Кейінгі жылдары түрлі мемлекеттік мерекелер мен аудан күні, қала күні сияқты атаулы күндер бәйгесіз өтпейді. Жүлде қоры да жыл сайын ұлғайып, жүйрігі топ алдынан келген ат баптаушылар қомақты қаржыға ие болады. Тіпті су жаңа автоарғымақты тақымына басып жатқандар да аз емес. Иесіне бір емес, 10-15 көлік мінгізген жүйріктер бар. Бірақ бәйгенің төңірегінде шешімін күткен мәселе жетерлік. Алғашқы әрі басты мәселенің бірі – елімізде әлі күнге дейін қанды аттардың тізімі жасақталмағаны.
Не себепті жүйріктердің тізімі жоқ?
Ақпараттық технология дамыған заман дейміз-ау. Бірақ осы кезге дейін елдегі бірде-бір таза қанды яки асыл тұқымды тұлпардың дерегі арнайы сайттарда жарияланбайды, олардың алған жүлделері туралы ашық ақпаратты ешқайдан таба алмаймыз. Соның кесірінен кей бәйгелерде желмен жарысқан шын жүйрік пен додаға жаңа қосылған жас жылқы бірге шабады. Бір жағынан, әділ көрінгенімен, бәйгеге жаңа шыққан жас тұлпарларға обал. Сәйгүліктердің тұқымы, суреті, алдына қара салмаған, жүлделі болған бәйгелері туралы, иесі жайында ақпаратты әлі күнге дейін ел аузынан естиміз. Ал егер елдегі қанды жылқылардың тізімі жасақталып, рейтингісі түзілсе, үлкен жүлде тігілген жарысқа шын мықтыны іріктеп, нағыз аламан көрген болар едік. Одан бөлек, бәйгені ақпарат алаңында жарнамалау жайы да оңайлар еді. Мысалы, Ұлыбританияда бәйгеге шығатын жылқылар үлкен жарыстарға қатыспас бұрын біраз тексерістен өтеді. Тіпті бәйгеде шабатын аттардың жынысы, салмағына дейін бірдей болғанына назар аударады. Жылқының аты ғана емес, әкесі мен енесінің генофондық деректеріне дейін жазылады. Әр жарыстан соң жылқының рейтингісі жоғарылайды немесе төмендейді. Оны арнайы комиссия тексеріп отырады. Ал біздің елде әлі күнге дейін мұндай істің жұрнағы да көрінбейді. Бәйгеміз сол Құлагердің кезіндегідей өтеді. Жылқының генофонды туралы ақпарат болмайды. Елдегі бәйгенің жағдайын сұрап, не себепті әлі күнге дейін қанды аттардың жөнді тізімі жасақталмай жатқанын білмек оймен Батыс Қазақстан облыстық «Бәйге» федерациясы басшылығына жолықтық. Бірнеше жылдан бері облыста біраз шаруа тындырып, бәйгенің спорт деңгейіне көтерілуіне жанын салып жүрген федерация басшысы Сатқали Байзуллиннің айтуынша, елдегі қанды жылқылардың тізімі жасақталмай жатқанына құжаттың жөнге келмеуі әсер етеді екен.
– Елдегі бәйгенің алдын бермей жүрген қазақ жүйріктерінде бірізді құжат жоқ. Көп ат ресейлік құжатпен жүр, яғни сол елдің базасында тіркелген. Мемлекетімізде сырттан келген жүйріктерді тіркеудің жүйесі жасақталмаған. Елде қанша қанды ат бар екенін анықтайтын ұлттық база да жоқ, – деді Сатқали Байзуллин.
Мемлекет барлығын реттеп беруге де міндетті емес. Бірақ аламанда шауып, қолдан жасалған дала атшабарына жүйрік жарыстырып үйреніп қалған ат иелерінің арасында да бәйгені дамытсақ, ұшқыр ат баптасақ, әлемді мойындатқан тұлпар шығарсақ дегенге қарсы келетіндер кездесетін секілді. Көбінде «Шабандозым бар, атбегім бар, жүлдемді алдым, осыған да шүкір» деген көзқарас басым. Жабайы атшабарға шауып, алған жүлдесін қанағат тұтады көп атбегі. Ал қалғандары бәйгенің халықаралық стандарттарға сай өткенін, спорт ретінде дамығанын қалайды. Жылқы иелері арасындағы осындай кереғарлық та бәйгенің кенже қалуына сеп болуда.
