11.11.2021, 12:29
Оқылды: 36

Қазақстанда 9 су тұщыту зауыты салынады

Қазақстанда 9 су тұщыту зауыты салынады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Aktau-su

«Еліміздің солтүстік бөлігінде, әсіресе географиялық тұрғыда тұщы су көздері жоқ Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарындағы ауылдарды ауыз сумен жабдықтау негізінен топтық су құбырлары есебінен жүргізіледі. Халыққа сапалы сумен жабдықтау қызметін көрсету үшін тозығы жеткен топтық су құбырларын жаңарту қажет», - деді ол Мәжілістегі дөңгелек үстел барысында.

Мәселен, бірінші вице-министрдің айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысының бірқатар ауылын сумен қамтып отырған топтық су құбырлары 1961-1978 жылдары салынған және жаңартуды талап етеді. Ал Маңғыстау облысының тұрғындары «Астрахан-Маңғышлақ» су құбырының және тұщытылған теңіз суын қолданып отыр. Ал олардың жиынтық қуаты тәулігіне шамамен 150 мың текше метр ғана.

«Жаз мезгілінде ауыз ту тапшылығы байқалады және ол тәулігіне 51 мың текше метрді құрайды. Өңірдің даму деңгейін ескерер болсақ, 2025 жылға қарай су қажеттілігі тәулігіне 250-260 мың текше метрге жетеді. Бұл мәселерді шешу үшін алдын ала болжамды құны 247 млрд теңгеден асатын 9 су тұщыту зауытын салуға бағытталған ірі жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр», - деді Қайырбек Өскенбаев.

Сурет: bing.com

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале