Автокөлік жолдарының оң жақ жиегінде электр самокаттарымен 14 жасқа толған балаларға жүруге рұқсат берілуі мүмкін. Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев электр самокаттардың қозғалысына рұқсат етілетін жолдарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін елордада өткен баспасөз мәслихатында тілшілер Ж.Мұратәлиевтен жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан асатын электр самокаттарын басқаратын адамдардан жүргізуші куәлігін талап ету мүмкіндігіне қатысты сұрақ қойды. «Оларға жүргізуші куәлігі керек емес. Себебі велосипедпен жүретіндерден де осындай құжатты талап етпейміз. Электр самокат стандартын енгізгеннен кейін, біз жол ережесінде де тиісті өзгерістерді ескереміз. Онда самокатпен қай жерде жүргуге болатынын, балалар қай жастан бастап оны басқара алатынын белгілейміз. Электр самокаттарының саны күрт артуына орай лайықты жолдар да салына бастайды», - деді комитет басшысының орынбасары. Оның айтуынша, автокөлік жолдарының оң жақ жиегінде электр самокаттарымен 14 жасқа толған балаларға жүруге рұқсат берілуі мүмкін.
«Автөлік жүргізушілері де электр самокатпен жүретін адамдардың қауіпсіздігін назарға алуы керек. 14 жасқа толмаған баланың электр самокатпен автокөлік жолдарына шығуына рұқсат бермейміз. Мұндай деректер тіркелсе, полиция шара қолданады. 14 жасқа толмаған бала саябақ ішінде, көшеге шықпайтын орындарда жүре алады», - деді комитет басшысының орынбасары. Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанда электр самокаттарды пайдаланудың ұлттық стандартының жобасы әзірленді. Аталған стандарт самокаттардың жылдамдығы мен басқа да қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін реттейді. Осы орайда бұл құрылғыларда міндетті түрде жарық шамдарының болуы сияқты талаптар ескеріледі. Осы стандарттың аясына жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан аспайтын электр самокаттары қамтылады. Жандос Мұратәлиев жыл сайын электр самокаттарына қатысты жол-көлік оқиғаларының саны артып келе жатқанын айтты.
Сонымен қатар ол самокаттардың жаяу жүргіншілер жолағымен қозғалғанына қарсы екенін айтты.