2019 жылы құрылған Батыс Қазақстан облысының «Бәйге» федерациясы осы кезге дейін біраз жұмыс атқарды. Федерация құжаты реттелді. Тіпті жүйріктерді тіркейтін палатаға дейін бар. Бірақ оның жұмыс істету тетігі жоқ. Жүйрік тіркейтін арнайы дерекқор жоқ. Елдегі сәйгүліктердің көпшілігі солтүстіктегі көрші елдің базасына тіркелген.
– Бізге ұлттық дерекқор керек. Сырттан келген аттың иесі – қазақ, аттың өзі де қазақстандық екенін дәлелдейтін құжат болғаны дұрыс. Елде тіркелген биеден туған құлын аутоматты түрде Қазақстан елінің жылқысы болып жазылуы керек. Ал бізде сырттан алып келген, бағасы миллионнан асатын жүйрік те, 200-300 000 теңгеге алынған сауын сиыр да ауыл шаруашылығы жануары болып тіркеледі. Ал бәйге атының сәйгүлік екенін дәлелдеу үшін ресейліктердің дерекқорына жүгінуге мәжбүрміз, – дейді федерация басшысы.
Тіпті олимпиадаға қатысатын конкур атын алып келген күннің өзінде ол жылқының құжатын ресми дұрыстамасақ, олимпиадаға басқа елдің атынан қатыстыруға тура келеді. Қазақтың жемін жеп, қорасында тұрғанынан еш пайда жоқ. Өйткені жылқыға асыл тұқымды, спорттық жылқы деген бірізді құжат берілмейді біздің елде. Жыл басында әлемді шулатып, елдің атын шығарған «Кабирхан» атты сәйгүліктің жетістігі, оның генофонды туралы ақпарат ресейлік «Ипподром.ру» сайтында тұр. Бұлай жалғаса беретін болса, ата-бабамыздың атты алғаш қолға үйреткенінен не пайда? Сондықтан сәйгүлік иелері бірігіп, қазақ даласындағы қанды аттарды тіркеудің жолын жасауға атсалысу керек. Арнайы база жасақталып, сырттан кірген бәйге аттарын спорттық жылқы ретінде тіркелуін қадағалайтын механизм болған жөн.
Ат түгілі, шабандоздың жағдайы мәз емес
Жоғарыда елдегі жылқылардың еш жерде тіркелмегенін айттық. Ат түгілі, бәйгеде шауып жүрген шабандоздардың да жағдайы мәз емес. Өйткені ат құлағында ойнаған жас жеткіншектердің көбі спортшы, шабандоз ретінде еш жерге тіркелмеген. Жас ғұмырын ат үстінде өткізген балалар шабандоз ретінде өзін дамыта алмайды. Өйткені елге ол балалар бәйге кезінде ғана керек. Тіп-ті жоғары оқу орындарының өзінде бәйге бөлімдері жоқ. Елдегі өткен барлық бәйгеде бағы жанса да, шапқан баланы спортшы ретінде ешкім танымайды. Оқуға түскен кезде де олардың жетіс-тігі есептелмейді. Грант иегері атануы да екіталай. Олай айтуға негіз де жоқ емес. Уақытында бәйгенің алдын бермеген Ақжол Жұматаев есімді шабандоздың қазіргі жағдайы қандай екенін білесіз бе? Тақымы мықты жігіт еді. Ол туралы фильм де түсірілді. Бірақ оның не білімі, не кәсіби спортшы деген атағы жоқ. Ең болмағанда спорт шебері деген атаққа да ілікпеді. Осы күні Ақжол шабандоз Алматы атқораларының бірінде ат күтуші болып жұмыс істейді. Егер ұлттық спортымызды бірреттік бәйгелермен емес, жүйелі түрде дамытқанымызда, атқа мінген балаларды шабандоз емес, болашақ жокей, кәсіби спортшы деп қарағанымызда, Ақжол Бауыржан Мырзабаев сынды әлемдік бәйгелерде шауып жүрер ме еді? Ақжолдың кейсі аз болса, былтыр ғана көпті таңғалдырған Хамза Мардан есімді баланы еске алайық. Еліміздегі барлық бәйгені жеңіп алған ол бала туралы жарыса жазғанымызбен, ерлігі еш жерде ресми мойындалмады. Хамза президент бәйгесі, елорда кубогі, ел шемпионатында жеңімпаз атанды. Еленбей қалуының себебі сол – ол бала ат иесінің қасында жүр. Еш жерде тіркелмеген. Ешқандай шабандоз, спортшы екенін растайтын құжаты жоқ. Хамза жас. Әлі талай қылқұйрықтыны тақымға басады. Жағдайын да реттеп алар. Бірақ құжатын рәсімдеп, спортшы деп танылмаса, оның бәйге алдынан келгенінен пайда аз. Сол себепті бәйгені байдың ермегі емес, спорт түрі, шабандозды ат иесінің шабарманы емес, кәсіби спортшы деп танығанымыз абзал. Әйтпесе, ұлттық спортымыз сол Батыраштардың кезіндегі күйінде қала береді.
Шабандозды спортшы деп таныған жөн
Шабандоз балаға спортшы ретінде қарап, олардың құжатын реттеу ісін алғаш болып Батыс Қазақстан облысының атбегілері бастады. Осыдан алты ай бұрын облыстағы ұлттық спорт мектебінде бәйге бөлімі ашылды. Бүгіндері қала іргесіндегі шабандоздар мектебінде білім-білігін шыңдап жүрген балалардың алды атқа отырып, бәйгеге шыға бастады. Көпке танымал атбегі, жаттықтырушы Ақылбек Ишановтың айтуынша, елдегі шабандоз балалар әрі кетсе, 14 жасына дейін шабады. Одан соң баланың салмағы өседі. Салмағы 38 келіден асқан балаға ешбір ат иесі жүйрігін тізгіндеуге рұқсат бермейді. Былайша айтқанда, шабандоз баланың спорттық мансабы 13-14 жасында аяқталады.
– Шабандоздар мектебін ашу үшін талай жерге барып, талай есікті қағып, атқа қонған балаларды ең болмағанда спортшы ретінде тіркеу үшін сабылдық. Ақыр соңында Асан ауылындағы ұлттық спорт мектебі жанынан бәйге бөлімін аштық. Соның арқасында балалардың құжатын реттеп, шабандоз спортшы деп тануға мүмкіндік алдық. Қазір осы атқарылған жұмыстың арқасында оралдық жас шабандоздар министрлік бекіткен спорт шеберлігіне үміткер және разрядты спортшы ретінде мойындалды, – дейді Ақылбек Миразатұлы.
Облыстық «Бәйге» федерациясы берген мәліметке сенсек, өңірімізде белсенді 60-тан аса шабандоз бар. Одан бөлек, енді атқа қонып, шабандоздықтың қыр-сырын меңгере бастаған жастар көбейіп келеді.
– Бәйге бөлімінде 30 бала жаттығады. Осы кезге дейін атқарылған жұмыстың арқасында олардың барлығы спортшы ретінде тіркеліп тұр. Әр бапкердің қарамағында 5-6 бала жаттығады. Бапкерлер арнайы әзірленген жоспар бойынша жұмыстанады. Облыс орталығында жағдай аздап болса да реттелгенімен, аудандарда бұл жұмыс бірізге қойылмаған. Әр атбегі тақымы мықты баланы жанына ертіп жүр. Баланың салмағы өсіп, жасы келген соң барлығы қалады, – дейді Ақылбек Ишанов.
Бір облыс игі істі бастағанымен, кең байтақ қазақ елінің басқа өңірлеріндегі жағдай жақсы деуге ауыз бармайды. Сегіз жасында атқа қонып, 13-14 жасына дейін бәйгеге шапқан баланың сабағы жақсы болса, жоғары оқу орнына түседі. Ал өмірін ат спортымен байланыстырғысы келгендер әрі кетсе атбегі болады. Бірақ ондай мамандық құжат жүзінде жоқ. Атбегі болған күннің өзінде оның біліктілігін растайтын құжатты ешқандай мекеме де, ешқандай федерация да бермейді. Ол аз десеңіз, БҚО-дан басқа өңірлердегі спорт мектебінің ешқайсысында бәйге бөлімі жоқ. Көкпар, садақ ату, тоғызқұмалақ сынды спорт түрлері бағаланады. Бірақ ешбір жерде бәйге класы деген түсінік те жоқ. Сондай олқылықтың кесірінен елдегі жасөспірім шабандоздар бағаланбай жүр. Олардың мәртебесі мойындалмауда. Оралда ашылған «Бәйге» бөлімінің спортшылары да болашақта жокей атана алмайды. Өйткені олардың құжаттары болғанымен, жоғары оқу орындарына барып, бәйге бөліміне түсе алмайды. Спорт мамандығына түскен күннің өзінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі бола алады.
Бәйге бөлімін аштық дегенмен, оның да жабылып қалуы ғажап емес. Өйткені атбегілікті үйрететін орталық қаражаты арнайы тендер арқылы ойнатылады. Жағдай жақын арада реттелмесе, күндердің күнінде осы кезге дейін жасалынған есіл еңбек еш кетуі мүмкін. Әзірге өңір басшылығы бәйге жанашырларын қолдап отыр. Қолдау тоқтаған күні-ақ елімізге шабандоз-спортшы сыйлап отырған, атқа қонған баланың еңбегін аз да болса бағалайтын жалғыз бөлімнің жұмысы тоқтайды.
Биыл спорт министрінің өзі олимпиадалық және ұлттық спорт түрлерін дамытуға көңіл бөлу керек екенін айтты. Бұған дейінгі норматив бойынша жан басына қаржыландырылатын спорт түрлері тізімінде бәйге болмаған. Оған ұлттық спорт түрлерінен тек қазақ күресі ғана енді. Спорттық би, брейк дэнс, көше биі, ережесіз жекпе-жектің сан мыңдаған спорт түрі бар бағдарламаға бәйге, көкпар, тоғызқұмалақтың енбей қалғаны қынжылтады. Мұндай мүмкіндіктің берілмегені бәйге спортын тұралатып жібермей ме? Ұлттық спортты дамытуға көңіл бөлу керек деп нақты айтқан министр осы мәселеге де назар аударса дейді федерация мүшелері.
Атты алғаш қолға үйреткен елміз, ата-бабамыз ат тұяғы жеткен жердің барлығын жаулады деген сөздер аңыз болып барады. Өйткені әлем көз тіккен аламандарда қазақтың аты да, шабандозы да болмайды. Кеш болмай тұрғанда спорттың осы түрін қолға алып, кәсіби жокейлерді дайындауды және спорттық жылқыларды тізімдеуді қолға алған жөн.
Жөнді атшабар да жоқ
Айтылған сөздің барлығы тамаша. Бірақ қазақ бәйгесіне көптің көңілін аудару үшін, елімізді әлемдік деңгейдегі бәйге дүбірімен таныстыру үшін жөні түзу атшабарлар тұрғызған дұрыс.
Өйткені ипподромның жоқтығы да мәселені шешуге кедергі. Қазіргі таңда Қазақ-станның бірде-бір қаласында халықаралық стандарттарға сай келетін атшабар жоқ. Ал миллиондаған теңгеге алған жүйрігін трактор күшімен тегістеп, соқамен жыртып қойған жерге шаптыруға ешкімнің жүрегі дауаламасы түсінікті. Сондықтан шабандоздарымыз мойындалып, жүйріктерімізді әлем танысын десек, жөні түзу, ұшқыр бәйге өткізуге мүмкіндік беретін бір ипподром салып қойған жөн. Ұшқыр бәйге көршілес Ресейде жақсы жолға қойылған. Ол елдің бес бірдей облысымен шектесетін, бәйге спорты дамыған Башқұртстан мен Татарстанға оңай жетуге болатын Батыс Қазақстанда стандартқа сай келетін атшабар қажет-ақ. Облыста жаңа заманғы ипподром салынса, ұшқыр бәйгені дамытуға болады. Оған мүдделі азаматтар да жетерлік. Атшабар салынатын болса, одан пайда түсірудің де амалы көп. Тіпті аймақтық ұшқыр бәйге өткізсе де, ипподромнан пайда түсері сөзсіз. Еліміздегі жөні түзу жалғыз атшабар Алматы қаласында. Осы күні оның айналасындағы атқоралардың өзі біраз пұл түсіріп тұр. Егер бәйгеден пайда келмейтін болса, танымал букмекерлік кеңсе ел шемпионатын өткізуді қолға алмас еді. Қазіргі күні елімізде мойындалып тұрған жалғыз бәйге букмекерлік кеңсе атындағы жарыс болып қалды.
Бүкіл әлем ат жарысын кәсіби спорт деп біліп, атқа да, шабандозға да спортшы ретінде қарайды. Ал біздегі көзқарас өзгеше. Біз бәйгені салтымыз деп білеміз. Елде талай ат бапкері, шабандоз болғанымен, ешқайсысы спортшы ретінде мойындалмайтынын айттық. Елдегі бірде-бір атбегінің құжаты жоқтығы айтылды. Шетелде өтетін рейтингтік бәйгеге шаба алатындай мүмкіндігі бар бала болғанымен, олардың жокей екенін растай алмаймыз. Мұның барлығы – жүйенің жоқтығы. Жыл сайын демеушілер арқылы миллиондап ақша шашып, бәйге өткізіп, жүлдені бөліп алғанға мәз болып жүре бермей, қаражатын тауып, атшабар салып, бәйгенің әлемдік стандарттарын елімізде орнықтыру жағын ойлаған жөн. Сонда ғана көп мәселе шешімін тауып, біраз іс оңалар еді. Аламан бәйгені де әлемдік рейтингтік жарыс қатарына қосар ма едік? Қалай болғанда да, шешімін күткен сұрақ көп...
Түгелбай Бисен,
Суреттер БҚО "Бәйге" федерациясының инстаграм парақшасынан
zhaikpress.kz