22.06.2026, 17:00
Оқылды: 7

Қазақстанда аналарға қандай төлемдер беріледі? Толық тізім

Соңғы күндері әлеуметтік желілер мен түрлі ақпараттық пабликтерде Қазақстанда курьер болып қосымша жұмыс істейтін аналарды әлеуметтік төлемдерден айыру жоспарланып отырғаны туралы ақпарат тарады. Алайда бұл мәлімет шындыққа сәйкес келмейді, деп хабарлайды BAQ.KZтілшісі.

Ақша JP

Сурет: сайт архивінен

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсіндіруінше, бала күтімімен айналысатын жұмыс істемейтін ата-аналарға республикалық бюджеттен бала 1,6 жасқа толғанға дейін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төленеді. Бұл төлемдер ешқандай қосымша шартсыз тағайындалады және ата-ананың кейін жұмысқа орналасуына қарамастан, бала 1,5 жасқа толғанға дейін толық көлемде беріледі.

Ал ресми түрде жұмыс істейтін және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын ата-аналарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан табысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем төленеді. Оның мөлшері бала дүниеге келгенге дейінгі соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 пайызы көлемінде есептеледі.

Әлеуметтік кодекске сәйкес мұндай төлемдерді тоқтату тек алушының өз еркімен өтініш беруі арқылы ғана жүзеге асырылады.

Осыған байланысты мемлекеттік органдар бұқаралық ақпарат құралдарын, блогерлер мен паблик әкімшілерін ресми ақпаратты жариялау кезінде азаматтарды жаңылыстыратын тақырыптар мен тұжырымдардан аулақ болуға шақырды.

Әлеуметтік төлемдер төңірегіндегі түсінбеушіліктерден кейін BAQ.KZ Қазақстандағы аналар мен балалы отбасыларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларына шолу жасады.

Қазақстанда аналарға қандай төлемдер беріледі?

Қазақстанда ана мен баланы қолдау мақсатында бірнеше мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік төлем қарастырылған. Олардың басым бөлігі республикалық бюджеттен төленеді және белгілі бір жағдай туындаған кезде тағайындалады.

Ең алдымен бала дүниеге келген кезде біржолғы жәрдемақы төленеді. Қазіргі таңда бірінші, екінші және үшінші бала туған жағдайда отбасы 164 350 теңге алады. Төртінші және одан кейінгі балаларға 272 475 теңге көлемінде төлем беріледі.

Сонымен қатар бала бір жарым жасқа толғанға дейін күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы төленеді.

Қазіргі мөлшері:

  • бірінші балаға – 24 912 теңге;
  • екінші балаға – 29 454 теңге;
  • үшінші балаға – 33 952 теңге;
  • төртінші және одан кейінгі балаға – 38 493 теңге.

Егер анасы бала туғанға дейін жұмыс істеген болса, төлем республикалық бюджеттен емес, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан оның табысына қарай есептеледі.

Мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларға қандай қолдау көрсетіледі?

Егер отбасында мүгедектігі бар бала тәрбиеленсе, ата-анасына ай сайын арнайы жәрдемақы төленеді.

Қазіргі таңда оның мөлшері 81 871 теңгені құрайды. Бұл төлем бала 18 жасқа толғанға дейін беріледі.

Көпбалалы отбасылар қанша алады?

Қазақстан заңнамасына сәйкес төрт және одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар отбасы көпбалалы отбасы болып саналады.

Мұндай отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшері бала санына қарай белгіленген:

  • 4 балаға – 69 330 теңге;
  • 5 балаға – 86 673 теңге;
  • 6 балаға – 104 мың теңгеден астам;
  • 7 балаға – 121 мың теңгеден астам.

Ал сегіз және одан көп баласы бар отбасыларға әр бала үшін шамамен 17 300 теңгеден төленеді.

Сонымен қатар алты бала тәрбиелеген аналарға «Күміс алқа», жеті және одан көп бала туған аналарға «Алтын алқа» табысталады.

Қазіргі таңда:

  • «Алтын алқа» иегерлеріне – 32 005 теңге;
  • «Күміс алқа» иегерлеріне – 27 680 теңге көлемінде ай сайынғы жәрдемақы төленеді.

Бұл төлемдер балалардың жасына қарамастан өмір бойы беріледі.

Жәрдемақы алу үшін құжат жинау қажет пе?

Қазіргі таңда мемлекеттік жәрдемақылардың басым бөлігі проактивті форматта тағайындалады.

Бала дүниеге келгеннен кейін жүйе автоматты түрде ата-ананың телефонына SMS-хабарлама жібереді. Егер анасы келісімін берсе және банк шотын көрсетсе, төлем автоматты түрде рәсімделеді.

Сол сияқты «Алтын алқа» немесе «Күміс алқа» алған аналарға да ақпараттық жүйе арқылы хабарлама келіп, жәрдемақы автоматты түрде тағайындалады.

Бұрынғыдай ХҚКО-ға барып, құжат жинаудың қажеттілігі көп жағдайда жойылған.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале