3.09.2021, 9:38
Оқылды: 18

Қауіпсіздік шаралары күшейтілмек

Сейсенбіде облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен кезекті жедел штаб отырысы өтті. Жиында облыстық  санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев қазіргі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай, шектеу шараларының нәтижелері жөнінде айтып өтті.

24a69eaa-fbc4-477d-8962-c8dba5720567

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибеков:

– Вакцинация вирустан 100% қорғамайды. Бірақ ағзаны күресуге дайындайды. Егілген адам індет жұқтырған жағдайда ауру-сырқауды жеңіл өткізіп, вакцина алмаған адамға қарағанда тез сауығып кетеді. Облыс тұрғындарына өздігінен емделмеуге кеңес береміз. Өте ауыр жағдайда ауруханада жатқан науқастардың бәрі вакцина алмағандар. Вакцина қабылдағандардың арасында коронавирустан өлген ешкім жоқ, – дей келе, тұрғындарды екпе алуға шақырды.

Жыл басынан бері облыста вакцинаның екі компонентінің 454 700 дозасы алынған (247 650 доза – I компонент; 207 050 доза – II компонент). Тұрғындар «Спутник V», «QAZVAС», «Hayat  Vax», «Corona Vac», «Vero Cell» вакциналарының біреуін таңдап, инфекция қаупін төмендете алады.

Орал қаласының әкімі Абат Шыныбековтың мәліметіне қарағанда, мониторингтік топтар «Каспий», «Наурыз», «Арбат», «әл-Фараби», «Эмират» мейрамханаларының, «Eldivino» ойын-сауық орталығының карантиндік шектеулерді бұзғанын әшкерелеген. Әкімдіктегі қызметкерлер мен еріктілердің көмегімен қоғамдық көліктерде вакцинация туралы жазылған парақшалар таратылуда.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Мақсотов «Ashyq» мобильдік қосымшасын қолданатын нысандардың күн санап көбеюде екендігін тілге тиек етті.

– Енді кезекті оқу жылы басталады. Қоғамдық көліктермен қатынайтын адамдар көбейеді. Босаңсуға болмайды. Әсіресе, үйде отырған үлкен кісілердің денсаулығын сақтау үшін қауіпсіздік шараларын күшейтіп, мониторингтік топтардың жұмысын ширату шарт, – деді облыс басшысы.

 

 Марлен Ғилымхан,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале