Облыстық прокуратурада өткен үйлестіру кеңесінде өңірдегі криминогендік ахуал жан-жақты талқыланды. Жалпы қылмыс саны азайғанымен, қоғамды алаңдататын бірқатар өзекті мәселе әлі де өткір күйінде қалып отыр. Әсіресе жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың көбеюі, пышақтасу оқиғалары мен қоғамдық орындарда тәртіптің әлсіреуі құқық қорғау құрылымдары мен жергілікті биліктің жұмысын қайта саралауды талап етеді.

Кеңес отырысына облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, өңірдегі құқықтық тәртіптің қазіргі жай-күйіне тоқталды. Жиында айтылған мәліметке сүйенсек, облыста қылмыс деңгейі 18,6%-ға төмендеді. Дегенмен адам өлтіру, тонау, зорлау және қылмысты қайталап жасау қайтадан өршіді. Өкінішке қарай, жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандар саны артты.
Облыс прокурорының орынбасары Азамат Сәтбаев жасөспірімдер қылмысының көбеюі ерекше назар ауда-руды қажет ететінін айтты. Оның сөзінше, тіркелген тонау деректерінің жартысынан астамын кәмелетке толмағандар жасаған. Батыс Қазақстан инновациялық-техникалық университеті, Құрманғазы атындағы саз колледжі, жоғары аграрлық-техникалық колледжінің, қаладағы медициналық колледждердің студенттері, сондай-ақ Оралдағы №1, 9, 15, 17 мектептері мен Бәйтерек ауданындағы Дариян орта мектебінің оқушылары жиі қатысқан.
Биыл қаңтардың 2-сі күні қаладағы Астана шағынауданында төрт жасөспірім қатарласын қорқытып, ұялы телефонын тартып алған. Бұл жағдай кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия мен мектеп инспекторлары тарапынан профилактикалық жұмыстың әлсіз екенін аңғартады.
– Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың өсуі ерекше алаңдатады. Бұл білім беру ұйымдарында алдын алу шараларының тиісті деңгейде жүргізілмейтінін көрсетеді, – деді Азамат Сәтбаев.
Өңірдегі көңіл көтеру орындарындағы ахуал да күрделі. Жыл басынан бері мұндай мекемелерде 32 қылмыс тіркелді. Ал оңтүстік аудандарда мал ұрлығының жиілеуі тұрғындардың алаңдаушылығын күшейтіп отыр. Бұған дейін ведомствоаралық комиссия нақты тапсырмалар бергенімен, жергілікті жерлердегі бақылаудың әлсіздігі салдарынан нәтиже мардымсыз болған. Осыған байланысты облыс әкімі рейд жұмысын күшейтіп, мал бағымын ұйымдастыру және жауапты мамандардың жұмысын ширату қажеттігін айтты.
Кеңесте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары да сөз болды. Облыс әкімі соңғы уақытта жедел басқару орталықтарының қызметі күшейтіліп, интеллектуалды бейнебақылау және жылдамдық өлшеу жүйелері енгізілгенін атап өтті.
– Бөрлі, Бәйтерек, Сырым аудандарында бақылау орнату кезіндегі оң тәжірибені Теректі, Тасқала, Жаңақала, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарында биыл толық аяқтауды жоспарлап отырмыз. Көшелер мен мектеп маңдарын жарықтандыру да қауіпсіздіктің маңызды бөлігі. Алайда атқарылған жұмыстарға қарамастан, өңірдегі криминогендік ахуал жіті бақылауды талап етеді, – деді Нариман Төреғалиев.
Өңірде былтырдан бері жүзеге асып келе жатқан «Қауіпсіз өңір» жобасы осы мәселелердің алдын алуға бағытталған. Жобаның негізгі мақсаты – қоғамдық кеңістіктерді қауіпсіз әрі жайлы ету арқылы құқықбұзушылық деңгейін төмендету. Бастама «сынық терезе теориясына» негізделген. Яғни ұсақ тәртіпсіздіктерге дер кезінде тосқауыл қойылмаса, оның соңы ауыр қылмысқа ұласуы мүмкін.
БҚО прокурорының көмекшісі Әсел Зайдулина жоба аясында нақты нәтижелер бар екенін жеткізді.
– «Қауіпсіз өңір» жобасының мақсаты – елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту арқылы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Жоба аясында облыс орталығында 52 көше мен 29 аула жарықтандырылып, жасанды интеллекті бар 300 бейнекамера орнатылды. Көшелер абаттандырылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде қылмыс деңгейі 18 %-ға төмендеді, – деді Әсел Зайдулина.
Үйлестіру кеңесінің қорытындысында Орал қаласы мен аудан әкімдеріне, құқық қорғау құрылымдары мен сала басшыларына «Қауіпсіз өңір» жобасының әр бағыты бойынша жұмысты күшейтіп, орындалуын тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.
Түгелбай Бисен,
«Орал өңірі»