23.06.2023, 17:00
Оқылды: 25

Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Грузия Премьер-Министрі Ираклий Гарибашвилимен келіссөз жүргізді

Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Грузия Премьер-Министрі Ираклий Гарибашвилимен келіссөз жүргізді. Шағын және кеңейтілген құрамдағы кездесулер ҚР Үкіметі басшысының ресми сапары аясында Тбилисиде өтті.

c9985c5d-debf-479b-b506-80092ff51283

Грузия – Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы маңызды саяси және экономикалық серіктесі. Бұл ретте екіжақты өзара іс-қимылға сауда-экономикалық саладағы ынтымақтастық негіз болып отыр. Мәселен, өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 7 есе өсіп, рекордтық $600 млн-ға жетті. Аталған сала биыл да қарқынды дамып келеді, яғни 4 айда өзара сауда көлемі 5 есе ұлғайып, $167 млн болды.

«Бұл – өте жақсы көрсеткіш, бізге жақын арада миллиардтық межеге жететін көрсеткіштерді жоспарлауға мүмкіндік береді», - деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Үкімет басшысы екі елдің инвестициялар саласындағы өзара іс-қимылының өсу серпінін атап өтті.

Соңғы 17 жылда Грузия инвесторлары Қазақстанға шамамен $400 млн салған, бұл ретте өткен жылдағы көрсеткіш $100 млн-нан астам болды. Өз кезегінде қазақстандық кәсіпкерлер Грузия экономикасына $530 млн-нан астам инвестиция құйды.

«Біз грузиялық инвестицияларды Қазақстан Республикасындағы басқа шетелдік инвестициялар сияқты қорғауға заң тұрғысынан кепілдік береміз. Әлемдік қаржы институттарының үздік тәжірибесі мен жаңа инвестициялық құралдарды біріктіретін “Астана” халықаралық қаржы орталығында жұмыс істеуге грузиялық серіктестерді шақырамыз», — деді Премьер-Министр.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов Қазақстан мен Грузия ынтымақтастығында көлік транзиті саласының рөлі маңызды екенін атап өтті, өйткені екі мемлекеттің аумағы арқылы ірі трансконтиненталдық көлік дәліздері – Еуропадан Қытайға және Оңтүстік-Шығыс Азияға ең қысқа жолдар өтеді.

«Қазақстан мен Грузия ынтымақтастығын дамытуда Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңызы зор. Біз өңірдің көлік байланысын арттыруға және транзит жағдайларын кезең-кезеңмен жақсартуға мүдделіміз. Бұл жоспарларда біз Грузияның транзиттік және көлік әлеуетін ескеретініміз сөзсіз», — деді Әлихан Смайылов.

Өз тарапынан Ираклий Гарибашвили Грузия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастардың даму деңгейінің жоғары екенін атап өтті, сондай-ақ ҚР Премьер-Министрінің сапары аясында жүргізіліп жатқан келіссөздердің тиімділігін атап өтті.

«Барлық мәселені талқылауға мүмкіндік бар екеніне қуаныштымын. Бүгінде біздің елдеріміз бен жалпы өңір алдында жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Біз Орта дәлізді бірге дамытып жатырмыз. Ұзақ мерзімді перспективада ойластырған дүниелерді іске асыру үшін алдағы жылдары белсенді жұмыс істеуге дайын болуымыз керек», — деді Ираклий Гарибашвили.

Келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қойылды. Сондай-ақ Ә. Смайылов пен И. Гарибашвили баспасөзге мәлімдеме жасады

Үкіметтің баспасөз қызметінен

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале