ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі ведомство басшысы Нұржан Нұржігітовтің Ислам даму банкінің президенті Мұхаммед Сулейман Әл-Джассермен кездескенін хабарлайды.

Фото: gov.kz
Тараптар халықаралық қаржы ұйымының қолдауымен Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан жобалардың барысын және алдағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Атап айтқанда, бірлескен «Климатқа төзімді су ресурстарын дамыту» жобасының алғашқы кезеңі қаралды. Бүгінде барлық ұйымдастыру жұмысы толық аяқталып, халықаралық консультанттар айқындалды. Сонымен қатар ирригация каналдарын реконструкциялауға бағытталған 88 жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталып, су қоймаларын салу және жаңғыртумен айналысатын мердігер ұйымдарды іріктеу рәсімдері жүріп жатыр.
Жалпы, Ислам даму банкімен жасалған келісім аясында 4 жаңа су қоймасын салу, қолданыстағы 7 су қоймасын реконструкциялау, сондай-ақ жалпы ұзындығы 2,8 мың шақырымды құрайтын ирригация каналдарын жаңғырту мен күрделі жөндеу бойынша 151 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Министр Нұржан Нұржігітов банктің қолдауымен қысқа мерзімде ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өтіп, Мемлекет басшысы мен Үкімет жүктеген міндеттер бірлескен күш-жігердің арқасында толық орындалатынына сенім білдірді.
Өз кезегінде Ислам даму банкінің президенті Мұхаммед Сулейман Әл-Джассер бірлескен жобалардың сәтті жүзеге асатынын айтты. Ол Қазақстанның су шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға бағытталған бұл бастамалары банктің өзге серіктес елдері үшін де таптырмас үлгі бола алатынын ерекше атап өтті.