19-22 тамыз күндері РФ-ның Чебоксары қаласында кадеттер, жасөспірімдер мен ересектер арасында каратэден XIV әлем чемпионаты, балалар арасында да каратэ WKC-дан XIV әлем кубогі өтті.
Байрақты бәсекеге 13 мемлекеттен 2100 спортшы қатысқан. Қағылез спортшылар сынға түскен додада Қазақстан командасы жалпы есепте ІІ орын алып келді. Ал І орынды Ресей Федерациясы жеңіп алса, Белорусь командасы ІІІ орынға тұрақтады.
- Кезекті әлем чемпионатына Тараз, Шымкент, Алматы, Түркістан қалаларымен қоса БҚО-дан барлығы 60 спортшы қатысты. Жеңіске жетуді көздедік. Бұның оңайға соқпасын да білемін, өйткені қарсыластар да мықты болды. Бірақ біз команданың жеңіс тұғырынан көрінуі үшін барынша жұмыс жасадық. Байрақты бәсекелерге дайындық үнемі жүреді. Чемпионат алдында арнайы 10 күн жаттығу өткіздік, - деді тәжірибелі бапкер, Қазақстан Республикасы WKC каратэ федерациясының президенті Фархад Жалмурзин.
Осы уақытқа дейін талай чемпион дайындаған бапкердің шәкірттері бұл жолы да көңілді қалдырған жоқ. Батыс Қазақстаннан барған спортшылар арасында әлем чемпионы атанғандар бар.
Атап айтсақ, каратэнің тамэшивари әдісінен 6-7 жас арасында Алим Жалмурзин ІІІ орын, 10-11 жас арасында Арлан Иргусаев пен Аделья Мерсатова ІІ, Жанель Серкалиева ІІІ орынға ие болды.
Командалық кумитэде 14-15 жас арасында жарыс алаңына түскен Али Жалмурзин, Данияр Исмагулов, Мерлан Сұлтанмедияров ІІІ орынға тұрақтады.
Кумитэ санбоннан 12-13 жас арасында Ғабдолла Габдуллин, кумитэ иппоннан Әділет Бержанов 16-17 жас арасында қола жүлдегер атанды.
Ал кумитэ санбоннан жас өспірімдер арасында Әділет Бержанов, ересектер арасында Николай Сеннов әлем чемпионы атанды. Николай Сеннов ересектер арасындағы командалық кумитэден де алтынға ие болды.
Әйелдер арасында командалық кумитэден Ажаргүл Шолахова қоржынға күміс салды.
Динара Насыр,
zhaikpress.kz