21.11.2022, 16:00
Оқылды: 51

Катардағы футбол додасындағы қызықтар

Катардағы доп додасы жалауын желбіретті. Қабылдаушы ел мундиальға тыңғылықты дайындалғаны ашылу салтанатынан және футбол додасы үшін салынған жаңа үлгідегі салтанаты келіскен стадиондардан көрініп тұр. Сонымен қатар бұл мундиаль күздің соңы мен қыстың басында ұйымдастырылып жатқан алғашқы дода. Сонымен қатар 32 ел құрамасы қатысқан соңғы әлем біріншілігі болады. Енді 2026 жылғы доп додасында 48 команда бақ сынамақ.

19

Фото дереккөзі: easports.com

Осы күні Катар стадиондарындағы жан алысып, жан беріскен футбол мерекесі басталып кетті. Алғашқы матчта алаң иелері Эквадор құрамасымен күш сынасып, 0:2 есебімен жол берді. Ескі форматта өткізіліп жатқан соңғы әлем чемпионатының алғашқы голын эквадорлық Эннер Валенсия соқты. Тағы бір қызық факт бұл мундиальда соғылған екінші голдың авторы да осы Эннер Валенсия.

Бүгін Катардағы доп додасының тағы екі матчы өтеді. Алғаш болып Англия мен Иран кім мықтыны анықтаса, одан соң Нидерланд құрамасы мен Сенегал аяқдопшылары алаңға шығады.

Мундиальдың қызығы футбол екенін айтпаса да түсінікті. Бірақ көпшілікке қызық болар өзге де ақпарат жетерлік. Соның бір сыпырасын оқырманға ұсынбақпыз.

  1. Алғаш рет әлем чемпионаты ойындарына нәзік жанды төрешілер қызмет етеді. Жанкүйерлер франциялық Стефани Фраппар, Руандадан келген Салима Мукансанга және жапон қызы Ëсими Ямасита сияқты бұрымды төрешілердің қызметіне баға бере алады.
  2. Дода фавориттерінің бірі саналатын Англия құрамасы әлем чемпионатына қатысып жатқан ең қымбат команда. Футбол отанының намысын қорғауға келген ойыншылардың жалпы құны 1,26 млрд еуроны құрайды екен. Ал ең арзан команда Катар құрамасы. Алаң иелерінің құны 14,9 млн еуро.
  3. Африка командаларының мықтысы саналатын Сенегал құрамасының бір де бір ойыншысы өз елінің чемпионатында ойнамайды. Теранга арыстандары (Сенегал командасының лақап аты) командасының барлық өкілі әр елдің чемпионатында ойнайтын легионер футболшылар.
  4. Әлем чемпионатына келген 32 ел командаға 26 ойыншы тіркей алады. Неге екені белгісіз Иран құрамасы 25 ойыншымен келді. Сонда бұл сында 831 футболшы өнер көрсетеді деген сөз. Осы 831 ойыншының 137-сі өзге елде туып, мүлдем басқа елдің намысын қорғап жүрген футболшылар. Ал Марокко құрамасының 14 ойыншысы ол елде тумаған. Бұл рекорд. Тіпті өзге ел футболшылар шақыртудың "шебері" Мираслав Беранек баптаған кездегі біздің құрама да бұндай "жетістікке" жете алмайтын секілді.
  5. Германия құрамасының шабуылшысы Юсуфа Мукоко әлем біріншілігінің ең жас ойыншысы. Неміс футболшысы мундиаль басталған күні кәмілет жасқа толды. Ал ең егде ойыншы 40 жастағы мексикалық қақпашы Альфредо Талавера. Десе де ең жас команда неміс құрамасы емес. Бұл көрсеткішті Гана құрамасы бастап тұр. Аталған ел командасының орташа жасы 24,7 жылды құрайды. Ал ең кәрі команда Иран ұжымы. Олардың орташа жасы 28,9.
  6. Бұл тізімде Месси болмаса, оның фанаттары кешірмесі анық. Сондықтан өзгеғаламшарлық жайында да бір факт ұсынуды жөн көрдік. 2022 жылғы әлем чемпионатына дейін мундиальдарда 19 ойын өткізіп үлгерген Леонель Катардағы додада әлем чемпионаттарында ең көп матч ойнаған футболшы ретінде тіркелді. Бірақ германиялық Томас Мюллер аргентиналықтан нәтижелі пас беру көрсеткіші бойынша озып тұр. Осы кезге дейін раумдойтер (Томас Мюллерді солай атайды) әлем чемпионаттарында алты голдық пас авторы атанған. Одан бөлек соққан он голы бар.
  7. Германиялық "Бавария" футбол клубында ойнайтын 17 футболшы әлем чемпионатында өнер көрсету құқына ие болды. Басқа бір де бір клуб мұндай көрсеткішпен мақтана алмайды.
  8. 44 жастаға аргентина құрамасының бас бапкері Лионель Скалони әлем чемпионатының ең жас бапкері. Ал Нидерланды құрамасын бастап келген Луи Ван Гал ең қарт бапкер атанды. Оның жасы 71-де.
  9. Марокко құрамасының жартылай қорғаушысы Ильяс Шаир әлем чемпионатына келген ең қысқа ойыншы. Оның бойы 158 сантиметр. Ал 203 сантиметр бойы бар голландиялық қақпашы Андрис Нопперт осы біріншілікті ең ұзын футболшысы атанды.
  10. Тарихында алғаш рет әлем біріншілігін қабылдап жатқан Катар бес қаласына сегіз стадион тұрғызды. Олар ыстықты ыстықты реттеп, стадион ішінің температурасын 27 градустан асырмайтын арнайы ауа салқындатқыш жүйелірімен жабдықталған. Стадиондардың ең үлкені 86 000 көрермен қабылдай алатын "Лусаил Айконик" аренасы. Осы жерде 2022 жылғы әлем чемпионатының финалдық ойыны өтеді.

Біз тапқан, әлем біріншілігі туралы қызықты фактілер осы болды. Десе де сөз басында айтқандай қызықтың бәрі жасыл алаңда болады.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале