16.09.2021, 22:46
Оқылды: 52

«Қазақстанда әркім маңызды!»

Елімізде 1 қыркүйектен бастап «Қазақстанда әркім маңызды!» деген ұранмен  ұлттық халық санағы басталды. Тәуелсіздік алғалы бергі 30 жыл ішінде халық санағы үшінші мәрте өткізілуде. 

0001

Алдағы ұлттық халық санағы Қазақстан Республикасы  халқының  нақты жағдайын айқындап қана қоймай, демографиялық, әлеуметтік және саяси өмірдің көптеген аспектісі бойынша елдегі жағдайды болжауға мүмкіндік береді. Халық  санағы – белгілі бір уақыт шеңберінде демографиялық, экономикалық, әлеуметтік сипаттағы ақпаратты жинау, өңдеу, жариялау, тарату мақсатында жүргізілетін жалпыұлттық статистикалық сараптау саналғанымен, оның ауқымы әлдеқайда кең. Оның қорытындысы мемлекеттің стратегиялық даму бағытын айқындауға, басқарушылық шешімдер шығару үшін қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің үшінші отырысында ұлттық санақты ұйымдастыру мәселесін айта келе, халық санағы тұрғындардың нақты санын, оның жас және гендерлік құрамын, урбанизация деңгейін, табыс көлемі мен басқа да маңызды деректерді анықтап, дәйекті әрі  маңызды шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретінін атап өткен болатын. Сондық­тан барды бағамдайтын, кем-кетігімізді айқындайтын маңызды науқанға атүсті қарауға болмайды.

Халық санағы барысында алынған статистикалық деректер барлық деңгейдегі бюджетті  объективті қалыптастыруға негіз болады. Экономиканы дамыту және бағдарламаларды жоспарлау үшін халық санағының ақпараттары құрылыс салу және тұрғын үй бөлу, демографиялық және көші-қон  процестерін, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала және жұмыс орындарын құру бойынша бағдарламаларды әзірлеуде көмектеседі. Халық санағы жұмыс орындарының, еңбек ресурстарының толық бейнесін береді, ал бизнес үшін маңызды және нақты соңғы тұтынушы туралы толық сипаттама береді. Халық санағына қатысқан әрбір азамат мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаларын жоспарлауға және әзірлеуге салмақты үлес қосады.

Халық санағы қалай өтеді?

Санақты өткізу үрдісін аутоматтандыру және оған заманауи сандық технологияларды енгізу – биылғы ұлттық санақтың басты жаңалығы. Халықтан  деректерді  жинау жұмысы екі жолмен жүргізіледі. Бірінші жолы - sanaq.gov.kz мамандандырылған веб-сайтында виртуалды көмекшінің көмегімен онлайн-сауалнама жүргізу респонденттерге олардың орналасқан жеріне қарамастан, өз бетінше халық санағын аяқтауға, өздеріне және отбасы мүшелеріне сауалнамалар толтыруға мүмкіндік береді. Сайт 2021 жылдың 1 қыркүйегі мен 15 қазаны аралығында тәулік бойы жұмыс істейді. Санақтан қосымша Aitu Messenger отандық мобильді қосымшасы арқылы өтуге болады. Бұдан басқа egov.kz электрондық Үкімет сайтының басты бетіндегі sanaq.gov.kz сілтемесі арқылы өтіп, онлайн режімде санақ парақтарын  толтыруға болады.

Екінші жолына келсек, онда санақты онлайн режімде өтпеген респонденттер арасында санитарлық талаптарды сақтай отырып, жалпылама түрде электронды планшетпен интервьюерлер өткізеді. Интервьюерлердің жаппай халықты аралау кезінде электронды планшеттерді қолдануын жаңашылдық дер едік. Мұның өзі  деректерді жинау кезінде санақ қызметкерлерінің еңбек шығындарын және адами фактордың деректер сапасына әсерін азайтады,  ЖСН-ді қолдана отырып, халық санағы деректеріне сенімділік деңгейін арттыруға, қағаз бен кеңсе тауарларын үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ санақтың бұл түрі интервьюерлерге ыңғайлы. Осы әдіспен бастапқы деректерді аутоматты түрде енгізу және оларды республикалық деңгейде өңдеу қамтамасыз етіледі, сонымен қатар деректерді жинау және өңдеу үрдістері өте тиімді болады. Планшетке арналған мобильді қосымша әзірленді, ол интервьюерге барлық арифметикалық және логикалық бақылауды ескере отырып, сауалнама жүргізуге және сауалнама аяқталғаннан кейін алынған мәліметтерді VPN арнасы арқылы тікелей жалпы базаға жедел жіберуге мүмкіндік береді.

Үй аралап, санақ жүргізу биыл 1-30 қазан аралығында өтеді.

31 қазаннан 7 қараша аралығында бақылау жұмыстары жүргізіледі, респонденттердің 10%-ын аралап, деректердің қамтылуы мен дәйектілігі тексеріледі. Санақ кезінде деректер жинау үшін сәйкестендіргіш ақпарат ретінде сауалнамаға қатысушының ЖСН-ы қолданылады. Бұл ақпараттың қайталануын болдырмауға мүмкіндік береді.

Санақта кім есепке алынады?

Еліміздегі халық санағын өткізу кезінде есепке алынатындар:

– Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты (әдетте) тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар;

– Қазақстан Республикасының мемлекеттік билік құрылымдарының желісі бойынша қызметтік міндеттерін (дипломатиялық корпус) орындаумен немесе ұзақ мерзімді қызметтік ісссапармен, оқуға («Болашақ» халықаралық білім беру бағдарламасы бойынша оқитындармен қоса) байланысты 12 ай және одан көп мерзіммен шетелде жүрген Қазақстан Республикасының азаматтары (олармен бірге жүрген отбасы мүшелерін қоса);

– Тұрақты тұратын жері басқа елде, бірақ халықты есепке алу сәтінде Қазақстан Республикасының аумағында уақытша (12 айдан аз) жүрген шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар және Қазақстан Республикасының азаматтары.

Қанша сұрақ қойылады?

Халық санағын өткізу үшін 91 сұрақтан (69 сұрақтан және 22 нақтылаушы) тұратын санақ парақтары әзірленді. Онда  үй шаруашылығындағы адамдар саны, тұрғын үй жағдайы сияқты дәстүрлі сұрақтар бар. Сонымен қатар респонденттің орналасқан жері, өмір шектеулері туралы, мысалға көздің көруінің, есту, еске сақтау қабілетінің, зейіннің шоғырлануы және жүру қабілетінің қиындықтары туралы басқа да жаңа сұрақтар енгізілді. Негізгі сұрақтардан басқа тілді білуі, отбасылық жағдайы, бала  туу және жұмыспен қамту бойынша сауалдар енгізілді. Біріккен Ұлттар Ұйымының Вашингтон тобы мүгедектік статистикасы бойынша халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге, халық санағын өткізу кезінде қолдануға жарамды мү­гедектік критерийлеріне бағытталған жаңа сұрақтар енгізілген.

Санақ парақтары: 1-ПП «Тұратындар және (немесе) келушілер тізімі», 2-Ж «Тұрғын үй жағдайлары» барлық үй шаруашылықтарында (отбасы) тұратын адамдарға толтырылады, 3-И «Жеке» санақ парағы үй шаруашылығының әрбір мүшесіне (отбасы) толтырылады.

Азаматтар интервьюерді қалай таниды?

Ұлттық санақты өткізуге қатысушы интервьюерде бейдж болуы тиіс. Онда оның фотосуреті, аты-жөні, берілген күні және қолданылу мерзімі көрсетіледі. Сонымен қатар аумақтық статистика құрылымының мөрі басылған куәлігі болуы тиіс. Интервьюерді халық санағының символикасы басылған көк түсті шарфынан, қолындағы халық санағының символикасы басылған көк түсті портфелінен және электрондық санақ парақтары бар планшетінен тануға болады.

Интервьюерлердің куәліктерінің нөмірін және оның жеке басын sanaq.gov.kz сайты арқылы тексеруге болады. Егер де азаматтарда қандай да бір сұрақтар туындаса, олар 1446 немесе 88000800878 номері бойынша тегін хабарласып, жауап алуына болады.

Интервьюерлікке қалай қабылданады?

Санаққа бастамашыл, жа­уапты, тез тіл табысатын, компьютермен жұмыс істей алатын, кәмелетке толған, СOVID-19-ға қарсы вакцина алған азаматтар тартылады.  Еңбек  өтілі  мен кәсіби біліміне талаптар қойылмайды. Арнайы құрылған комис­сия интервьюерлерді іріктеуді әңгімелесу арқылы жүзеге асырады. Санақ персоналдарымен ақылы қызмет көрсету бойынша келісімшарттар жасалады. Сонымен қатар құпия деректерді үшінші тұлғаларға жария етпеу туралы келісім жасалады. Осы талаптарды бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылады. Интервьюердің халықтан алған деректері сауалнама аяқталғаннан кейін шифрланады және қорғалған байланыс каналы арқылы ұлттық статистика бюросының орталық серверіне жолданады.

Санақ қорытындысы жариялана ма?

2021 жылдың желтоқсанында ұлттық санақтың қорытындысы және жалпы халықтың саны бойынша жедел деректер дайындалады. 2022 жылы алдын ала қорытынды және 2023 жылы  Қазақстан Республикасының ұлттық санағының соңғы қорытындысы жарияланады. Санақ 10 жылда бір өтеді және мемлекеттік басқарудың әр түрлі деңгейлерінде шешім қабылдауда, жоспарлауда маңызды рөл атқарады. Мемлекеттіміздің болашағы біздің азаматтарымыздың жауаптарының  шынайылығына байланысты деп айтуға болады. Барлық азаматты еліміз үшін маңызды статегиялық іс-шараға белсенді қатысуға шақырамын. Өйткені «Қазақстанда әркім маңызды!».

 

Болтай ӘЛІМБАЕВА,

Ұлттық статистика бюросының

Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале