Өңіраралық форум аясында «Атамекен» өнер ордасында «Жұмысшы мамандықтарын индустрияландыру мен импорт алмасуға кілт есебінде дамыту» тақырыбында екі елдің іскерлік кеңесінің Х отырысы өтті. Іс-шараны жүргізген БҚО Кәсіпкерлер палатасының аймақтық кеңесі төрағасы Мұрат Жәкібаевтың айтуынша, өңірдің Ресеймен шекаралас орналасуы БҚО-ны екі ел арасындағы аймақаралық ынтымақтастықтың негізгі орталықтарының біріне айналдырады. Облыстың Ресей Федерациясының ірі өнеркәсіп және көлік хабтарына жақын орналасуы сауда, логистика, өнеркәсіптік ынтымақтастық пен бірлескен инвестицияларды арттыруға ықпал етеді.

– Батыс Қазақстан облысы екі елдің экономикалық мүддесін біріктіріп, шекаралас аймақтардың тұрақты дамуын қамтамасыз ететін маңызды көпір болып келеді. Облыс пен Ресей Федерациясының сыртқы сауда айналымы 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларында 504,4 миллион АҚШ долларын құрады. Бұл былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,8%-ға артық (459,1 миллион АҚШ доллары), – деді Мұрат Орынбайұлы. Бұдан соң спикерлер форумға арқау болған тақырыпқа сай сөз алды. Мысалы, Қазақстан-Ресей іскерлік кеңесі Қазақстан бөлімі тең төрағасының орынбасары Барзони Набиев бұл ұйымның екі ел бизнес өкілдерінің ынтымақтастығын арттырғанын атап өтті. Әсіресе индустрияландыруға, өндірісті технологиялық жаңарту мен импорт алмасуға байланысты жобаларға ерекше мән беріледі деді.
– Жұмысшы мамандықтарын дамыту тек кадр мәселесін шешу емес, бұл – болашаққа салынған инвестиция, экономиканың тәуелсіз, тұрақты, бәсекеге қабілетті болуының кепілі. Жұмысшы мамандықтары – кез келген өндірістік жүйенің іргетасы. Білікті мамандарсыз, ең озық инженерлік идеяларды жүзеге асыру мүмкін емес. Инфрақұрылымдар мен өнеркәсіп өнімдерінің сапасы мамандардың шеберлігіне, тәртібі мен жауапкершілігіне тікелей байланысты, – деді Барзони Набиев. Ол Қазақстанда білікті жұмысшы кадрларды даярлау мәселесі жүйелі шешіліп жатқанын, елде теориялық оқу мен өндірістегі дуалды білім беру әдісі дамығанын атап өтті. Оның айтуынша, ірі кәсіпорындарда кадрлардың біліктілігін арттыру мен қайта даярлауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда. «Корпорация «МСП» АҚ бас директорының орынбасары Никита Банцекин сандық платформадағы шағын және орта бизнес кәсіпкерлігінің халықаралық ынтымақтастығы жөнінде баяндады. Ол кезінде цифрлық платформаны дамыту жөніндегі шетелмен арадағы алғашқы келісім Қазақстанмен жасалғанын айтты.

Ал Қазақстан-Ресей іскерлік кеңесі Ресей бөлімінің атқарушы директоры Наталья Крючкова: «Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Сондықтан іскерлік кеңестің негізгі тақырыбы кездейсоқ таңдап алынған жоқ. Жыл санап өнеркәсіпті насихаттауға басымдық беріліп келеді. Себебі өндіріс орны – экономикалық өсімнің негізгі драйвері. Бүгін осы екі негізгі тақырыпты біріктірдік. Жаһандық экономика жағдайында өнеркәсіп қана тұрақты дамудың негізі саналады. Былтырғы және биылғы алты айдың көрсеткіштеріне қарасақ, екі елдің өнеркәсіп өндірісінің көлемі тұрақты өскені байқалады. Былтыр Қазақстанда 2,7%-ға, ал Ресейде 4,6%-ға өскен. 2025 жылғы қыркүйектегі мәлімет бойынша Қазақстанда 23 мыңнан астам бірлескен кәсіпорын тіркелген», – деп сөзін түйіндеді.
– Батыс Қазақстан облысы Ресей Федерациясының аймақтарымен дәстүрлі түрде тығыз және достық қарым-қатынас орнатып келеді. Ресей облыстың негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі болып қала береді. 2025 жылдың алғашқы сегіз айында БҚО мен Ресей аймақтары арасындағы сауда айналымы 500 миллион АҚШ долларынан асты. Бұл 10%-ға өсім өзара ынтымақтастықтың тұрақты динамикасын көрсетеді. Өнеркәсіп, машина жасау, ауыл шаруашылығы, логистика, сондай-ақ білім беру және білікті кадрларды даярлау салаларында белсенді ынтымақтастық орнады. Экономиканың нақты секторының негізін құрайтын және өнеркәсіптің технологиялық дамуын қамтамасыз ететін білікті мамандықтарды дамытуға ерекше назар аударылады. Облыста колледждерді жаңғыртуды, дуалды білім беруді дамытуды және бизнес пен білім беру мекемелері арасындағы тығыз ынтымақтастықты көздейтін бағдарламалар жүзеге асуда. Бүгінгі кездесу Қазақстан мен Ресей арасындағы серіктестікті нығайтуда, тәжірибе алмасуда және жаңа өсу бағыттарын анықтауда маңызды қадам болатынына сенімдімін, – деді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрлан Өтепбаев.

«Кублей» ЖШС директоры Зәуре Берекешева кәсіпорынның тыныс-тіршілігі, кадр даярлаудағы үлесі жөнінде баяндады. Мұнда ірі қара мал сойып, етін өңдеп, түрлі өнімдер дайындайды. Өнімдерді Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанға экспорттайды. Бүгінде компанияда 750 адам жұмыс істейді. «Біз болашақ мамандарды даярлауға белсенді атсалысып жүрміз. Студенттерді өндірістік және диплом қорғау алдындағы тәжірибеден өткіземіз. 2019 жылдан бері жыл сайын 70 студент ветеринария және тамақ өндірісінің технологиясы мамандықтары бойынша тәжірибеден өтуге келді. Өндірістегі тәжірибе олардың еңбек нарығының талабына сай бейімделіп, тез жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді. Теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде қолдану оңай бола түседі. Қос елдің бұл салада өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға әлеуеті зор», – деді кәсіпорын директоры.
Тараз қаласындағы Д. Менделеев атындағы Ресей химиятехнологиялық университеті филиалының атқарушы директоры Салтанат Телеуованың айтуынша, мұнда химия өндірісіне қажетті мамандар даярланады. Олардың қатарында бейорганикалық қосылыстардың – металдар, қышқылдар, тұздар және басқа заттардың өндірісі мен химиялық технологиясы саласындағы мамандар бар. Филиал ашуда негізгі индустриялық серіктес болған «Қазфосфат» ЖШС химия саласына қажетті білікті кадрлар даярлауға қызығушылық танытуда. Ал «Нұржанар» ЖШС басшысы Рустам Ахметов жұмысшы мамандар тапшылығы басты мәселе деп атап өтті. Оның айтуынша, білікті слесарь мен электриктерді табу өте қиын. Еңбек нарығында бұл мамандар тапшы, бірақ оларға қойылатын талап күшейіп келеді. Жастардың өндіріс орындарында жұмыс істегісі келмейтіні де мәселе екенін алға тартты. Ол оқу орнында берілетін білім мен тәжірибенің арасында айырмашылық барын да тілге тиек етті.
Іс-шара барысында профессор, Қазақстан инновациялар және технологиялық жүйелер университетінің цифрландыру жөніндегі проректоры, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының (РАЕН) шетелдік мүшесі, халықаралық цифрлық технологиялар, сәулет және құқық колледжінің директоры Жанар Досқазиева, Ю. Гагарин атындағы Саратов мемлекеттік техникалық университетінің халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Татьяна Касаева және екі елдің өзге де өкілдері ойларын ортаға салып, тәжірибелерін бөлісті.
Іскерлік кеңес соңында келісімшартқа қол қою рәсімдері өтті. Қазақстан Республикасында «Орынбор поликарбоксилат зауыты» ЖШС-ның еншілес компаниясын «Superplasticizer» ЖШС ұйымдастырушылық-құқықтық нысанында құрудағы өзара түсіністік, «Шағын және орта бизнесті дамыту жөніндегі федералды корпорация» АҚ мен «Қазақстанның сыртқы сауда палатасы» ЖШС арасындағы өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумдарға қол қойылды. Сондайақ енді облыстық кәсіпкерлер палатасы мен Орынбор облысының саудаөнеркәсіп палатасының арасында да өзара ынтымақтастық жөніндегі құжат бар.
Халықаралық іс-шара барысында қос елдің бизнес өкілдері іскерлік байланыс орнату үшін бас қосты. «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ атқарушы директоры Берік Ахметовтың айтуынша, ұйым отандық экспорттаушыларға сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттігін арттыруға жәрдемдеседі. Сонымен бірге әлеуетті экспорттық нарықты іздестіруге, олардың тауарлары мен қызметтерін сыртқа шығаруға кеңес береді, сауда саласына зерттеулер жүргізіп, сыртқы нарықты талдайды. Осы іскерлік байланыс барысында Абай облысының «Кондиз» ЖШС компаниясы Ресейдің Қазан қаласындағы (Татарстан) «Болашақ» ЖШҚ-мен өз өнімдерін жеткізу туралы меморандумға қол қойды. Абай облысы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Рахимбековтің айтуынша, бұл келісім облыста өндірілетін кондитерлік өнімдердің жаңа нарыққа шығуына мүмкіндік беріп, өңіраралық ынтымақтастықты нығайтады. Абайлық тәттілер енді Қазан тұрғындарына да қолжетімді болады.
Форум аясында «Цифрлық экономика және жасанды интеллект: технологиялық серпіліс үшін мамандар даярлау», «Энергетика және өнеркәсіп: жаңа экономикаға қажетті жаңа құзыреттер», «Көлік және логистика – жұмысшы кадрлар транзиттік экономиканы дамытатын қозғаушы күш», «Агроөнеркәсіптік кешен – азық-түлік қауіпсіздігіне қажетті кадрлар және технологиялар» деген тақырыптарда панельдік отырыстар өтті.
Мысалы, көлік және логистика саласына арналған жиында ірі инфрақұрылым жобалары (теміржолдар, аутомобиль жолдары, порттар), кадрларды даярлау үшін қажетті шаралар айтылды. Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының аймақтары арасында көлік мамандарын даярлауда тәжірибе алмасу да сөз болды.

– Қазақстанда былтырғы оқу жылында 143 мың студент оқуға түссе, биыл 145 мыңнан астам студент қабылданды. Жалпы елімізде 700-ден астам колледж бар, оларда 550 мың студент білім алып жүр. Оның 45 мыңдайы көлік саласының мамандықтарына оқиды. Жыл сайын олардың 15 мыңға жуығы оқу бітіреді. Еліміздегі өндіріс орындары мен кәсіпорындар кадр даярлауға бет бұрып келеді. Жұмысшы мамандықтардың біліктілігін игеруге де қызықтыру бағытында іс-шаралар атқарылып жатыр. Колледж студенттерінің стипендиясы екі есе өсіп, 40 мың теңгеден асты. Егер үздік оқыса, шәкіртақыға үстемеақы қосылады. Жатақханалар тегін берілуде. Министрлік еңбек нарығындағы кадр тапшылығын біледі. Бұл кемшілікті жою үшін колледждерге мемлекеттік тапсырыс көбейтіліп, оқу мерзімдері қысқартылуда. Студент колледжге түсер кезде әр мамандық бойынша оқу бағдарламалары жасалады. Оны дайындауға жұмыс беруші де атсалысады. Яғни жұмыс беруші колледж басшылығына өзіне қажет маманның қандай дағдыларды игеру керек екенін айтады, соған сай оқу бағдарламасы жасалады. Нәтижесінде жас мамандарды даярлау жеделдетілді. Бір мамандықты төрт жыл бойы оқудың қажеті жоқ. Жұмысшы біліктілігін игерген студент кәсіпорынға сол біліктілік дипломымен де орналаса алады. Қазір елде 18 мың кәсіпорын дуалды оқыту жүйесіне қатысуда. Оларда колледж студенттерінің 30%-ы оқып жүр. Жыл сайын кем дегенде 150-160 мың студент кәсіби білім алып шығады. Колледж түлектерінің 81%-ы жұмысқа орналасады. Қазір технология қарыштап дамып жатыр. Жасанды интеллект қолданысқа енуде. Жаңа аутоматтандырылған жүйелер іске қосылуда. Сондықтан инженерлік ойлау қабілеті жоғары маманға сұраныс артып келеді, – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Әсет Мұханбетов.
В. И. Разумовский атындағы Саратов мемлекеттік медициналық университетінің ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Александр Федонниковтің айтуынша, биыл «Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжі» ЖШС-мен өзара әріптестік жөнінде келісімге қол қойылған. «Astana IT University» ЖШС проректоры Сапар Тоқсанов Қазақстанның цифрлық экономикасына көшбасшылар даярлау жөнінде айтты. Ол терең білім мен тың технологияны көшбасшылық қасиетпен ұштастыру қажет екенін атап өтті.
«Агроөнеркәсіптік кешен – азық-түлік қауіпсіздігіне қажетті кадрлар және технологиялар» тақырыбындағы панельдік отырыста жастарды ауыл шаруашылығына тарту және ауыл шаруашылығы мамандықтарының беделін көтеру мәселелері талқыланды.
– Біздің өңір сүт, күнбағыс майы, бал өндіру бойынша республикада бірінші орын, ал ет өндіруден екінші орын алады. Қазір ауыл шаруашылығы мамандарына сұраныс жоғары. Сондықтан Шығыс Қазақстан көпсалалы колледжі аймақтың агроөнеркәсіптік кешені үшін мамандарды белсенді түрде даярлауда. Агрономия және ауыл шаруашылығын механикаландыру мамандықтарына оқыту үрдісі ерекше тәсілдерді қолдануды қажет етеді. Сондықтан көктемгі және күзгі далалық жұмыстар кезінде колледжде дрон мен метеостанция қолданылады. Студенттердің тәжірибелік сабақтары тиімді болуы үшін әкімдіктің қолдауымен John Deere дән себетін техника кешені сатып алынды. Колледжде 600 гектар жер бар. Студенттер ол жерде теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде жетілдіріп, жұмыс істейді. Осылайша, IT технологиялар оқушылардың заманауи агроном, техник немесе фермер үшін қажетті практикалық дағдыларын дамытуға көмектеседі. Біздің колледж кәсіпорындармен дуалды оқыту жөнінде 35-тен астам келісімшартқа қол қойды. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарымен ынтымақтастығымыздың аясында колледжге 10 миллион теңгеден астам қаражатқа жабдықтар сатып алынды, – деп баяндады «Шығыс Қазақстан көпсалалы колледжі» МКҚК директоры Оралбек Оспанов.
Ресейдің Белгород облысынан келген Светлана Рожкова «Корочан ауыл шаруашылығы техникумы» аймақтық мемлекеттік автономды кәсіби білім беру мекемесі туралы мәлімет берді. Оның сөзінше, колледжде жұмыс беруші білім беру бағдарламаларын әзірлеуге және цифрлық білім беру мазмұнын енгізуге, сондай-ақ мемлекеттік қорытынды аттестаттауды демонстрациялық емтихан түрінде өткізуге қатысады. Ал сарапшылар 100% жұмыс берушілердің өкілдері болады. Зәкірлік жұмыс берушінің көмегімен оқу орнының материалдық-техникалық базасы жақсарған. Соңғы бес жылда жұмыс беруші ол үшін 364 млн рубль бөлген. Бес шеберхана ашылған. Екі фабрика-зертхана жұмыс істейді. «Энергетика және өнеркәсіп: жаңа экономикаға қажетті жаңа құзыреттер» тақырыбындағы панельдік сессияға екі елдің салалық және жетекші кәсіпорындардың өкілдері қатысты. Олар өндірістік кооперацияны кеңейту, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, кадрлық әлеуетті арттыру мәселелерін талқылады. Бәсекеге қабілетті мамандар даярлау мен технологиялық шешімдерді енгізудің маңыздылығына да тоқталды.
Форум аясында Тұңғыш Президент алаңында аудандар ақ шаңқан киіз үйлер тікті. Ұлттық ойындардан жарыс және ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды.
Ясипа Рахимқызы,
«Орал өңірі»