Көлік мәселелері жөніндегі Өзбекстан-Қазақстан жұмыс тобы отырысының аясында Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Б.Камалиев пен Өзбекстанның көлік министрінің орынбасары А.Муминов кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.
Өзбекстанның Көлік министрлігінің деректеріне сай, коронавирус пандемиясына байланысты тоқтатылған теміржол және автобус қатынасын жақын арада қалпына келтіру мәселесі талқыланды.
«Тараптар эпидемиологиялық талаптардың жеңілдетілуі мен көлікпен жолаушыларды тасымалдау процесін қалпына келтірудің маңызын растады», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, екі ел арасындағы көлік қатынасы 2020 жылдың наурызында коронавирусқа қатысты карантиндік шектеулер аясында тоқтатылған болатын.