ер-азаматтардың ұрықтарын 20 жылға дейін сақтайтын база бар.
Отбасылық емхананың басты мақсаты – ең алдымен сәби сүйгісі келетін әйел затын бақытты ету. Экстракорпоралды ұрықтандыру әдісі еліміздегі бала сүю бақытынан айырылған отбасылардың мәселесін түбегейлі шешпегенмен, бірқатар шаңырақта сәби сүю бақытына септігін тигізері анық.
Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»