13.09.2018, 10:30
Оқылды: 45

Қазақша оқығанның қадірі төмен бе?

              Жақында бір қыздың қазақ сыныбында оқитын інісін бос, болбыр, ал балабақшада орыс тобында тәрбиеленіп жүрген сіңлісін пысық деп айтып отырғанын естідім. Сондағы уәжі – қазақша оқитын балалар бәсекеге қабілетті болмайды-мыс.

            Мұндай пікірлерді сәл ертеректе, дәлірек айтқанда, тоқсаныншы жылдардың соңында естігенім бар. Әсіресе, «орыс сыныбындағылардың білімі артық» дегенді де құлағымыз шалатын. Енді, міне, жиырма шақты жылдан кейін тағы сол салыстыру, тағы сол қазақша оқығанды кеміткендей сөз айту қайтадан алдымнан шығып отыр. Ал бұл кеңестік кезеңде қалыптасып қалған стереотип емес пе? Осындай «қатқан қағидадан» арылатын уақыт болған жоқ па? Жалпы, шынымен де, осылай ойлауға қандай негіз бар? Әлде бұл  біржақты  пікір  ме?  

сайтка бала кыз

Тілдің  мінезге  қатысы  бар  ма?

            Негізінде, қазақ және орыс сыныбында оқитын балалардың білімін салыстыратын уақыт өтіп кеткен сыңайлы. Өйткені елімізде және шетелде өтетін білім додаларының жеңімпаздары арасында қазақша оқитындардың да бәсі жоғары екенін білеміз. Ал баланың момындық, ұяңдық, жуастығы оның адами қасиеті емес пе? Әйтпесе, баланың бойындағы туа біткен қалыптың, мінездің қазақша не орысша оқығанға қандай қатысы бар деген сұрақ туындайды. Жалпы, адам мінезі мен өзге тілде білім алғанның арасында байланыс болуы мүмкін бе? Әлде қай тілде білім нәрімен сусындаса, сол тіл «иесінің» менталитетін қабылдап ала ма? Өзге ұлт өкілі осы тақырыпты сөз еткенімізде «Бұл – қазақтардың өзінің характері. Олар қарапайым халық. Ал орыстар пысық (шустрый)» деген пікірін айтқан еді. Халық арасында да «орыстілді», «орыс боп кеткен» деп қазақшаға қыры жоқ қазақтарды айтады. Әрине, қай ұлттың болсын, жақсы қасиетін үйреніп, жаманынан жиренудің еш айыбы жоқ. Осы ретте халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» ҚБ облыстық филиалы-ның төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты Болат Жексенғалиевті сөзге тартқанды  жөн  көрген  едік.

            – Негізі, бұл – өте нәзік мәселе. Өткенге көз жіберсем, біз оқыған кезеңде орыс тілі үстемдік еткен еді. Қарапайым ғана мысал, ата-ана өзінің баласын орыс мектебінде оқытатынына мақтанатын. Сондай идеология үстемдік етті. Өйткені қазақ тілінің болашағына сол кезде қоғам сенген жоқ. Соның ішінде ата-аналар да сенбеді. Бүгінде біз бұдан әлі құлан-таза айығып кете алған жоқпыз. Себебі сана деген бар. Санаға сіңген менталитеттен, ділден құтылу оңай емес екен. Ал қазақ мектептеріндегі білімнің  сапалы екені қазір  дәлелденді.  Тіпті ондағы білім сапасының әлдеқайда артық екені белгілі болды. Бүгінде аралас мектептердің  мәселесі күн тәртібінде тұр. Ал сол мектептерде оқитын оқушылардың мінезінде, психологиясында өзгерістер болып жатыр ма? Әрине, өзгерістер болып жатыр. Бірақ та аға ұрпақ, соның ішінде кешегі идеологияның тұтқынында болған  аға ұрпақтың санасындағы өзгерістер әлі де бүгінгі күннің өзгерістеріне жете алмай жатқаны жасырын емес. Сондықтан да қазіргі мемлекеттік идеологияның өзі ұлттық идеологияға айналмай, Қазақстанда ұлттық тіл, ұлттық мәдениет деген мәселені біржо-лата шешу қиын. Жаңағы сұрағыңа Жүсіпбек Аймауытов кезінде «Өзі-нің тілінде білім алмаған бала ұлт қайраткері деңгейіне көтеріле алмайды»  деп жауап берген жоқ па?! Ал мінез туралы айтсақ, ұяңдық пен ынжықтық – екеуі екі бөлек нәрсе. Қазақ қыздарына ұяңдық пен нәзіктік, ал жігіттеріне аз сөйлеп, көп тындыру жарасқан. «Момын» деген сөз бар, «жуас» деген де бар. «Жуас түйе жүндеуге жақсы» демей ме? Бізге жуас болудың қажеті жоқ. Яғни бізге өзіңнің сыбағаңды өзің алатындай мінез керек. Ұяңдық деген еш уақытта жасықтық емес. Ұлттық қасиет пен ұлттық мінез деген болады. Бауыржан Момышұлы «Ұлттық мінезден айырылған ұлдан без» дейді. Қазақта «Әке көрген, шеше көрген» деген сөздер бар. Осының өзі тәрбие емес пе? – дейді Болат Өтеғалиұлы.

