Еліміздің орта білім беру ошақтарында оқушыларға кәсіби бағыт-бағдар берудің жаңа моделі енгізілмек. Бұл туралы Ұлттық сенім кеңесінің мүшесі, BTS Digital білім жобаларының жетекшісі Саясат Нұрбек мәлім етті.
«Мен 2019 жылы Ұлттық кеңестің алғашқы отырысында елімізде нарық сұранысына сай мамандықтарды талдап, зерттеуді алға тарттым. Мемлекет басшысы бұл бастаманы қолдады. Осылайша Президенттің Жарлығымен Қазақстанда жаңа мамандықтар атласын әзірлеу қолға алынды. Ондағы мақсат – алдымен нарықтағы жаңа мамандықтарға талдау жасау. Сонымен қатар сұраныстан қалған, жоғалып бара жатқан мамандарды анықтау. Одан бөлек, қолданыстағы мамандықтарды қайта жаңғырту, трансформациялау», - деді Саясат Нұрбек Ұлттық кеңес мүшелеріне мемлекеттік наградаларды тапсыру салтанатының алдында тілшілерге сұхбат кезінде.
Оның айтуынша, кәсіби бағыт-бағдар беру шарасы тек түлектер арасында ғана емес, сондай-ақ ата-аналар және ұстаздар қауымымен де өткізіледі.
«Мамандықтар атласының екінші жұмыс бағыты. Оқушыларға, түлектерге кәсіби бағыт-бағдар беру. Бұл бағытта Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім беру академиясы және Атамекен ҰКП-мен біраз жұмыс атқарылды. Бүгінде Білім және ғылым министрлігінің тиісті бұйрығына қол қойылды. Яғни жаңа жылдан бастап еліміздің барлық мектептерінде кәсіби бағыт-бағдар берудің жаңа моделі енгізіледі», - дейді ол.
Дереккөз: ҚазАқпарат