Елімізде алдағы жылдары мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы бірсыпыра жаңа әлеуметтік объекті ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Әлеуметтік саладағы МЖӘ-ні дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы қаулыға қол қойды.
Аталған құжат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға жеке инвестициялар тарту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында қабылданды.
Кешенді жоспарда жобаларды сметалық құнының 30%-ы көлемінде мемлекет тарапынан қоса қаржыландыру көзделген.
Қалған 70%-ын жеке серіктес тартуы керек.
Жоспарда жоғары білім, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, спорт және білім беру салалары бойынша жалпы 43 объект қамтылған.
Құрылыстан кейін жеке серіктестер 10 жыл бойы техникалық қызмет көрсетуді басқарып, қамтамасыз етеді.
Ал объектілер пайдалануға берілгеннен кейін мемлекеттік меншікке өтеді.
Мәселен, 7,9 мың орынға арналған студенттік 9 жатақхана салу жоспарланып отыр.
Жаңа 3 емхана мен 3 оңалту орталығын ашу көзделіп отыр.
Спорт саласында жаңа 8 спорт залын іске қосу жоспарланған.
Білім беру жүйесінде 5 оқу-сауықтыру орталығын, 5 оқушылар сарайын және 10 өнер мектебін салу бойынша жобалар іске асырылады.
Барлық бағыт бойынша жаңа объектілердің жалпы құны 261 млрд теңгеден асады.