Қазақстанның 16 жасқа дейінгілер арасында қыздар құрамасы Испанияның Кордова қаласында өткен Billie Jean King Juniors Finals турнирінің қорытындысы бойынша үздік ондыққа кірді. Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл 16 жасқа дейінгілер арасындағы қыздар үшін алғашқы командалық әлем чемпионаты еді.
Қазақстандықтар алдымен В тобында үшінші орынға ие болды. Бастапқы матчта Аргентина құрамасын 2:1 есебімен ұтқанымен, Бразилия мен Ұлыбританияға жол берді.
Қосымша жарыста Қазақстан құрамасы Алжирді айқын басымдылықпен тізе бүктірді – 3:0. Содан кейін Колумбия мен Латвияны 2:1 есебімен жеңді.
Осылайша, Марат Шәріповтің шәкірттері әлемнің үздік 16 командасының арасынан 9-орынға табан тіреді.
Дүниежүзілік додада ел намысын Полина Слепцова, Анастасия Крымкова және Іңкәр Дүйсебай қорғады. Команда капитаны Марат Шәріпов.