Индонезияда өтіп жатқан Азия ойындарында қазақстандық спортшылар ел қоржынына тоғызыншы алтын медальды салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ұлттық олимпиада комитетіне сілтеме жасап.
Бүгін, 30 тамыз күні (сағат 07.30-да) Жакартада каноэ мен байдаркада ескек есуден финалдық кезеңдер басталды. 500 метрге жарысуда Қазақстан командасы мәре сызығын бірінші болып кесіп өтіп, «алтынға» қол жеткізді.
Бұл сында ел намысын қорғаған Илья Голендов, Сергей Токарницкий, Евгений Алексеевтердің қатарында батысқазақстандық байдаркашы Алексей Дергунов та болды. Спортшыларымыздың уақыт көрсеткіші - 1.24.203. Күміс жүлде - Оңтүстік Корея (1.25.313), қола жүлде Иран (1.26.939) құрамасының еншісінде.
Қазақстан құрамасы үшін бұл Азия ойындарындағы 52-інші медаль, оның 9 - алтын, 9 - күміс және 34 - қола. Көш басында жарыстың алғашқы күнінен бері Қытай құрамасы келеді. 29 тамыздағы көрсеткіш бойынша, олардың еншісінде 102 алтын, 67 күміс, 50 қола (219) медаль бар. Екінші орынға 52 алтын, 47 күміс, 63 қола (162) медальмен әзірге жапониялықтар орналасып отыр. Үшінші орында 37 алтын, 42 күміс, 50 қола (129) медальмен - Оңтүстік Корея.
zhaikpress.kz