27.09.2020, 18:36
Оқылды: 487

Қазақ сахнасында алғаш рет ақын Жұбанның бейнесі сомдалды (СУРЕТ)

Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры ұжымы қазақтың рухты ақыны, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Жұбан Молдағалиевтің құрметіне «Жұбан» қойылымын ұсынды.

Саналы ғұмырын қазақ халқының жоғын жоқтап, ұлтының ұлылығын ұлықтауға арнаған ақынның мерейтойына орайластырылған қойылым карантиндік шектеулерге байланысты жабық көрсетілім форматында өтсе, өзге көрермендер «AQJAIYQ» телеарнасынан тікелей эфирде тамашалады.

259dc2a4-f112-4430-a09c-706ec3df85ca

Бұл – Жұбан Молдағалиев жайлы қазақ театры сахнасында, жалпы республикада алғашқы қойылым. Ақын туралы бұрын-соңды еш театрда қойылым қойылмаған, бейнесін бірде-бір актер сомдамады. Поэтикалық драма жанрында жарыққа шыққан туынды ақын мен драматург шығармашылығының үндесуінен туған. Қойылымның авторлары – Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева және жазушы, драматург Мәдина Омарова. Қойылымның қоюшы әрі киім суретшісі – Еуразиялық дизайнерлер одағының, Еуразиялық Гильдия шығармашылығының мүшесі, ҚР суретшілер одағының мүшесі және Кипр заманауи өнер мұражайының «Күміс кілт» иегері Гүлдана Жұрқабаева. Ал қоюшы режиссері және спектакльдің сахналық қозғалысын қойған – театрымыздың бас режиссері Гауһар Адай.

1986, ызғарлы қыс. Елдің ертеңі үшін ереуілдеткен жастардың әрекетін азғырушылар алдында Ақын. Таптаурын  тақырып, жаттанды сөзден ауытқып, тұтас ұлттың тарихын қызғыштай қорыған рухты Ақын. Қойылым Жұбанның Колбин алдында шыңғыртып тұрып шындық айтатын, туған халқы үшін ұлттық державаға қасқайып қарсы шығатын жиналыс сәтінен бастау алады. Ақын бойына дарыған батырлықтың бастауы, өзгелерден оқ бойы озық тұруының сыры, асқақ рухының түпнегізі балалық және бозбала шағымен, ересек өмірмен астасып сипатталады. Ақынның балалық бейнесін театрдың көркемдік жетекшісі Жасқайрат Валиуллиев, бозбала кейпін Құралбек Қатшаев сомдаса, тұлғалық қалыптасқан кезеңін тәжірибелі актер, мәдениет саласының үздігі Теміржан Матаев сәтті алып шықты.

Қойылым соңында облыс әкімі Ғали Есқалиев театр ұжымына ықылас гүлін табыстап, «Қойылым маған өте қатты әсер етті. Ең қуантатыны – жауапты жұмыстың басы-қасында жастардың жүруі. Ерекше еңбектері үшін жастарға рақмет!» –  деп ризашылығын білдірді.

9536d2bf-07ba-41d7-a3e7-e02291e86ae0

– Бүгін – тарихи күн, өнер тойы. Ұлы тұлғаларының мерейін асырып, жарғақ құлағы жастыққа тимей бізді қарсы алып жатқан елге ризамыз. Ал бүгінгі қойылымнан басқаша трактовканы көрдім, режиссурада жаңалық байқалады. Өмірден өнер жасап, халыққа ой тастарлық туынды тарту еткен театр ұжымы жас болса да, әлі талай биікті бағындырады деп сенемін. Даланың өмірі, баланың өмірі, Жұбанның жастығы мен трибунадан сөйлер сәті әдемі өрілген, жып-жинақы, – деген қойылымның құрметті қонағы КСРО және Қазақ КСР халық артисі, Қазақ КСР және КСРО мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Қазақстан театрлары ассоциациясының президенті Асанәлі Әшімов алдағы уақытта театрға есімі берілген актриса Хадиша Бөкееваға кеудетұғыр (бюст) орнату туралы ұсынысын білдірді.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева ғасырлық тойында Жұбан бейнесін жалпы жұртшылықпен табыстыру туралы арманы болғанын айтып өтті. «Аштықта туып, қуғын-сүргін кезеңін, 1941 жылдың соғысы мен тың игеру жылдарын көрген тұлға туралы қойылым – бір ғана Жұбанның ғұмыры емес, тұтас қазақтың тарихы. Жазушылар одағының залында өткен жиындағы ерлігін өз көзіммен көргем. Жүз жазушының арасында жалғыз шығып шындықты айтты. Біздің тілек – келер ұрпақ тарихын, әсіресе, ерлікті ұмытпасын», – деп тебіренген ақын «Ерлікті көзбен көрген күн» өлеңін оқып берді.

5fb924a3-cd3f-4009-b7a1-9b80ee9882ee

Жұбан ақынның жан жары София Молдағалиева театр ұжымына ақ батасын беріп, Жұбанның анасы Зеріптің рөліндегі актриса, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Исалиева мен өз бейнесін сомдаған актриса, «Өнер саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Жанаргүл Құрманғалиеваға ерекше ризашылығын білдірді.

Премьераны сондай-ақ қазақтың көрнекті ақыны, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Қадыр Мырза Әлінің зайыбы Салтанат Мырзалиева, ақын, журналист, ҚР Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, режиссер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, өнертану PhD докторы, профессор, «Болашақ» халықаралық стипендиясының түлегі, Нұр-Сұлтан қаласының музыкалық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры Асхат Маемиров, композитор, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Донеділ Қажымов, Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының доценті, өнертану кандидаты, театр сыншысы, Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің Қазақстандағы жетекшісі Анар Еркебай, Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының доценті, өнертану факультетінің деканы, театр сыншысы, өнертану кандидаты, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының және Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің мүшесі Меруерт Жақсылықова секілді құрметті қонақтар, Жұбан ақынның ұрпақтары тамашалады.

Аяужан КЕРЕЕВА,

Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры

ақпарат бөлімінің жетекшісі

 Суреттерді түсірген Наурыз ХАЛИТ

5f9910ab-100a-4c0c-b722-32e2d3f87565 d0770801-8a21-46ce-abe8-d8abd57e9b7b c3546a9d-738c-45a6-8cba-56c8b70e9fb3 c565a462-f5ff-43d8-b865-4351f815b30b c88a6645-11bd-406a-a073-fb6a0eadfe03 539b487b-08f6-41d7-8719-2fd7d6083fbf 9dededf2-9fa0-4fac-8845-4e112936da2d 7c840643-0c8f-44f9-9ebc-3cdb65ac204a

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале