Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы Өзбекстанда өткен «Италия – Орталық Азия (C5) + Әзербайжан» бизнес-форумына қатысты. Іс-шара тұрақты агроэкожүйелерге арналған инновациялар, регенеративті ауыл шаруашылығы және цифрландыру мәселелеріне арналды, - деп жазады Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Форум аясында Ермек Кенжеханұлы Өзбекстан Республикасының ауыл шаруашылығы министрі Иброхим Абдурахмоновпен кездесу өткізді.
Келіссөздер барысында қазақстандық тарап аграрлық саладағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін растады. Заманауи технологияларды енгізу, тұрақты ауыл шаруашылығын дамыту, сондай-ақ климаттың өзгеруіне бейімделу және экологиялық тәуекелдерді төмендету бойынша бірлескен шараларға ерекше назар аударылды.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласындағы, оның ішінде дәнді, бұршақты және майлы дақылдар бойынша ынтымақтастықты тереңдету перспективалары жеке қарастырылды, сондай-ақ ет және сүт өнімдерін өндіру мен өзара жеткізілімдерді арттыру мәселелері талқыланды.
Қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, аграрлық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және Қазақстанның экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ететіні атап өтілді.
Қазақстан тарапы Өзбекстанмен стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға және екі елдің агроөнеркәсіптік кешенін тұрақты дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екенін білдірді.
Сондай-ақ Ермек Кенжеханұлы Италия Республикасының ауыл шаруашылығы, азық-түлік егемендігі және орман шаруашылығы министрі Франческо Лоллобриджидамен кездесу өткізді. Тараптар аграрлық саладағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.
Италиялық бизнес өкілдерімен кездесулер барысында инвестициялық әріптестікті кеңейту және озық технологияларды енгізу мәселелері қарастырылды.