            Орал қаласындағы №20 жалпы білім беретін орта мектептің директоры Ұлпа Тілегенова  негізгі тәрбие ата-анадан берілетінін айтады. «Балалардың бойындағы бұрынғыдай ұяңдық, ұялшақтық секілді қасиеттер қазір жоқ, әлде көп байқалмайды. Ал бұл қасиеттер – баланың өзінің психологиялық ерекшелігі», – дейді Ұлпа Бисенқызы. Осы мектептің орыс сыныптарының педагог-психологі Айсәуле Искужинаның айтуынша, «Бұрында балалар тұйықтау, өз-өзіне сенімсіздеу болған болса, қазір олардың бірі де  жоқ. Өйткені екі сыныптың да балалары өзара тең. Негізі, қай тілде білім алатынына қарамастан, баланың бойынан ұяңдықты да, жасықтықты да, тұйықтықты да кездестіруге болады. Ал бұл қасиеттердің сыртқы ортада қалайша көрініс табатыны ата-ананың берген тәрбиесіне байланысты. Жалпы бүгінгі балалар қазіргі заманауи жаңашылдыққа ілесіп, үрдіске сай өзгеріп келеді».

Бір ұлы орыс, екіншісі қазақ сыныбында оқитын Бекнұр Мақсотов есімді азамат «Байқағаным, қазақша оқитын  бала отбасында қайырымды, өзінен жасы үлкен мен кішілерге көмектесуге бейім тұрады. Ал орыс тілінде білім алатын бала кез келген ортада жылдам тіл табысып кетуге бейім болады. Өзінің азаматтық құқығын жақсы біледі. Тік мінездеу, қаттылау болады. Алайда бала орысша не қазақша оқыса да, үйдегі тәрбиенің маңызы зор. Қанша жерден орысша оқыса да, үйден қазақы тәрбие алған бала ешқайда «ноқтасын үзіп» кетпейді. Тағы бір ерекшелігі – орыс сыныптары ұйымшыл келеді. Бірақ өз басым баланы қазақша оқытқанды қолдаймын»  деген  пікірде.

14 мың  қаракөз орысша  оқиды

            Орал қалалық білім бөлімінің бас маманы Майнұр Төлешованың берген мәліметіне қарағанда, Орал қаласындағы мектепке дейінгі ұйымдардағы 465 топта 9 264 бала бар болса, оның 370-і бүлдіршіндерге қазақ тілінде тәрбие беруде. Ал 95 орыс тобында  3 132 бала бар екен. Облыстық білім басқармасының берген мәліметінше, өңірде  380 мектеп бар. Оның ішінде 258 қазақ мектебінде  52 036 оқушы білім алып жүрсе, 88 аралас мек-тепте 30 487 оқушы, ал  17 976 оқушы 34 орыс мектебінде оқып жүр. Ал Орал шаһарындағы 50 мектептің  23-і қазақ мектебі екен. Аралас мектептер саны 13 болса, 14 орыс мектебі бар. Көбінесе «орыстілді» аудан саналатын Бөрлі ауданындағы 25 мектептің жетеуі қазақ тілінде білім беруде. Оқушылардың басым көпшілігі, яғни 7 210 оқушы 15 аралас мектепте білім алып жүр. Ал үш орыс мектебінде  349 оқушы бар. Зеленов ауданындағы 46 мектептің  жетеуі қазақ және тоғызы орыс мектебі болып отыр. Ресми мәліметке қарағанда, облыста 14 165 қазақ баласы орыс тілінде білім алып жүрсе, 549  өзге  ұлттың баласы қазақша білім алуда.

            Өз сөзінде қазақ тілінің жанашыры Болат Жексенғалиев қазақ тілінде білім беретін мектептер санын арттырып қана қоймай, олардың сапасына да мән беру қажеттігін айтқан еді. Ол «Әзірге қазақ баласы Қазақстанда тұрып өзге тілде білім алып жатса, онда бізде ұлттық идеология мен ұлттық мәселе шешілді деп айту қиын»  деген  пікірін айтты.

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді қазақ даналығы. Бесікте жатып жыр тыңдап, ер жеткенде «Анасына қарап қызын ал» деген  сөздің мәнін түсініп өссе, қазақы қалып мықтап  қалыптасады.   Осыны  бәріміз де ескеріп  жүргеніміз абзал.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале