ҚР Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында АӨК қаржыландырудың жаңа тәсілдері туралы айтты.
Суреттер: Үкімет
Ол биыл көктемгі егіс жұмыстарына жеңілдетілген несиелер көлемі алғаш рет 3 еседен астамға артып, 580 млрд теңгеге жеткенін хабарлады. Осылайша, фермерлерге 5%-бен несие алуға мүмкіндік берілді. Сонымен қатар қайта өңдеу кәсіпорындарын айналым қаражатымен қамтамасыз ету үшін жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы іске қосылды.
«Қаржыландырудың жаңа тәсілдері келесі жылы да жалғасады. Екінші деңгейлі банктер арқылы арзан қарыз алудың жаңа тетігі енгізіледі», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Жалпы, осы тетіктің арқасында егіс жұмыстарын қаржыландыру көлемі 700 млрд теңгеге дейін, ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдікті лизингі 200 млрд теңгеге дейін ұлғайтылатын болады.
«Тауарлық субсидиялардан жеңілдетілген несиелеуге біртіндеп көшу жоспарлануда. Толық көшу 2028 жылдың соңына дейін жүзеге асырылады», — деп түйіндеді Серік Жұманғарин.