Қасым-Жомарт Тоқаев Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің алғашқы отырысын өткізді. Жиында еліміздің ғылыми-техникалық саясатының алдағы басымдықтары айқындалды.
Мемлекет басшысы қай заманда да дамудың басты кілті ғылым екенін атап өтті. Бұл туралы ҚР Президентінің баспсөз қызметі хабарлады.
– Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы – білімнің жемісі. Әсіресе қазіргі озық технология дәуірінде ғылымсыз алға басу мүмкін емес. Сондықтан мен ғылымды дамыту ісіне айрықша мән беріп отырмын. Осы өзекті мәселе бойынша сайлау алдындағы бағдарламада арнайы өз пікірімді айттым. Себебі ғылымды дамыту – мемлекет саясатындағы ең маңызды бағыттың бірі. Өкінішке қарай, елімізде ұзақ жыл бойы оған баса назар аударылған жоқ. Соған байланысты шешімін таппай жатқан мәселелер аз емес. Тіпті, бұл сала артта қалды деуге болады. Біз өркениетті ел боламыз десек, осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент ғылым мен технологияның өте қарқынды дамып жатқанына тоқталды. Оның айтуынша, ғылым саласы қаржы айналымы миллиардтаған долларды құрайтын алып индустрияға айналды. Технологиялық ірі корпорациялардың құны триллион долларға жеткен. Нейрожелі және жасанды интеллект революциялық үдерістерге бастау болып жатыр.
– Бір сөзбен айтсақ, заман өте жылдам өзгеріп жатыр. Біз осы өзгеріске бейімделуіміз керек. Әйтпесе өркениет даңғылынан қалып қоюымыз мүмкін. Түпкі мақсатымыз – көшке ілесетін емес, сол көшті бастайтын елдердің қатарында болу. Бұл мақсат, әрине, өте күрделі, оны жақсы түсінуіміз керек. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Жалпы, біз алдымызға қол жеткізе алмайтын тым асқақ мақсаттар қоймауымыз керек, бірақ ғылыми жетістіктерге жету үшін бар күш-жігерімізді салуымыз қажет. Қазақстан үйренетін емес, үйрететін, тұтынатын емес, өндіретін мемлекетке айналуға тиіс. Бұл міндет бос сөз күйінде қалмауы керек. Ол үшін біз әрдайым батыл қимылдап, бір қадам алда жүруіміз қажет. Жұмысты дұрыс үйлестіре алсақ, бұл шаруа біздің қолымыздан келетіні анық, – деді Мемлекет басшысы.