Оқу жылы басталғалы облыстағы мектептерде коронавирус індетімен ауырған 130 оқушы анықталған. Осыған байланысты 26 мектепте 38 сынып, колледждерде үш топ және жоғары оқу орындарында бір топ карантинге жабылған.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев және облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Әбдірахмановамен өткен брифингте айтылды.
Ел ішінде індет жайлағалы бері облыс бойынша 35 928 адамнан коронавирус инфекциясы анықталса, қыркүйек айынан бері 925 адам індетке шалдыққан. Ауырғандардың көбі Орал қаласында тіркелсе, Бәйтерек, Бөрлі, Шыңғырлау, Теректі, Казталов аудандарында да ауру көрсеткіші аз емес. Қазіргі күнде коронавирус инфекциясы көбіне 26-40 жас аралығындағы науқастар арасында анықталуда.
– Соңғы апта ішінде мониторинг топтары 87 рейд жүргізіп, 702 нысан қам-
тылды. 15 нысанда карантин талаптарының сақтамайтындығы анықталды.
Анықталған бұзушылықтар бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабы 1-бөлігімен 18 хаттама толтырылып, 1 370 990 теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Соңғы аптада "Ashyq" жобасына қатысатын нысандарда "сары/қызыл" мәртебесі бар 102 адам келген. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша кодекстің 425-бабы 1-бөлігімен жеке тұлғаларға 4 783 880 теңге мөлшерінде барлығы 110 әкімшілік хаттама толтырылды, – деп атап өтті Нұрлыбек Мұстаев.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Әбдірахманованың айтуынша, облыс бойынша барлығы 47 екпе пункті жұмыс істейді. Екпе басталғалы вакцинаның 1-компонентімен 209 508 адам (58,2%), 2-компонентімен 176 654 адам (49,07%) егілді. 15 қыркүйектен бастап облыста тұмауға қарсы жоспарлы егу басталады. Бұл өткір респираторлық аурулар кезінде азаматтардың тұмауға қарсы тұрақты иммунитеті қалыптасуы үшін жасалады. 2021 жылы бюджет қаражатына Ресейде өндірілген "Гриппол+" вакцинасының 68 000 дозасы сатып алынды. COVID-19 аурушаңдық жағдайларының тіркелуінің төмендеуіне байланысты инфекциялық стационарлардағы төсек-орындарының саны 1 459-дан 1 063-ке дейін қысқарды.
– Қазіргі күні 96 реанимациялық төсек-орында 40 науқас емделуде. Олардың ішінде бес науқас аса ауыр халде жатыр. Реанимацияда жатқан науқастардың 36-сының, ілеспелі ауруы бар, яғни, 28-інде жүрек-қан тамырлары аурулары, 8-інде қант диабеті анықталды. Жоғарыда аталған жағдайы мүшкіл науқастардың көбі вакцина алмаған тұрғындар. Облыс бойынша медицина ұйымдарына коронавирус инфекциясына қарсы «Спутник V», «QazVac», «Hayat - Vax», «Corona - Vac», «Vero Cell» вакциналары теңдей бөлінді. Вакцинаның ІІ компонентімен барлығы 176 686 адам егілді. Эпидемияны одан әрі төмендетуді және білім беру мекемелерінде жаңа оқу жылын штаттық режімде жалғастыруды қамтамасыз ету мақсатында халықты вакцинациялауға және қоғамдық орындар мен қоғамдық көліктерде бетперде режімін сақтауға, адамдар көп жиналатын жерлерге бармауға, көпшілік іс-шараларды өткізбеуге және бармауға шақырамыз, - деді баспасөз мәслихатын түйіндеген Гүлнар Мақсотқызы.
Айта кетейік, барлық емханада демалыс күндерін қосқанда, апта бойы таңғы сағат 8 бен кешкі 20.00-ге дейін егу пункттері жұмыс жасайды, «City center» сауда-ойын-сауық орталығы жанында вакцинацияға арналған жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді.
Гүлжамал Жолдығали,
zhaikpress.kz