Қазақстан майлы дақылдар алқабын 500 мың гектарға ұлғайтады. ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Үкімет отырысында осындай мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жоспар үш негізгі бөлімнен тұрады, онда 31 іс-шараны орындау көзделген, оның ішінде 18 іс-шара физикалық қолжетімділікті қамтамасыз ету жөнінде, 6 іс-шара экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде және 7 іс-шара өнімнің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз етуге бағытталған», - деді министр.
Айтуынша, 18 іс-шара бойынша негізгі орындаушы Ауыл шаруашылығы министрлігі. Сондай-ақ,– Сауда және интеграция министрлігіне 5 іс-шара бойынша, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен жергілікті атқарушы органдарға 2 іс-шарадан, Денсаулық сақтау, Энергетика, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ұлттық экономика министрліктеріне 1-1 іс-шарадан айқындалған.
«Бірінші бөлім ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің көлемін ұлғайту жөніндегі іс-шараларды іске асыруға бағытталған және 18 іс-шараны, оның ішінде 1 жедел және 17 орта мерзімді іс-шараны қамтиды.
Мәселен, үш жыл ішінде майлы дақылдар алаңдарын 3 млн гектардан 3,5 млн гектарға дейін, картоп алаңдарын 200 мың гектардан 215 мың гектарға дейін, жемдік дақылдарын 3,6 млн гектардан 4,2 млн. гектарға дейін ұлғайту жолымен өсімдік шаруашылығында әртараптандыру жүргізілетін болады», -деді Ербол Қарашөкеев.
Сондай-ақ, министр үш жыл ішінде ірі қара мал басын 9 млн басқа дейін, ұсақ малды 20,1 млн басқа дейін, жылқы басын 4 млн басқа дейін ұлғайту жоспарда бар екенін атап өтті.
«Картопты, көкөніс пен жеміс сақтау жөніндегі инвестициялық жобаларды іске асыру 2022 жылы сақтау қуатын 98,3 мың тоннаға, 2023 жылы – 104,5 мың тоннаға, 2024 жылы – 19,6 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік береді», - деді ведомство басшысы.