Орал қаласындағы Кәсіподақтар үйінде болған дөңгелек үстелде Батыс Қазақстан облысы кәсіподақ мүшелерін биыл 20 қарашада өтетін сайлауға шақыру және конституциялық реформалар нәтижесіндегі заңнамалық өзгерістер жайында айтылды. Жиында БҚО «Кәсіподақтар орталығының» төрайымы А.Есекенова кәсіподақ азаматтық қоғамның ажырамас бөлігі екендігіне тоқталып, алдағы келе жатқан саяси науқан еліміздің дамуында маңызды рөл атқаратынын баяндады.
Фото дереккөзі: gov.kz
– Бұл сайлауда әр азамат өз таңдауын жасайды. Кезектен тыс Президент сайлауы оң өзгерістерге ұласып, елдің саяси-экономикалық жағынан қарқындап өсіп, өркендеуіне зор үлес қосатындығына сенеміз. Барлық кәсіподақ мүшелерін 20 қарашада өтетін сайлауға белсенді қатысып, өз таңдауларын жасауға шақырамын, – деді А.Есекенова.
Аталған орталық төрайымы, сондай-ақ биыл маусымда өткен Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдумнан кейін қабылданған бірқатар маңызды заң жобаларына Президент жария түрде қол қойғанын баян етті. Заңнамадағы өзгерістер мен толықтырулардың мән-маңызын сараптап айтып берді.
– Мемлекет басшысы референдум нәтижесінде билік тармақтары арасындағы байланыстың жаңа үлгісін қалыптастыруға, мемлекет басқару ісіне азаматтардың қатысуына жол ашуға мүмкіндік туғанын және адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесі нығайғанын айтты. Заңдағы өзгерістерге сәйкес 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Конституциялық сот өз қызметін бастайды, – деді ол.
Дөңгелек үстел барысында «Қызмет» мемлекеттік банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподақ одағы» БҚО филиалының төрағасы С.Сүлеймен, «Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» БҚО қоғамдық бірлестігінің төрағасы А.Батырханов еліміздің алдында ұлы мақсаттар тұрғандығын, әр азаматтың өз қабілетін іске асыруына барынша қолайлы жағдай жасалғанын, әр адамның жақсы өмір сүруіне, мемлекетті дамытуға өз үлесін қосуға зор мүмкіндігі бар екендігін, сондықтан қолынан іс келетін, қоғам жұмысына белсене араласа алатын әрбір кәсіподақ мүшесін биыл 20 қарашада өтетін Президент сайлауына ұйымшылдықпен қатысуға шақырды.
Нұрым Нұрманов,
zhaikpress.kz