1.02.2022, 10:00
Оқылды: 46

Қазақстанда 70 мыңнан астам отбасы тұрғын үй жалдау ақысына субсидия алады

Тұрғын үй жалдау ақысын бюджет есебінен субсидяилау шарасы 10 жылда 500 мыңнан астам қазақстандықтың баспана мәселесін шешеді. ҚР Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Үкімет отырысында осындай мәлімет келтірді, хабарлайды ҚазАқпарат.

200425162302849e

«Азаматтардың әл-ауқатын жақсарту мемлекеттік саясаттың ең маңызды міндеті болып табылады. Осы міндетке жетудің басым бағыттарының бірі – ол тұрғын үйдің қолжетімді болуы. Жалпы құрылыс саласы жыл сайын оң динамика көрсетіп, өсіп келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 17,1 млн шаршы метр үй салынды. Тұрғын үй құрылысына шамамен 2,4 трлн теңге инвестиция тартылды. Соған қарамастан, қарапайым азаматтардың басым бөлігінің баспанаға қолы жетпей жүр», - деді Үкімет басшысы. Оның сөзіне қарағанда, жыл сайын үй кезегіне тұрғандардың саны көбейіп жатыр.

«Осыған орай Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тұрғын үй саясатының жаңа тәсілдері әзірленді. Мұнда «Отбасы банкке» ерекше роль беріледі. Ол баспанаға мұқтаж адамдардың кезегін қалыптастыру және оларға жеңілдікті тұрғын үйлерді сату бойынша бірыңғай оператор болады», - деген Әлихан Смайылов азаматтарға үй сатып алу үшін зейнетақы жинақтарының бір бөлігін «Отбасы банкіндегі» депозиттерге салу мүмкіндігі берілгенін еске салды.

«Заңнаманы реформалау аясында тұрғын үйді кірісіне қарай сату, арендалық төлемдердің бір бөлігін субсидиялау және ауылды жерлерде тұрғын үй салу механизмдері енгізіледі. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, арендалық төлемнің бір бөлігін субсидиялау механизмін енгізу туралы шешім қабылданды. Шамамен баспанаға мұқтаж 70 мыңнан астам отбасы осы механизммен қамтылады. Олар жалдау ақысынан үнемделген қаражатты үй сатып алуға жинай алады. Жалпы жаңа тәсілдер 10 жыл ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған жарты миллионнан астам адамның баспана мәселесін шешуге және мемлекеттік қолдаудың әділетті, ашық әрі қолжетімді жүйесін жасауға мүмкіндік береді», - деді Премьер-Министр.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале