Қазақстанда 25 қыркүйек аза тұту күні болып жарияланды
25.09.2026, 9:30
Оқылды: 5

Каспийдегі әскери қызметшілерді іздеу операциясы күшейтілді: Ондаған кеме мен әуе кемесі жұмылдырылды

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен құрылған Үкіметтік комиссияның тапсырмасы бойынша Каспий теңізінің акваториясында тәулік бойы үздіксіз іздестіру-құтқару операциясы жүргізілуде. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігі хабарлады - деп жазды baq.kz.

IMG_2551
Сурет: baq.kz
Іздестіру-құтқару жұмыстарына оқиға орнында тікелей басшылықты Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов жүзеге асыруда. Құрылған жедел штабтың құрамына Қорғаныс министрлігінің, ҰҚК Шекара қызметінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің, сондай-ақ Маңғыстау облысының жергілікті атқарушы органдарының өкілдері кірді.
- Ауқымды іздестіру-құтқару операциясына 252 әскери қызметші мен қызметкер, 34 бірлік арнайы жерүсті техникасы, 37 әскери сүңгуір, 14 кеме мен катер, сондай-ақ 4 тікұшақты қоса алғанда, 20-дан астам әуе кемесі жұмылдырылды. Ведомстволардың күштері мен құралдарымен су айдыны, жағалау аймағы және оған іргелес аумақтар әуеден үздіксіз бақыланып, тексерілуде, - делінген министрліктің хабарламасында.

Оқиға фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Арнайы комиссия оқиғаның барлық себептері мен мән-жайларын анықтау мақсатында тергеу іс-шараларын жүргізуде. Қаза болғандардың отбасыларына және зардап шеккен әскери қызметшілерге қажетті материалдық және психологиялық көмек көрсетіледі.


Еске сала кетейік, оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау барысында ауа райының кенеттен әрі күрт нашарлап, желдің екпіні күшеюіне байланысты ашық теңізге 17 әскери қызметшіні алып кеткен болатын. Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде үш әскери қызметші құтқарылды, тағы екеуін іздеу жұмыстары жалғасуда. Өкінішке қарай, 12 әскери қызметші қаза тапты.

Айта кетейік, кетейік, бұған дейін Каспийде оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші суға батып кеткені хабарланды.

Бас прокуратура Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші суға батып кету оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғалып, жедел-тергеу тобы құрылғанын айтты.

Сондай-ақ, әскери қызметшілердің қазасына байланысты Үкіметтік комиссия құрылып, Премьер-министр Олжас Бектенов шұғыл тапсырма берді.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстауда қаза тапқан әскери қызметкерлердің туған-туыстарына көңіл айтты.

25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

Одан кейін Қорғаныс министрлігі қаза тапқан 12 әскери қызметшінің есімдерін жариялады.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев қайғылы оқиғаға себеп болған әрбір лауазымды тұлғаның заң алдында жауап беретінін мәлімдеді.

Маңғыстауда әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты екі қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық істің барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Қазақстан Халық Кеңесі мүшелері қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық көмек көрсетеді. Қайырымдылық бастамасына еліміздің әр өңірінен 17 кәсіпкер қосылды.

Елімізде болған қайғылы оқиғаға қатысты Ресей президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа көңіл айтты. Владимир Путин жеделхатында қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына қолдау білдіріп, олардың қайғысына ортақтасатынын жеткізді.

Мемлекет басшысы Ресей президентіВладимир Путинге Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қазақстандық әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты көңіл айтқаны үшін ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде Қарулы Күштердің әскери қызметшілері қаза болғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдағанын жеткізді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале