Заң және тәртіп
Қазақстандық қазылардың жұмысы «Сот жүйесі мен судьялар мәртебесі» туралы Конституциялық заңның аясында реттеледі. Бұл заң судьялардың қорғаны, жұмыс бағдары іспеттес. Үшінші биліктің беделін биіктетіп, қызметін жетілдіру мақсатында аталмыш заңға толықтырулар мен өзгерістердің енгізілуі – қалыпты үрдіс. Жақында заң тағы бір жаңашылдықтармен толықты. Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Астанада жаңа үш кассациялық сот жұмысын бастайтын болды. Бұл жөнінде Батыс Қазақстан облысының Тасқала аудандық сот төрағасы Әлия Теберикова айтты.

Сурет: freepik.com
Жаңа үлгідегі кассациялық соттарды енгізу – халықтың қалауы. Себебі азаматтар бүгінгі күні тәжірибеде қолданылып отырған «Таңдап қарау кассациясына» көңілі толмайтынын үнемі айтып, көрсетіп келген еді. «Ісіміз Жоғарғы Сотта шешімін табады» деп күткен тараптар Жоғарғы Сотқа жолданған шағымдардың таңдаулылары ғана кассациялық алқаның қарауына жіберілетініне өкпелі болатын. Ел ішінде үнемі айтылатын бұл кемшілік Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен отандық кәсіпкерлер қатысқан жиында да талқыланды. Көпшіліктің уәжі мен ұсынысына қаныққан Президент дербес кассациялық инстанция құру мәселесіне тоқтала келе «Бүгінде қылмыстық және азаматтық істердің небәрі 5 пайызы ғана кассацияға жолданады. Бұл өте аз әрі азаматтар сұранысына сәйкес келмейді. Сондықтан өз алдына бөлек кассациялық инстанция құру мәселесі пісіп жетілді деп ойлаймын» дей келе, құзырлы органдарға арнайы тапсырма жүктеген болатын.
«Мемлекет басшының мәселені төтесінен қоюы өте орынды. Шындығында, кассациялық сатыда барлық істерді қайта қарауға мүмкіндік болмады. Себебі кассациялық сот алқасы өзiнiң қарауына жатқызылған сот iстерi мен материалдарын ғана қарау құзырына ие болды. Атап айтар болсақ Азаматтық процестік кодексіне сай оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен қаралған, татуласу рәсімдерімен аяқталған, талап қою сомасы 2000 АЕК-тен кем болған кезде жеке тұлғалардың ісі кассацияда қаралмайтын. Сонымен бірге талап қою сомасы 30 000 АЕК-тен кем болған кезде заңды тұлғалардың мүліктік мүдделеріне байланысты істер де кассациялық алқаның назарына ұсынылмады. Қылмыстық сот ісін жүргізуде де шектеулер болды. Айталық қылмыстық теріс қылықтар туралы істер кассациялық сатыда қаралмайтын. Бұл өз кезегінде Ата Заңымыздың 13-бабының 2-бөлігінде көзделген әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар делінген қағидаға сәйкес келіңкіремеді. Ал Президент тапсырмасына сай дайындалған жаңа өзгерістер Астанада жұмысын бастағалы отырған үш кассациялық соттың сапалы қызмет етуіне жол ашпақ.
Бұл жаңа реформаның негізгі мақсаты – әрбір сот сатысының тиімділігін арттыру. Себебі сот төрелігін жүзеге асырудың сапасы мен азаматтардың соттарға деген сенім деңгейі сот сатыларының тиімді жұмыс істеуіне байланысты. 2025 жылдың 1 шілдесінде кассациялық соттардың тәжірибеге енгізілуімен кассациялық өтініштерді алдын ала қарау тәртібі жойылады. Осылайша алдағы жылдан бастап кассациялық сатыдағы істерді тараптарды шақыра отырып, ауызша сот процесінде істі талап ете келе, кемінде үш судья қатысатын алқа құрамы қарайтын болады.
Халықтың қалауына сай қолға алынған реформа халықтың сотқа деген сенімін нығайта түсері талассыз», - деді ол.