Ауылдағы ағайын мен қала маңындағы өзен, көлшіктерді жағалай қонғандар үшін қаз ұстаудан асқан кәсіп жоқ. Көп жұрт солай жасап та жүр. Бірі өзі үшін күздік ет болады деп бақса, біреулер қаз балапандарын сатады, енді бірі семіртіп қысқы мерекелер алдында одан пайда көруде.

oznor
17 жылдан бері қаз сатуды кәсіп қылып жүрген Ізбасар Кенжалиев құстың бұл түрін ұстаудың өз машақаты мен қатар пайдасы да бар екенін айтады. Кәнігі құсшының айтуынша, бұл істің ең қиын тұсы - балапан жетілдіру. Өйткені қаз балапандары әлжуаз келеді. Әсіресе жұмыртқадан шыққаннан кейінгі алғашқы аптада оларға көп күтім қажет екен. Сондай-ақ балапандарды таза, құрғақ әрі жылы жерде ұстаған жөн. Үш күнге дейін пісірілген жұмыртқа, қант қосылған су бересіз. Бір қасық қантты бір литр суға езу керек. Ал үш күннен кейін түрлі жармалар мен шөп беруге болады. Ветеринарлық дәріханадан «Старт» аталатын арнайы жем де алған дұрыс. Ара-тұра құс ішіндегі құрттарды тазалау үшін «АСД-2», «Е-Селен», «Седимин» сияқты иммунитет көтеретін дәрілерді береді. Бұл дәрумендердің тағы бір ерекшелігі жұмыртқа сапасын да арттырады. Балапан баптаған жан оны алғашқы үш аптада мықтап қадағалағаны ләзім. Ал 21 күннен кейін жайылымға шығаруға болады. Тағы бір ерекшелігі қаз жайылымда жүргенде тез өседі. Адам қолға үйреткен алғашқы құстардың бірі саналғанымен тауық не үйрек сияқты қамауда тұрғанды ұнатпайды.
-Қаз фермаларын салып, толыққанды кәсіп ашу елімізде әлі де мықты дами қоймаған. Біздегі қаз сатушылардың біразы балапандарды көрші елдегі фермалардан әкеліп сатады. Осы іспен айналысып жүргеніме көп болды. Биыл сәтін салса, шағын қаз фермамды салмақпын. Құстың бұл түрінен жыл бойы мол пайда көруге болады. Сәуірден тамызға дейін балапан саудаласақ, кейін етін саттыққа шығарамыз, - дейді Ізбасар.
Көп жыл қаз баққан кәнігі құсшылар осы кәсіпті жаңа қолға алған жандарға қаздың линда, холмагор, үлкен сұр сияқты түрлерін алуға кеңес береді. Өйткені осы тұқымдар біздің өңірге тез бейімделеді әрі табу оңай. Енді аталған қаз тұқымдарының ерекшеліктеріне тоқталсақ. Линда тұқымды ақ қаздардың артықшылығы олар тез өседі. Салмақты да жылдам жинайды. Сойған кезде аналықтарының таза салмағы 5-6, аталықтарының салмағы 8-10 келіге дейін барады. Әрине, ол үшін қазды жақсылап бағып, күтуің керек. Егер жаз бойы бағып, күзде қаз етін сатам деген жан болса, линда асырағаны дұрыс. Ал бір кемшілігі олар жұмыртқа жақсы туғанымен, басуы бәсең. Кейде тіпті, ұясын тастап кетіп жатады. Әрине, барлық ақ қаз сондай дей алмаймыз. Дегенмен одан балапан алып, бастырам деген жан қосымша шығын шығарып, инкубатор алғаны жөн. Сондай-ақ линда суды ерекше сүйетін қаз тұқымы. Шомылмаса, салмақ жоғалтып, аурушаң болады.

Ал сұр қаз :қала маңында ұстауға таптырмас тұқым. Тамақ талғамайды, олардың тұрар орындарын да аса бір баптаудың қажеті жоқ. Бұл қаздардың өзі екіге бөлінеді, алғашқысы украиндық сұр қаздар. Екіншісі тамбовтық. Бір-бірінен аса бір үлкен айырмашылығы да жоқ. Тек Тамбовтың сұр қазы біздің елдегідей кең далада өзін жақсы сезінеді. Бұл тұқымды шығарған селекционерлер де осыны көздеген. Артықшылығы да сол, сұр қаз линда сияқты суқұмар емес. Оны тіпті аулада сусыз жерде де өсіруге болады. Аналық сұр қаздың таза салмағы 5-6 келіге дейін жетсе, аталығының салмағы 6-8 келіге дейін барады. Жұмыртқа туу көрсеткіші де жаман емес. Тіпті басуы да көңілден шығады. Аналық инстингті жақсы дамыған. Балапандарын көзінен таса етпейді. Холмогор қаздары етті тұқым болып саналады. Артықшылығы балапандары тез жетіледі әрі иммунитеттері күшті болады. Басқа қаз балапандарындай ауруға көп шалдықпайды. Сойған кезде аталығының салмағы 12, аналығы 8 келіге дейін барады. Аналық инстинктісі де жақсы дамыған. Тек бір кемшілігі қыста көп күтімді қажет етеді. Өйткені ызғарға шыдамсыз.
Бүгінде өңіріміздің түкпір-түкпірінде қаз ұстап, кәсіп етушілер баршылық. Сондай жанның бірі - шыңғырлаулық Жасұлан Өмірғалиев. Ол бұл құсты жылдың кез келген мезгілінде семіртуге болатынын айтады.
-Қаз аяз түспей семірмейді деген түсінік қате. Қыста табанына сыз өткен мақұлық көп қозғалмай жатып алады. Сол себепті семіреді. Ал жылдың басқа мезгілінде семіртудің ең жақсы тәсілі қазды көп қозғалмайтындай тар орынға қамап, жем-суын үзбей беріп тұру. Бидай, жүгері, күнбағыс дәнін және ноқат араластырып берсеңіз он күнде семіртіп шыға келеді,- дейді ол.
Біраз жылғы тәжірибесінің арқасында қаз бен балапандар көп шалдығатын ауру түрлерін де білетін Жасұлан құсшы кеселдердің емделу жолдарын да оқып, біліп алған. Сөзінше, балапандар көп шалдығатын ауру сальмонелез екен. Бұл ауруға шалдыққан балапандар аз қозғалады, іштері өтіп, үнемі көзін жұмып жатады. Үш-төрт күнде осы симптомдары бар балапандарды қадағаламаса, өледі. Бұндай құсты бірден негізгі үйірден бөліп алу керек. Тамақ ішкен ыдысын залалсыздандырған да абзал. Ал емі үшін «Фуразолидон» препаратын пайдалану керек. Оны күніне бес миллиграмнан ішер тамағына араластырып, жеті-он күн беріп тұрасыз. Келесі бір жиі кездесетін қаз ауруы Энтерит вирусы. Бұған 5-12 күн арасындағы сарыауыздар шалдығады. Кейде үш апталық өсіп қалған балапандардың да ауырған кездері болып жатады. Аталған ауру жұқтырған балапандар өзін жайсыз сезініп, тоңып, бір орында тұрып ала береді. Емі арнайы екпе жасату. Бұдан емделіп шыққан құстардың өсуі тежеледі. Қазда авитаминоз да болады. Витамин жетіспеуі негізінен рацион біркелкілігінен. Мысалы, В2 дәрумені жетіспеген қаз жұмыртқасының сапасы нашарласа, Е дәруменінің аздығы жүйке жүйесін нашарлататынын айтады құсшы.
Сондай-ақ қаз қамайтын орынның да сайлылығы маңызды. Аурудан бөлек бұралқы иттер мен егеуқұйрық та оларды сүйреп кетуі мүмкін.
Қаз асырау шаруашылықтың тиімді салаларының біріне жатады. Жоғарыда айтылған қиындығына төзіп, күтімін келістіре алсаң бұл іс нағыз табыстың көзіне айналады. Өзім де бірнеше жылдан бері қаз асырап келе жатқан соң түсер пайдасы мен шығынын санап көрдім. Мысалы, шағын ауласы мен жайылымы бар отбасы 20 қаз алды делік. Оған орташа есеппен 30 мыңнан 40 мыңға дейін жұмсайды. Өйткені қазір балапан бағасы өршіп тұр. 1500 бен 2000 теңге арасында. Жаз бойы жейтін жеміне он мың теңге кетеді. Ол 20 қаздың онын отбасы өздері үшін алып қалса, онын сата алады. Әр қаз 4-тен 7 келіге дейін тартады. Біздің 10 қаздың әрқайсысы бес келіден болатын болса, 50 келі қаз бар деген сөз. Қаз етінің келісі 2000 теңгеден боғанда 10 қаздан 100 мың теңге түсіруге болады. Ол соммадан жем мен балапанға кеткен 40 мыңды алып тастайсыз. Сонда бір кездері 1500 теңгеге сатып алған әр балапанды 10 мың теңгеге сатқан болып шыға келесіз. Таза пайда 60 мың. Бірақ бұл жай ғана есеп. Әр құс күтіміне қарай салмақ қосады. Сол себепті пайда көп болуы да аз болуы да мүмкін. Тағы бір айа кететін жайт биыл күзде қаз етінің бағасы қымбаттауы мүмкін. Неге десеңіз балапан бағасы қымбат болды. Жемі мен дәрумендер де арзан емес.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz