24.11.2021, 17:30
Оқылды: 69

Қазақстан экспортының 51 пайызын шикі мұнай мен мұнай өнімдері құрап отыр

Қазақстан экспортының 51 пайызын шикі мұнай мен мұнай өнімдері құрап отыр. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдіров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

28

«Мемлекет экспортқа бағдарланған кәсіпорындарға 20-ға жуық қаржылық және қаржылық емес қолдау іс-шараларын көрсетуде. Ішкі нарықты отандық тауарлармен молықтыру және біздің тауар өндірушілеріміз үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында Үкімет Ұлттық тауар өткізу жүйесін құру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде, оның шеңберінде өңірлерде көтерме-тарату орталықтары желісін құру көзделген. Бұл өз кезегінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға оң әсер етуі тиіс», - деді ол Сенатта өтіп жатқан Үкімет сағатында.

Осы ретте Сенат төрағасының орынбасары саладағы оң үрдіске қарамастан шешуді талап ететін бірқатар жүйелі проблема орын алып отырғанын айтты.

«Біріншіден, көлеңкелі сауда елеулі үлеске ие болып келеді. Сарапшылардың пікірінше, көлеңкелі сауда жалпы сауда көлемінің жартысына жуығын құрайды. Екіншіден, қазақстандық экспорттың негізін бұрынғыдай отын-энергетика тауарлары, ал импортты жоғары деңгейде қайта өңдеу тауарлары құрап отыр. Қазақстанның басты экспорттық тауары - ақшалай баламада экспорттың жалпы көлемінің 51,5 пайызын алатын шикі мұнай мен мұнай өнімдері. Импортты көбінесе өңделген өнімдер, дайын азық-түлік тауарлары құрайды. Машиналар, жабдықтар, көлік құралдары импорт құрылымының 41 пайызын алады. Қазақстанның экспорты туралы айтатын болсақ, экспорттың тауарлық әртараптандырылуы айтарлықтай төмен деңгейде қалып отырғанын атап өткен жөн»,- деді Нұрлан Әбдіров.

Оның атап өтуінше, еліміздің экспортының 50 пайызы Қытай, Италия, Ресей және Нидерландыға тиесілі болып отыр.

Осылайша, қазақстандық экспорттың санаулы елдер тобымен шектелгендігі байқалады. Бұл ретте импорттың 62 пайызы екі елге – Ресейге және Қытайға тиесілі», - деді Сенат төрағасының орынбасары.

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале