2027 жылы дзюдодан әлем чемпионаты Қазақстанда өтетін болды. Бұл туралы Оlympic.kz хабарлады.
Сурет: Оlympic.kz
Бұл туралы Спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосынов хабарлады.
«Будапешттегі сапарымда Халықаралық Дзюдо Федерациясының (IJF) президенті Мариус Визермен өте маңызды кездесу өткіздім. Бұл кездесудің нәтижесінде елімізде дзюдоны дамыту бағытында бірқатар маңызды келісімдерге қол жеткіздік.
Дзюдоның жанкүйерлеріне жақсы жаңалық!
2027 жылы дзюдодан әлем чемпионатын Қазақстанда өткізу туралы келісімге келдік. Бұл еліміз үшін үлкен абырой, әрі қазақстандық спортшылар үшін үлкен мүмкіндік болмақ. Өйткені чемпионат Лос Анджелес олимпиадасының қарсаңында өтеді.
Сонымен қатар, Халықаралық Дзюдо Федерациясының академиясының өкілдігін Қазақстанда ашу туралы уағдаластыққа қол жеткіздік.
Бұл бастама біздің спортшыларымыз бен жаттықтырушыларымыздың кәсіби деңгейін көтеруге үлкен септігін тигізетініне сенімдімін», - деп делінген министр хабарламасында.