22.06.2021, 10:22
Оқылды: 258

Қазақ сыныптары көбеюде

Оралда жеке мектептер желісін дамытуға жете мән берілмек. Осылайша бәсекелестікті қолдауға, жеке сектордағы қаражатты білім саласына құюға барынша жағдай жасалады. Бұл туралы Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков «Нәтиже. Тәжірибе. Келешекке   бағдар» атты семинар-кеңесте  мәлімдеді.

4685CB05-7BF1-4147-A7F8-B7CD1AF255E7

2020-2021 оқу жылының қорытындысына арналған жиында сөйлеген шаһар басшысының баяндауынша, қазіргі уақытта бір ғана білім ошағының құрылысына 3 млрд. теңге жұмсалады екен. Бұл - қомақты қаражат. Сондықтан жеке инвестициясыз мектеп салу оңай емес. Облыс әкімі қала аумағына жеке мектептер салу мәселесін күн тәртібіне қойып отыр. Білім ұясын салуға қаржы құюға мүдделі инвесторларға мемлекет тарапынан тиісті қолдаулар қарастырылған. Жалпы, білім саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан істер бар. Мәселен, өткен жылы үш мектеп күрделі жөндеуден өтіп, екі жаңа мектеп пайдалануға берілді. Биыл ғимараты қайта салынып жатқан №33 ЖОББМ іске қосылмақшы. Сонымен қатар №18 орта мектепті жыл аяғына дейін тапсыру туралы құрылыс компаниясына ұсыныс жасалды.

10FF6A7A-5CBD-4DB4-B2C8-144DA495E2AD

Жиында өткен оқу жылында атқарылған жұмыстарға оң бағасын берген қала әкімі білім саласын дамытуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

– Қалада ресми түрде 320 мыңнан астам тұрғын бар. Тіркеуге енбей, саяжайда тұратындар да бар. Олардың балалары қаламыздағы мектептерде білім алып жүр. Пандемия жағдайында бәріне бір деңгейде білім, тәрбие беру ауыртпалық туғызғаны сөзсіз. Сондықтан биылғы оқу жылындағы еңбектеріңіз үшін зор алғысымды білдіремін. Білім саласының қызметкерлері өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарағанының нәтижесінде көптеген оқушы республикалық олимпиадаларда, ғылыми жобалар байқауларында үздік болып, жүлдегерлер атанды. «Алтын белгі», «Үздік аттестат» иеленген түлектер қатары артты, – деген Абат Абайұлы алдағы оқу жылында басымдық берілуі тиіс жайттарға да тоқталды. Қашықтан оқыту оқу сапасына кері әсерін туғызбай қойған жоқ. Соған орай мектеп ұжымы әр оқушының оқу троекториясын анықтап, кеткен олқылықты түзету жұмыстарын жүйелі  жүргізуі қажет. Оқушы мектепке қуанып баратындай жағымды орта қалыптастыру керек. Отбасылық құндылықтарды насихаттауда, жас ұрпақты адамгершілікке тәрбиелеуде мектептің атқарар рөлі зор. Сондықтан бұл бағытта әр түрлі жаңа форматтағы іс-шараларды арттыруға мән берген жөн. Білім ұяларының материалдық-техникалық базалары заман талабына сай жабдықталуы қажет. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында түлектерінің мектептеріне қолдау көрсетуі үшін «Түлектер тартуы» жобасын ұйымдастырған дұрыс. Аудан-ауылдарда жүйелі ұйымдастырылып келе жатқан бұл жобадан қала түлектері де қалыс қалмауы тиіс.

Қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханова атап өткендей, шаһардағы білім ұялары «ҚР білім беруді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасына» сәйкес үш жылға арналған мектептің даму бағдарламасын жасады. Әр мектеп өздерінің бүгінгі ахуалына талдау жасап, басымдылығын нақтылаған. Тамызайында осы жұмыстар қорытындыланып, алдағы оқу жылының басымдылықтары анықталады деп күтілуде.

Жиын барысында айтылғандай, облыс орталығында қалалық білім беру бөліміне бағынысты 51 жалпы білім беретін және 1 кешкі мектеп бар. 51 мектептің 49-ы – орта, екеуі – негізгі мектеп. Білім ұяларының бесеуі – мектеп-лицей, бесеуі – мектеп-гимназия. Білім мекемелерінде сабақ қазақ, орыс және қазақ-орыс тілдерінде оқытылады. 2018 жылы қазақ тілінде білім беретін 23 мектеп болса, қазіргі уақытта 25 мектепке жетті.  Орысша оқытатын мектептер саны – 12. Алдағы оқу жылында ресми тілде сабақ беретін білім ұяларында ата-аналардың сұранысымен қазақ сыныптарын ашу жоспарлануда. Атап айтқанда, №16 мектеп былтыр дайындық тобын ашса, биыл оған қоса, 1, 2, 3, 4-сыныптарға оқушыларды қабылдамақ. Сонымен қатар орыс тілінде оқытатын №23, 24, 32, 39 және Вальдорф бағытындағы мектептерде мемлекеттік тілде дайындық және 1-сыныптар ашылмақшы.

Жыл сайын оқушылар саны 3-3,5 мың оқушыға көбеюіне байланысты мектептер тарлық етуде. Қазіргі уақытта қаладағы екі мектеп қана бір ауысыммен білім береді. Бұрын бір ауысымда болған мектеп лицейлер де шағынаудандағы балаларды қамту мақсатында жай сыныптар ашып, екі ауысымда оқытуға көшті. Ал №18, №20, №30 білім беру ұялары әлі де үш ауысымда қалып отыр. Осы үш ауысымдылық режімді жою үшін жақын аралықта Зашаған кентінен үш нысанның құрылысы жоспарлануда. Яғни Бортаудағы №18 мектептің орнына жаңа 400 орындық, «Балалар ауылы» ауданынан 900 орынға есептелген №52 және «Болашақ» шағынауданында 900 орынға №53 мектептер салынбақшы.

Семинар-кеңес соңында өткен оқу жылының үздіктері марапатталды. Желілік қауымдастық менеджерлері қала әкімінің алғысхатына, қалалық білім беру бөлімі басшысының Құрмет грамотасына, алғысхатына ие болды. Сапалы білім мен тәрбие беру жүйесінде саналы ұрпақ қалыптастырудағы жоғары көрсеткішке №35 мектеп-лицейі лайық деп танылды. №41 мектеп-лицейі – екінші, №28 мектеп-лицейі үшінші дәрежелі дипломдармен  марапатталды.  

 Мәди Ықылас,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале