9.01.2026, 17:25
Оқылды: 119

«KAZAKHINVEST» инвестиция тартудың жаңа тетігін іске қосады

Облыс әкімдігінің «Ақжайық» залында облыс әкімі Нариман Төреғалиев  «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұловпен кездесті. Кездесуге ірі инвесторлардың бірі – «Vega Power» компаниясының басшысы және жергілікіті кәсіпкерлер қатысты.

82cc0fbc-dd0f-4f8a-92d5-4d6e4aa892a7

Кездесуді ашқан өңір басшысы шетелдік инвесторларды қолдау және тарту мәселелері бойынша «KAZAKHINVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұловтың Ақ Жайық өңіріне жасаған сапары үшін алғыс айтты.
– Өткен жылы шетелдік инвесторларды тарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді.  2025 жылы облыс делегациясы Қытай Халық Республикасына екі рет іссапармен барып,  соның нәтижесінде энергетика, машина жасау, АӨК және басқа салалар бойынша 19 инвестициялық жобаны іске асыру мәселелері жөнінде 11 инвестормен меморандум жасалды. Ірі инвесторлардың бірі – «Vega Power» компаниясы.

 

15336f5a-6cc3-498c-a947-536998cd236d Компания 2025 жылғы мамыр айында құрылтайшысы – Қытайдың «Экономик энд Инвайронментал Коперэйшн Организэйшн» компаниясының шешімімен Батыс Қазақстан облысындағы инвестициялық жобаларды басқару мақсатында Орал қаласында тіркелді.

ba76bb98-68a3-4163-a705-f696ea434986

Осы компания өңірдегі индустриялық аймақ аумағында энергетика және өнеркәсіп салалары бойынша жобаларды іске асыруды жоспарлады. Негізгі жоба – табиғи газбен жұмыс істейтін, қуаты 26 МВт болатын модульдік газтурбиналық электр стансасын (ГТЭС) салу.

90cbcd84-1658-468a-8fff-17100d19c8dbӨңірлік үйлестіру кеңесі бұл жобаны мақұлдап, индустриялық аймақ аумағынан 3 гектар жер телімін бөлді. Аталған жобадан бөлек, «Vega Power» холдингі өңдеу өнеркәсіп саласында 15 жобаны іске асыруды көздейді. Алайда инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге қатысты бірқатар мәселелер бар, – деген Нариман Төреғалиұлы  индустриялық аймақ аумағына инфрақұрылым тарту мәселелерін «Қолжетімділік үшін төлем» тетігі немесе өзге де тетіктер арқылы шешу мүмкіндіктерін талқылауды ұсынды.

29e5047c-ce4d-4198-9541-acad52efcec5

«KAZAKHINVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұловтың айтуынша, елімізде  индустриялық аймақтарды жедел дамытуға және инвесторлардың ұзақ мерзімді қатысуы үшін тұрақты жағдайлар қалыптастыруға бағытталған «Қолжетімділік үшін төлем» атты инвестиция тартудың жаңа тетігі енгізілді. Пилоттық жоба Батыс Қазақстан облысында «Еуразия» трансшекаралық сауда орталығы» индустриялық аймағының аумағында жүзеге асырылуда. Онда шетелдік инвесторлардың қатысуымен 17 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Жаңа тетік инженерлік инфрақұрылымды инвестордың қаражаты есебінен салуды, кейін нысандар пайдалануға берілгеннен кейін индустриялық аймақтың қатысушыларымен мемлекет тарапынан шығындарды кезең-кезеңімен өтеуді көздейді. Мұндай тәсіл өндірістерді іске қосу мерзімдерін қысқартуға, бюджетке түсетін жүктемені азайтуға және халықаралық стандарттарға сәйкес келетін инфрақұрылымды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

– «Қолжетімділік үшін төлем» тетігін енгізу соңғы нәтижеге және жобаны ауқымды етуге бағдарланған. Инвестициялар үшін түсінікті әрі болжамды жағдайлар қалыптастырады. Екі ай бұрын әкімдікпен ауызша келісім жасап, сол уақыт ішінде 17 жаңа инвесторды іске тарттық. Олар индустриялық аймаққа кіріп, жалпы құны шамамен 370 млн АҚШ доллары шамасында қаражат салады.  Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 1500-ден астам жұмыс орны құрылады. Бұл жобалар  негізінде құрылыс материалдары, металл құрамалары, электр кабельдері, химия және жеңіл өнеркәсіп, өнеркәсіптік инфрақұрылым мен энергетика, машина жасау, индустриялық-логистикалық қызметтер салаларында өндірістерді іске қосу жоспарлануда.  17 инвестициялық жобаны іске асыру жөнінде Жол картасы бекітілді. Батыс Қазақстан облысы өнеркәсібі дамыған,  газ (өңір 99% газбен қамтылған) және көлік инфрақұрылымы, тиімді жағырапиялық орналасуы және жоғары транзиттік әлеуеті бар, газдың бағасы төмен өңір ретінде пилоттық жоба үшін таңдалып алынды, – деді Сұлтанғали Кенжеғұлов.

Басқарма төрағасының айтуынша, «Vega Power» компаниясы құны 30 млн АҚШ доллары шамасындағы үлкен дата-орталық (көлемді ақпарат сақталатын компьютерлік орталық)  және газдан электр қуатын өндіретін станса құрылыстарын салады. Қазіргі кезде елімізде дата-орталықтар жетіспейді.

Кездесуде «Vega Power» компаниясының басшысы, инвестор Гэ Цзянь мырза өткен жылы БҚО әкімі Нариман Төреғалиевтің басшылығымен облыс делегациясының Қытай Халық Республикасында болып, кәсіпкерлермен кездесіп,   жұмыс сапарының нәтижелі болғанын айтты. «Жаңа жылда көріскенмізге қуаныштымын. Қытай бизнесі мен БҚО арасында әріптестіктің берік іргетасы қаланды деп білемін. Қытай делегациясы БҚО-ға бірнеше мәрте іссапармен келіп, жыл аяғында бірнеше компания осында тіркелді. Енді жобаларды сапалы, тиімді етіп жүзеге асырып, пайдалануға беру – баршамыздың ортақ міндетіміз»,  – деді қытайлық инвестор Гэ Цзянь.

Жиында пилоттық жобаны іске қосу аясында Батыс Қазақстан облысы әкімдігі атынан облыс әкімі Нариман Төреғалиев  және «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ компаниясы атынан басқарма төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұлов өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.  Аталған құжат индустриялық аймақ аумағында инвесторларды тарту және жобаларды іске асыру бойынша тараптардың өзара іс-қимылын бекітеді.

3c404960-f393-48b7-af81-10a80348b534

«KAZAKH INVEST»  компаниясы индустриялық аймақтың операторы ретінде әрекет етеді және инвесторларды сүйемелдеуді, басқару мен жобаларды үйлестіруде үздік халықаралық тәжірибелерді енгізуді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар «Vega Power» холдингінің инвестициялық жобаларын іске асыру бойынша жол картасына үш тарап қол қойды.

–Теректі ауданында «Еуразия» трансшекаралық сауда орталығы» индустриялық аймағына 281 гектар жер бөлінген.  Бұл аймақ инвесторларға арналған. «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ компаниясымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюдағы мақсат –   шетелдік инвесторлармен жүзеге асырылатын өңірдегі жобаларды тездетіп жүзеге асыру. Бүгінде біз бірнеше инвестжобаларды жүзеге асыруды бастадық. Индустриялық аймаққа  жоғары қысымды газ, электр жарығы, басқа да иинфрақұрылымдарды тартудамыз. «KAZAKHINVEST» компаниясы біздің аталған аймаққа инвесторлар тартуға жұмыстанады. Инвесторлардың құжаттарының заңды болуына көмектеседі. Сонымен қатар орталық мемлекеттік құрылымдарға қатысты мәселелерге қолдау көрсетеді. Ал біз,  жергілікті атқарушы құрылым ретінде индустриялық аймақты тиісті инвестжобаларды жүзеге асыруға дайындап беруге, жер және тағы басқа да мәселелерді шешуге міндеттіміз. Инвестордың міндеті  – өздері мойындарына алған   жобаларды индустриялық аймақта «жандандыру».  Біздің өңірге келуге ынталы 17 компания-инвестор бар екнін білдік. Олармен  де әрі қарай жұмыстанамыз. «Vega Power» холдингі өңірімізде 15 жобаны қолға алады. Ресейлік «Асар биотех» компаниясы биологиялық актив қосымшаларын, дәрі-дәрмек шығарады. Жобаның 1-кезеңін бастайды. Зауыт құрылысы аяқталды, инфрақұрылым тартылды, құрал-жабдығы алынды, көктемде 1-кезеңі іске қосылады. Жобаларды іске асыру өңірге инвестициялар ағынын, жаңа жұмыс орындарының құрылуын, салық базасының өсуін және заманауи өнеркәсіптік инфрақұрылымның дамуын қамтамасыз етеді. Өнімдерді экспортқа шығарамыз.  Ішкі нарықты да қамтимыз, – деді Нариман Төреғалиев кезедсуден кейін журналистерге берген сұхбатында.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

“Орал өңірі”

 19497dad-3157-42fb-95b9-a466681cb9b6

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале