Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға және техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Осы бағыттағы жұмыстар аясында елімізде «Қазақстан Республикасы колледждерінің үздік 100 студенті» республикалық конкурсының қорытындысы шығарылды.

Байқау нәтижесінде кәсіби шеберлігімен, көшбасшылық қабілетімен және инновациялық жобаларымен ерекшеленген 100 студент үздік деп танылды.

Конкурсқа еліміздің барлық өңірінен 400 колледждің 5 мыңнан астам студенті өтінім берді. Байқау үш кезеңде, яғни колледжішілік, өңірлік және республикалық деңгейде өтті.

Оқу-ағарту министрлігі ұйымдастырған конкурстың басты мақсаты - талантты жастарды қолдау, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және колледж студенттерінің жетістіктерін насихаттау. Байқауды өткізу жұмыстарын «Talap» КЕАҚ үйлестірді.

Жеңімпаздардың толық тізімімен https://e.talap.edu.kz/top100 сілтемесі арқылы танысуға болады.
