8.01.2023, 11:27
Оқылды: 54

Қазақстан – хоккейден 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізуден екі үміткердің бірі

Норвегия шайбалы хоккейден 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізу туралы өтінішін қайтып алды, үміткерлер – Германия мен Қазақстан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

230107234138115e

Сhampionat.com сайтынан алынған мәліметке қарағанда, Норвегия хоккей қауымдастығы (NIHF) аталмыш доданы өткізуден ресми түрде бас тартқан.

Мұндай шешім Норвегия үкіметі тарапынан қаржы бөлінбеуіне байланысты қабылданған. Елдің мәдениет министрлігі турнирді Берум мен Тронхеймде өткізуді қарастырған өтінімді қаржыландырудан бас тартқан.

Норвегия бұдан бұрын шайбалы хоккейден 1999 жылғы әлем чемпионатын қабылдаған болатын.

Норвегия хоккей қауымдастығы мұндай шешімге өкініш білдіре отырып, алдағы уақытта қаржыландыру мәселесін әріптестерімен бірге шешуге мүдделі екендігін мәлімдеді. 2028 жылғы біріншілікті өткізу жөнінде жаңа өтінім беру бағытында жұмыс басталады.

Германия мен Қазақстан 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізу құқығын иелену жолындағы күресті жалғастырады. Халықаралық шайбалы хоккей федерациясы аталған біріншіліктің иесін 2023 жылғы мамыр айында өтетін конгресінде анықтайтын болады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қысқы универсиадаға қатысатын Қазақстан хоккей құрамасы анықталғанын жазған болатынбыз.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале