28.08.2026, 11:15
Оқылды: 20

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Азаматтар елімізде жүзеге асып жатқан ауқымды өзгерістерді жаппай қолдауда»

5226584039840489662

Қасым-Жомарт Тоқаев:

«Азаматтар елімізде жүзеге асып жатқан ауқымды өзгерістерді жаппай қолдауда. Мұны Құрылтай сайлауы айқын аңғартты.

Осы науқанға азаматтарымыздың 74 пайыздан астамы қатысып, дауыс берді. Халқымыз ел тағдырына әсер ететін тарихи таңдауын жасады.

Жұртымыз бұл іске зор жауапкершілікпен қарап, қоғамымыздың ауызбіршілігін паш етті. Осылайша, ел бірлігінің мызғымас тірегіне айналған «Әралуан пікір – біртұтас ұлт» қағидаты нақты жүзеге асты.

Құрылтай сайлауына шетел азаматтарының қызығушылығы өте жоғары болды. Қазақстанға беделді халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттен 800-ге жуық байқаушы келді. Бұл – ұлттық парламентаризм тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.

Сайлау ашық әрі әділ өтті, өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бүгінде азаматтарымыз саясатқа оң көзбен қарап, қоғамдық істерге белсене араласатын болды. Бұл – жақсы үрдіс.

Мұны жұртшылықтың депутаттарға қоятын талабы әрдайым жоғары болады деп түсінген жөн. Қазіргі заман құр уәденің, жалған сөз бен жалаң ұранның уақыты емес. Біздің қоғам кемелдене бастады.

Ел ішінде кәсіби Парламентке деген сұраныс артқанын көріп отырмыз. Құрылтайға білікті мамандардың келуі – осының айқын дәлелі. Әрине, бәсекенің аты – бәсеке. Біреу ұтады, біреу ұтылады.

Алайда елімізде өз пікірін білдіруге, өз көзқарасын айтуға неше түрлі тетік бар. Заңымызға сай келетін түрлі мардымды пікірлер, ұсыныстар неғұрлым көп айтылса, елімізге де соғұрлым тиімді болады, нақты пайдасы тиеді».

«Жалпы, бұл сайлаудың мәні де, мазмұны да өзгеше болды. Себебі өткен сайлау ең алдымен Қазақстандағы саяси алуандықтың жаңа сапалы деңгейге көтерілгенін байқатты.

Партиялар өзінің әлеуетін толық көрсетті. Өз бағдарламасын жұртшылыққа жан-жақты түсіндіріп, жеткізе білді.

Науқанға қатысқан барлық партияның ұсыныстары жұртшылықтың назарын аударды, қоғамдық өмірге үлкен серпін берді. Көптеген байқаушылар партиялардың арасында ашық бәсеке болғанын айтты.

Шын мәнінде, әр партияның өз бағдары, ұстанымы және идеологиясы бар. Науқан барысында олардың қоғамдағы рөлі, саяси жүйедегі орны айқындала түсті.

Мұны Құрылтай сайлауының негізгі жетістігі деп бағалауға болады. Осындай оң өзгерістердің арқасында Қазақстандағы саяси-қоғамдық мәдениет үнемі дамып, жетіліп отырады.

Болашақта партиялардың билік жүйесіндегі ықпалы да күшейе түседі. Әр науқан сайын олардың рөлі арта бермек.

Сондықтан партиялар алған бағыттарынан таймай, сайлаушылармен жұмысты жалғастыра беруі керек. Сонда ғана саяси ұйымдардың беделі күшейе түседі.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, партиялар ұсынған бағдарламалардың мазмұнына ерекше тоқталғым келеді. Бұл құжаттарда тың идеялар, тиімді ұсыныстар бар. Оның бәрі де алдағы жұмыс барысында мұқият сараланады.

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін ең ұтымды шешімдер Үкіметтің жұмысында ескерілуге тиіс.

Сайлауда «Әділет» партиясы басым дауыспен жеңіске жетіп, Құрылтайда конституциялық көпшілікті құрап отыр. Сондықтан «Әділет» партиясына қойылатын талап та, артылатын үміт те, сенім де аса жоғары.

Осы орайда, қоғамды ортақ мүддеге ұйыстырып, реформалардың қозғаушы күші болу өте маңызды. Бұл міндет ойдағыдай орындалады деп сенемін».

«Жалпы, Құрылтайдың алғашқы құрамына айрықша жауапкершілік жүктеледі.

Депутаттар халықтың аманатына адал болып, мемлекет мүддесіне қызмет етуі керек. Бұл – анық ақиқат. Мұны ешқашан естен шығармау қажет.

Қазіргі таңда еліміз дамудың даңғыл жолына түсті. Қазақстан жаңа өрлеу кезеңіне қадам басты. Биыл еліміздің болашағы үшін мән-маңызы зор көптеген тарихи оқиғалар болды.

Халқымыз аз уақыт ішінде бір ұлт болып көп жұмыс атқарды. Елімізде жалпыұлттық референдум арқылы ауқымды конституциялық реформа табысты жүзеге асырылды. Осылайша, біз нағыз Халық Конституциясын қабылдадық.

Жаңа Конституцияның өз күшіне енуін төл тарихымыздағы аса маңызды бетбұрыс деп бағалауға болады. Соның нәтижесінде өсіп-өркендеуімізге жол ашатын мықты заңды негіз қалыптасты.

Қазіргі заманның сын-қатерлеріне төтеп бере алатын мүлде жаңа саяси-құқықтық жүйенің іргетасы қаланды.

Бұл жүйе мемлекет құрылымын толық жаңғыртып, билік институттарының тиімділігін арттырады, сондай-ақ, азаматтарымыздың ел басқару ісіне атсалысуына нақты мүмкіндік береді».

«Реформаның арқасында тарихи тамыры тереңде жатқан Құрылтай ұғымы қайта жаңғырды.

Ата-бабамыз ел тағдыры шешілетін сындарлы сәттерде Құрылтай шақырған. Мысалы, Талас құрылтайы алып империя – Алтын орданың құрылуына себепкер болды. Ал Ордабасы құрылтайы қиын-қыстау кезеңде барша қазақты бір байрақтың астына жинады.

Бұл ұғым Ұлы даладағы парламентаризм институтының жылнамасы тереңде екенін айғақтайды. Сондықтан заң шығарушы органға Құрылтай деген атау бердік.

Бұл – өткенді көксеу емес. Бұл – тарихи сабақтастықты сақтау, саяси дәстүрді заманауи басқару жүйесімен ұштастыру деген сөз.

Құрылтай ұғымы халқымыздың өткенін, бірегей болмысын және жарқын болашаққа деген ұмтылысын айшықтайды.

Біз өскелең ұрпақтың игілігі үшін ынтымағы жарасқан, Заң мен тәртіп үстемдік құрған Әділетті, Қауіпсіз, Таза және Күшті Қазақстанды құрып жатырмыз. Алда ауқымды жұмыс күтіп тұр.

Сіздер осы миссияны іске асыруға белсене атсалысып, ең алдымен ұлттың, жалпы халықтың мүддесіне адал қызмет етесіздер деп сенемін».

Дереккөз: t.me/aqorda_resmi

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале