ҚР Үкіметінің хабарлауынша, Алматы қаласына барған жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қала әкімі Дархан Сатыбалдымен бірге отандық кино өнерінің тарихына арналған тақырыптық саябақ құру жобасымен танысты.

Фото: KZgovernment
Сапар барысында «Қазақфильм» киностудиясының қазіргі жай-күйі, өндірістік әлеуеті және алдағы даму жоспарлары сараланды.
Алматы әкімдігі киностудияның 5,5 гектар аумағында отандық кино өнерінің тарихы мен оның көрнекті қайраткерлеріне арналған заманауи тақырыптық саябақ салуды жоспарлап отыр. Ашық қоғамдық кеңістік ретінде бой көтеретін бұл саябақ мегаполистің мәдени әрі туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған. Келушілер мұнда отандық кино тарихымен, киностудияның тыныс-тіршілігімен және арнайы музей экспозицияларымен таныса алады.